Алматы облысында синтетикалық есірткі өндірумен айналысқан жасырын зертхана әшкереленді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері ІІМ-нің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің үйлестіруімен, Қарасай аудандық полиция басқармасы және прокуратура органдарының қолдауымен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде көзге түсе бермейтін саяжай үйінде заңсыз жұмыс істеген синтетикалық есірткі өндіретін зертхана анықталып, толықтай жойылды.
«Тексеру барысында екі күдікті ұсталып, олардың бірі қамауға алынды. Тінту кезінде мефедрон синтетикалық есірткісі, оны дайындауға арналған арнайы жабдықтар, шыны ыдыстар, прекурсорлар мен әртүрлі химиялық заттар табылып, тәркіленді. Заңсыз өндіріс тұрғын үйдің бір бөлмесінде жасырын түрде ұйымдастырылғаны белгілі болды», делінген Алматы ПД хабарламасында.
Құқық қорғау органдарының уақтылы әрекетінің арқасында қылмыстық қызмет бастапқы кезеңінде тоқтатылып, ірі көлемдегі есірткі партиясының заңсыз айналымға түсуіне жол берілмеді. Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі дайындау кезінде қолданылатын химиялық компоненттер адам өмірі мен денсаулығына аса қауіпті.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Өзге мәліметтер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етілмейді.