Бұған балалар арасында суық тию және тұмау ауруларының көбейіп кетуі себеп болып отыр. Қазіргі уақытта облыста 14 жасқа дейінгі 32,8 мың бала ЖРВИ-ға шалдыққан, деп хабарлайды Egemen.kz.
Өңірлік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, эпидемиологиялық маусым басталғалы облыста 51 мың жедел респираторлық вирустық инфекция (ЖРВИ) жағдайы тіркелген. ЖРВИ-ға шалдыққандардың 60 пайызы – балалар. Бір айға жуық уақыт ішінде 32 мыңнан астам жағдай белгілі болған.
Ал А типіндегі тұмаудың 30 жағдайы тіркелген. Ауырғандар арасында 14 бала және 16 ересек адам бар.
Бүгіннен бастап облыстағы кейбір сыныптар қашықтан оқыту форматына ауыса бастаған.
– Облыс бойынша қазіргі уақытта 150 сыныптың оқушылары үйден оқып жатыр. Павлодар қаласында қашықтан оқуға 123 сынып ауыстырылса, Павлодар ауданында – 25, Тереңкөл ауданында 2 сынып осындай форматқа көшті, – деп хабарлады облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметінен.
Павлодар облысы