Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева Ресей Мемлекеттік Думасы Қорғаныс комитетінің төрағасы Владимир Шамановпен және Мемлекеттік Думаның ТМД істері, еуразиялық интеграция және отандастармен байланыс ітері жөніндегі комитет төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулинмен кездесті. Бұл туралы Сенаттың баспасөз қызметі хабарлады.
Д.Назарбаева Қазақстан мен Ресейдің тату көршілік қатынастарын нығайтуда парламентаралық байланыстар негізгі мәселелердің бірі екенін атап өтті. Сенатор ТМД және ҰҚШҰ Парламентаралық Ассамблеялары секілді алаңдарда өзара парламентаралық іс-қимылды одан әрі нығайту жайында айтты.
В.Шаманов Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың Сириядағы шиеленісті реттеуге қосқан зор үлесін атап өтті.
«Астанадағы келіссөздер аясында қол жеткен жетістіктер оның маңыздылығын дәлелдеді. Оған қоса, Астана халықаралық шиеленістерді шешудегі әлемдік орталықтардың біріне айналды», деді ол.
Сенатор өз кезегінде Сириядағы жағдайды тұрақтандыру мен ДАИШ және басқа да терроршыл топтардың әскери және қаржылай әлеуетін жоюдағы Ресейдің ерекше рөлін тілге тиек етті.
«Қазақстан бұдан былай да Сириядағы текетіресті бейбіт реттеуге жәрдемдесуге, оның ішінде Астанада сирияаралық келіссөздерді жүргізуге барлық қажетті жағдайды жасауға әзір», деді Д.Назарбаева.
Әңгіме барысында Ресей депутаттары Мемлекеттік Думадағы заң шығару қызметі, сондай-ақ шекара маңайындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі жұмыстар барысы туралы Д.Назарбаеваны хабардар етті.
Кездесу аясында халықаралық күн тәртібінің басқа да маңызды салалары, атап айтқанда, ядролық тақырыпқа қатысты Ирандағы өзекті мәселелер мен Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру жайы да талқыланды.