Хромтау қаласында қоғамдық тамақтану нысанында газ жарылысы болып, бес адам зардап шекті. Оқиға 19 қаңтар күні шамамен сағат 17:45-те болған, деп жазады Egemen.kz.
Актөбе облысындағы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, ғимаратта ыстық сумен жабдықтауға пайдаланылған газ жабдығы жарылған.
«12 литрлік газ баллонындағы газ-ауа қоспасының кенет тұтануы салдарынан газ бен жалын сыртқа шығып, соның салдарынан ғимарат опырылған», делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Астана маңындағы Жібек Жолы ауылында жылу қазандығы жарылды
Оқиға орнына қатысты бейнежазбалар әлеуметтік желіде тарады. Жарылыс көпқабатты тұрғын үйлердің маңында орналасқан бір қабатты шағын ғимаратта болған. Куәгерлердің айтуынша, жарылыстың күші соншалық, жақын маңдағы бірнеше подъездің терезелері сынған. Жарылыстың өзі де бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Түркістан облысында бір отбасының үш адамы көмірқышқыл газынан уланып қаза тапты
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының дерегінше, аудандық ауруханаға күйік жарақатымен бес адам жеткізілген. Олардың бірі жансақтау бөлімінде жатыр, денесінің шамамен 20 пайызы күйген. Тағы төрт адам травматология бөлімінде ем қабылдап жатыр.
Шымкентте бір отбасының сегіз мүшесі газдан уланды
Қазір оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталып жатыр.