Ақтауда ер адамды соққыға жығу дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Маңғыстау облысының орталығындағы шағынаудандардың бірінде түнгі уақытта ер адам соққыға жығылған. Оқиға сәті түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда екі ер адамның үшінші бір адамды көліктен сүйреп шығарып, жерге құлатып, қолымен және аяғымен ұрып-соққаны көрінеді.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиға 7 қаңтар күні сағат 02:00 шамасында Ақтаудың 38-шағынауданында, №11 үйдің маңында болған.
Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы (бұзақылық) бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Оқиғаға қатысқандардың барлығы – 17 мен 25 жас аралығындағы жастар. Шабуыл жасаған екі адамның бірі – 17 жастағы кәмелетке толмаған. Екінші, кәмелет жасына толған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қазіргі уақытта Ақтау қалалық полиция басқармасының тергеу бөлімі оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу және процессуалдық іс-шаралар кешенін жүргізіп жатыр.