• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Президент 04 Ақпан, 2026

Мемлекет басшысы Пәкістан Президенті Асиф Али Зардаримен келіссөз жүргізді

30 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев Исламабад қаласында өзіне және Қазақстан делегациясына қонақжайлық көрсеткені үшін Асиф Али Зардариге алғыс айтып, сапардың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Президент отыз жылдан астам уақыт ішінде Қазақстан мен Пәкістан мазмұнды саяси диалог өрбітіп, түрлі салада екіжақты ынтымақтастықты дәйекті түрде нығайтып келе жатқанына тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Қазақстан – жер аумағы мен экономикалық әлеуеті тұрғысынан Орталық Азиядағы ең ірі ел. Ал Пәкістан Оңтүстік Азия, Орталық Азия, сондай-ақ Таяу Шығыс түйіскен тұста тиімді орналасқан. Бұл – ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге ықпал ететін маңызды геосаяси артықшылық.

Мемлекет басшысы Премьер-министр Шахбаз Шарифпен жүргізген келіссөздер нәтижесінде Астана мен Исламабад арасындағы қарым-қатынасты жаңа стратегиялық деңгейге көтеру жөніндегі Бірлескен декларацияға қол қойылғанын атап өтті. Бұл қадам бауырластық байланыстарды толық айқындап, екі елдің барлық бағыт бойынша ықпалдастықты ұдайы кеңейтуге бейіл екенін байқатады.

Қазақстан мен Пәкістан арасында 200 млн долларға жуық келісім жасалды

Асиф Али Зардари екі ел арасындағы ынтымақтастықтың даму деңгейін жоғары бағалап, Пәкістан тарапының өзара тиімді ықпалдастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

Тараптар екіжақты күн тәртібінің өзекті мәселелері жөнінде пікір алмасып, ұзақ мерзімді қарым-қатынасты кеңейтудің жаңа бағыттарын белгіледі.

Қасым-Жомарт Тоқаев сапар қорытындысы қос халықтың өркендеуі жолында Қазақстан мен Пәкістан арасындағы серіктестікке тың серпін беретініне сенім білдірді.

Мемлекет басшысы: Пәкістан – Қазақстанның Оңтүстік Азиядағы сенімді әрі маңызды серіктесі

Айта кетейік, Мемлекет басшысы 3 ақпан күні Пәкістан Ислам Республикасына мемлекеттік сапармен барды. Пәкістан Премьер-министрінің резиденциясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты ресми қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысын Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф күтіп алды. Бүгін, 4 ақпанда Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. 

Соңғы жаңалықтар