Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ пен армян достығы берік, сыйластығы жарасқан халықтар екенін атап өтті, деп жазады Egemen.kz.
Президенттің айтуынша, Астана мен Ереван арасында барлық деңгейде ашық әрі сенімді саяси диалог қалыптасқан. Халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында тығыз, нәтижелі ынтымақтастық жолға қойылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылым-білім саласындағы ықпалдастығы дәйекті түрде дамып келе жатқанына тоқталды.
Сондай-ақ мемлекетаралық байланыстар конструктивті сипат алғанын әрі оны жақ-жақты кеңейтуге айтарлықтай әлеует бар екенін жеткізді.
Мемлекет басшысы бүгін Қазақстан мен Армения арасындағы ынтымақтастықты стратегиялық серіктестік деңгейіне шығаратын тарихи құжатқа қол қойылатынын мәлімдеді.