• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қараша, 2025

Жыл басынан бері 13,2 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

50 рет
көрсетілді

Жыл басынан бері 13 202 этникалық қазақ атажұртқа оралып, қандас мәртебесін алды. Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 161,2 мың этникалық қазақ оралды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, биыл елге келген қандастардың 45,6%-ы Өзбекстаннан, 42,3% – Қытайдан, 4,1% –  Түрікменстаннан, 2,9% – Монғолиядан, 2,6% – Ресейден және 2,5%-ы басқа елдерден.

Ал, 1 қарашадағы жағдай бойынша еңбекке қабілетті жастағы этникалық қоныс аударушылар саны 57,6%-ды, еңбекке қабілетті жастан кіші 33,9%-ды және зейнеткерлер 8,5%-ды құрайды.

«Еңбекке қабілетті жастағы қандастардың ішінен білім деңгейі бойынша 15,2%-ы жоғары білімді, 28,2%-ы орта кәсіби білімді, 50,5%-ы жалпы орта білімді, және 6,1%-ы білімі жоқ. Қоныс аударған этникалық қазақтар республиканың түрлі өңірлеріне қоныстанды. Сонымен бірге, қандастарды қоныстандыру үшін келесідей еңбек күші тапшы өңірлер анықталды: Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары», делінген хабарламада.

Биыл қоныстандыру өңірлерінде қандастарды қабылдау квотасы 2 309 адамға жеткен. 2025 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша қоныстандыру өңірлеріне 1 942 қандас қоныс аударған.

Есеріңізге сала кетейік, жоғарыда аталған өңірлерде қоныстанған қандастарға көшуге субсидия түрінде мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылады – бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (275,2 мың теңге) мөлшерінде; тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге – бір жыл ішінде 15-тен 30 АЕК (59-дан 118 мың теңгеге дейін) мөлшерінде.

Сонымен қатар 2025 жылдың басынан бері 1010 қандасқа түрлі қолдау шаралары көрсетілді, олардың арасынан 313 адам тұрақты жұмысқа орналастырылды.

 

Соңғы жаңалықтар