Аймақ басшысы Құмар Ақсақалов өңірге жұмыс сапармен келген “Транснефть-Урал” акционерлік қоғамының бас директоры Тимур Безымянниковты қабылдады.
Кездесу барысында Солтүстік Қазақстан облысы мен аталмыш кәсіпорын арасындағы өзара байланыс мәселелері талқыланды.
Тараптар 2018-2022 жылдарға арналған “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік станциясының өндірістік қуатын қайта құру бағдарламасы шеңберінде атқарылуы тиіс жұмыстардың орындалуына назар аударды. “Транснефть-Урал” акционерлік қоғамының Қазақстан Республикасының аумағында жүргізілетін қайырымдылық шараларына қатысу мәселесі де сөз болды.
Мұндай жоғары деңгейдегі кездесу 2014 жылы “Уралтранснефтепродукт” пен “Транснефть-Урал” акционерлік қоғамдарының бірігуінен кейін бірінші рет өтіп отыр. Қорған мұнай басқармасының “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік станциясы Уфа-Омбы және Уфа-Петропавл магистралды мұнай өнімдері құбыры арқылы мұнай өнімдерін тасымалдауды, “Петропавл мұнай базасы» ШС-не отын жеткізуді, Тәжікстан мен Қырғызстандағы тұтынушыларға жөнелтілетін темір жол вагондарына мұнай құюды қамтамасыз етеді. Бүгіндері “Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік станциясында екі жүзден астам адам еңбек етіп, Уфа-Омбы және Уфа-Петропавл магистралды мұнай өнімдері құбырының 257 шақырымына қызмет көрсетеді. Кәсіпорын жыл сайын екі миллион тоннаға жуық мұнай өнімдерін тасымалдайды.
“Петропавл” желілік өндірістік-диспетчерлік станциясында соңғы жылдары он бір өндірістік нысан, оның ішінде Есіл өзені арқылы өтетін су асты магистралды мұнай өнімдері құбыры техникалық қайта құрылды. Тоғыз ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алда өз жалғасын табатын болады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.