• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
05 Шілде, 2017

Шәкәрімнің шоқпары Қарауылдағы музейге табысталды

288 рет
көрсетілді

Семейдегі Абайдың «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейі құнды жәдігерлермен толықты. Абай ауданының Архат ауылының тумасы, бүгінде Қарағанды қаласында тұратын Ернұр Әзімбаев жақында Шәкәрім Құдайбердиевтің шоқпары мен ағаштан жасалған саптыаяғын музей қорына әкеп табыстапты.

«Руым Тобықты, оның ішінде Ырғызбай, Өскенбайдың Мырзатай деген ағасынан тараймыз. Мырзатайдан Жұман, оның 9 ұлының біреуі Әзімбай. Жұман атамыз «Абай жолы» роман-эпопеясына енген адам. Шәкәрім атылғанда немере ағайындары Қыдыр мен Шыңғыс Әзімбаевтар ақынның көп дүние­лерін алып қалады. Соның қатарында Шәкәрімнің төсек-жабдығы да бар еді. Үйге Ахат Шәкәрімұлы келгенде Сирақбай, Шахман есімді ауыл ақсақалдары жиналатын. Сол кезде естігенім, Шәкәрімді өлтірген күні түнде НКВД-ның мәйітке күзет қоймағанын пайдаланып, Бақанаста болған ауыл азаматтары мәйітті ұрлап, ескі құдыққа апарып тығады. Таңертең НКВД шу шығарып, барлық ауыл адамдарынан жауап алады. Алайда, ешкімді мойындата алмайды. Кетер кездерінде ауылдастары қажының жеке мүліктерін сол ауылда қалған жақын туысы ретінде немере ағайыны – менің атам Қыдырға табыстап кетеді. Сол себепті біздің үйде Шәкәрімнің төсегі, алтын белбеуі, ою-өрнектері, өз қолымен жонып жасалған шоқпары мен саптыаяғы, тағы басқа заттары  болды. Төсегі әдемі, темір бұрандалы, бұзылып жиналатын еді. Сол төсекке атам қайтыс болғанша жатты. Онымен бірге жататын болғандықтан мен де сол төсекте ұйықтап өстім. Қажының алтын белбеуін Қарауылда, Абай атамыздың бір тойында Жидебайға апарып қойып, содан қайтпай қалды. Ол кезде Шәкәрім ақталмаған кез, атын атауға ел қорқатын. Шоқпары мен саптыаяғын атам Қыдыр темекі езіп, насыбай жасауға пайдаланды. Мен оны ешкімге бермей, атамнан қалған мирас ретінде сақтап жүрдім. Алайда ол туралы білетін адамдар көп болды», - деп біршама мағлұмат беріпті Ернұр Әзімбаев Семейдегі музей қызметкерлеріне. 

Абай ауданының тумасы 2016 жылы музей қорына әжесі Ұлжан Бәжіғұлқызының Шәкәрім жасаған үлгі бойынша тіккен кимешегін де табыс етіпті. «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік қорық-музейінің ғылыми хатшысы Шынар Садықова Шәкәрім қажының шоқпары мен саптыаяғы қазіргі уақытта Абай ауданының орталығы Қарауылдағы өлкетану музейіне уақытша қойылғанын, құнды жәдігерлер алдағы уақытта музей төрінен орын алатынын айтты.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы.

Сурет Абайдың мемлекеттік «Жидебай-Бөрілі» қорық-музейінің баспасөз қызметінен алынды

 

Соңғы жаңалықтар