Айта кететіні, экспортталған барлық өнімнің үштен бір бөлігі, яғни 859,2 млн АҚШ долларын (33,4 %) отандық ауыл шаруашылығы шикізатынан өңделген дайын өнімдер құрап отыр. Осылайша ауыл шаруашылығы саласында қайта өңдеу өнімдерін сату көрсеткіштері өсіп отырғанын көруге болады. Тек, ағымдағы жылдың қазан айында елімізден шет елдерге 102 млн АҚШ долларына дайын өнім сатылған.
Ауыл шаруашылығы шикізатынан өңделген дайын өнім экспортының ең үлкен үлесі ұн (30% - дан астам) және өсімдік майы (15%) сияқты тауарларға тиесілі. Ең көп сатылатын өнімдер қатарына сүт өнімдері, кондитерлік өнімдер, шоколад, макарон және құс еті кіреді.
Сонымен қатар қазақстандық нарықты отандық өндірістік азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету көрсеткіштері 80 пайызды құрап отырғанын атап өту қажет. Тауарлардың кейбір түрлері бойынша Қазақстан жергілікті өнімдермен 100 пайыз қамтамасыз етілген. Бірақ, алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, қант және құс еттері сияқты тауар түрлерінен Қазақстан импортқа тәуелді.