Қазақстан аз ғана тарихи мерзімде әлем халықтарына өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен танымал болды.
Әсіресе жаһандық ядролық қауіпсіздікке Қазақстанның қосқан үлесі айтарлықтай. 1991 жылы ел тәуелсіздігін алғанда оның қарауында әлемде төртінші орын алатын ядролық қару әлеуеті болды. Ел басшылығы саналы түрде 1200-дей ядролық оқтұмсықтан бас тартты. Бұл қадам Қазақстанның әлемдік қатынастардағы стратегиялық дұрыс шешімі болды.
Біріншіден, әлемдік басым ядролық державалар АҚШ, Қытай, Ресей, Ұлыбритания, Франция жаңа ғана өмірге келген жас мемлекеттің ядролық державаға айналуын қалаған жоқ. Ядролық клубтың аяқ астынан кеңеюін әлемдік бейбітшілікке қауіп деп есептеді. Сондықтан Қазақстан әлемдік қоғамдастықта изоляцияға түсу қауіпінен сақтануы қажет болады.
Екіншіден, қуатты ядролық әлеуеті қауіпсіз деңгейде ұстап тұру, ядролық қаруды жаңартып отыру үлкен қаржыны және арнайы мамандарды қажет етті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елде бұл екеуі де жоқ болатын.
Үшіншіден, Қазақстандағы ядролық қару ел қауіпсіздігіне қызмет еткен жоқ. Ол келмеске кеткен Кеңес Одағының стратегиялық мақсаттарына жұмыс істеп келген-ді. Ядролық зымырандар НАТО блогына кіретін мемлекеттерге қарсы бағытталды. Елдегі ядролық қару Қазақстанның геосаяси мақсаттарына қызмет ете алмайтын. Сол себепті Қазақстанның ядролық қаруға деген ішкі де сыртқы да мүдделілігі болған жоқ.
Төртіншіден, Қазақстан Президенті 1991 жылдың 29 тамызындағы Жарлығымен Семей ядролық полигонын жапқан болатын. Халықтың өзекжарды талабына сай, бұл шешімге ядролық қарулардың сақталуы мүлдем сәйкес келмейтін еді. Полигонның жабылуы одан кейін елден ядролық қарудың шығарылуы әлемдік қоғамдастық алдында Қазақстанды бейбіт өмірді жақтаушы, бейбітшілік үшін күресуші жас мемлекет ретінде көрсетіп, елдің халықаралық беделі мен имиджін жақсартты. Әлемдік қаржылық орталықтар мен трансұлттық компаниялар Қазақстанға оң көзімен қарай бастады. Елге келетін түрлі технологиялар мен инвестициялардың көзі ашылды.
Бесіншіден, ядролық клуб мүшелері зор қарудан бас тартқан Қазақстанның тәуелсіздігіне, территориялық тұтастығына кепілдік берді. Мұның өзі Қазақстанға нарықтық реформаларға бел шешіп кірісуіне қолайлы жағдай туғызды. Ел көпвекторлы сыртқы саясат ұстанып әлемдік басым күштердің барлығымен өзара пайдалы, ынтымақтастық қатынастар орнатуына мүмкіндік алды. Әлемдік мәселелерді шешуде ықпалы бар халықаралық ұйымдар елімізге есіктерін айқара ашты.
Алтыншыдан, Қазақстан өз жерін ғана емес, бүкіл Орталық Азияны ядролық қарусыз бейбітшілік аймағына айналдыру шарасына мұрындық болды. Семей қаласында осындай келісімге қол қойылды. Қазақстан Президенті бастамасымен 182 мемлекет ядролық жарылыстардан бас тарту туралы келісімге келді. Олардың 154 мемлекеті бұл келісімді ратификациялады. АҚШ-та Невада, Қытайда Лобнор, Францияда Морорруа полигондарында ядролық сынақтар тоқтатылды. Әлем халықтары ядролық қару қаупінен біршама құтылуға қол жеткізді. Бұл ұлы істе Қазақстанның әлемге үлгісі ерекше болғаны ақиқат.
БҰҰ басшылары Қазақстанның бейбіт қадамдарын қызу қолдады. 2010 жылы сол кездегі БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун Қазақстанға 2 мәрте ресми сапар жасап, Семей полигонының жабылуын «әлемдік тәжірибедегі ерекше жағдай», деп бағалап кетті.
Қазір Қазақстан әлемдік ядролық қаруға қарсы күресушілердің көшбасшысына айналды. Оның бейбітшілік үлгісі сыртқы саясаттың өзекті арқауына айналды. Қазақстан басқа мемлекеттерді бейбітшілікті сақтауға батыл түрде шақыра алады. Оған елдің моральдық құқығы бар. Қазақстан Солтүстік Кореяның ядролық бағдарламасын әлемдік қауіпсіздікке қатер деп есептейді. Әлем мемлекеттерін қарулануға жұмсалатын шығындарының 1 пайызын кедейлік пен ашаршылыққа қарсы күреске жұмсауға шақырады. Тамыз айының аяғында Астанада әлем ғалымдарының қарусыздану және әлемдік ядролық соғыс қауіпіне қарсы құрылған Пагуош қозғалысының 62-ші конференциясы өтті.
Қазақстанның Атом энергетикасы жөніндегі халықаралық ұйыммен (МАГАТЭ) қатынасы айтарлықтай. Еліміздің ядролық қауіпсіздікке қосқан жаңа үлесі Өскемен қаласындағы Үлбі металлургия комбинатының қасынан Төмен байытылған уранның халықаралық банкін құру болды. Алдағы уақытта бейбіт атом энергиясын пайдаланғысы келетін мемлекеттер МАГАТЭ рұқсатымен осы жерден төмен байытылған уран ала алады.
Қазақстан Иранның ядролық бағдарламаларына байланысты болған келіссөздерде де өз үлесін қосты. Мәселе шешіліп, Иранның ядролық объектілерін МАГАТЭ мамандары тексеріп, Иранға қойылған санкциялар алынып тасталды. Жас мемлекетіміздің әлемдік қауіптер мен қатерлердің асқынуына қарсы осындай әрекеттері әлемдік қоғамдастықтан оң бағасын алуда.
Сайын БОРБАСОВ, саяси ғылымдар докторы, профессор