Елімізде 2030 жылға қарай 1000-ға жуық жолаушылар вагоны жаңартылады. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында мәлімдеді. Жоспар бойынша келесі жылдың өзінде 91 жаңа вагон жеткізіліп, бірнеше танымал бағыттар бойынша қатынай бастайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Үкімет басшысының мәліметінше, 2026 жылы қолданысқа берілетін жаңа вагондар келесі маршруттар бойынша бөлінеді:
Астана – Шымкент (№85/86) – екі құрам; Астана – Атырау (№47/48) – екі құрам; Астана – Жезқазған (№65/66) – бір құрам.Сонымен қатар 2026 жылдың сәуір айынан бастап «Қарағанды – Жезқазған» пойызының бағытын Ақтау қаласына дейін ұзарту жоспарланған. Вагондарды жаңарту кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Атап айтсақ, 2026 жылы барлығы 191 вагон, 2027 жылы – 104, 2028 жылы – 105, 2029 жылы – 104 және 2030 жылы 102 вагон пайдалануға беріледі.
Теміржолдан бөлек, әуе қатынасын дамытуға да басымдық берілмек. 2026 – 2028 жылдар аралығында Ақтау қаласынан Қостанай, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, Орал, Петропавл және Тараз қалаларына қатынайтын әуемаршруттарды қолдау үшін қосымша қаржы бөлу көзделген.