Қасат қардың көбесі сөгіле қоймаған күндердің бірі еді, анам даладан үйге қуана кірді.
– Көктемнің алғашқы хабаршысы – нәурізек келіпті, – деді.
Бұл бізге «алыстағы әкелерің келіпті» дегенмен бірдей естілді. Далаға жүгіріп-жүгіріп шығыппыз.
Көп кешікпей шықылықтап жүрген кіп-кішкене нәурізек құсты көрдік. «Мына аязда қалайша тоңбайды екен?» деп таңырқағанымыз есімізде. «Бармақтың басындай ғана осы құс қалай ғана көктемді ілестіріп әкеледі?» деп таңырқағанымыз да ұмытылмапты.
Арада көп өтпей көк жүзінде тырналар тыраулады. Мұнан соң қарлығаш шықылықтады.
Біз бала кезімізде аспанға көп қарайтынбыз. Аспан әлемінің қожайындары – құстар бізді ғажайып әлемге жетелейтін. Әке-шешемізден ұрыс естісек, құс болып ұшып кеткіміз келетін (Қазір де үлкендер жердегі жұлымырлықтардан жерігенде көкке ұшып кеткісі келетінінде үлкен сыр жатыр-ау). Сол үлкендер құстың ұшқан-қонғанына қарап шаруа күйттеуші еді. Мәселен, «жыл құстары топталып ұшса, жылымық күз созыла түседі» деп отыратын шаруа баққан қариялар.
Көктем сайын көгімізде тыраулайтын тырналарға қарап түрлі жорамал айтатын біз табиғатқа сән беріп, көк аспанға көрік сыйлап, күллі болмыс-жаратылысымен ғажайыптар әлеміне жетелейтін құстар әлемін жете білмейді екенбіз. Сол білмейтіндеріміздің арасында Түлкібас ауданының шекарасындағы Шақпақ ата ауылында орналасқан орнитологиялық стансасы бар. Жуалы ауданының шекарасына табан тие оң жағымызда Тянь-Шань тауының сүйірлене бітетін жазығында жағалай орнатылған тордың сырын әрі-бері жөңкілген жолаушылар білген емес. «Егістікке мал түспес үшін қойылған тор шығар» деп тұспалдаған жолаушылар сол ойдың жетегімен әрі қарай тарта береді. Біз де көп жолаушының бірі ретінде өте шығар ма едік, кездейсоқ осы жерде орнитологиялық станса барын естіп қалмағанда.
Сонымен, «Шақпақ асуы қайдасың?» деп тартып кеттік. Осы жерде редакция тапсырмасымен шұғыл жолға шыққан журналистерге қолдау білдірген Түлкібас ауданы әкімінің орынбасары Жанар Бектаеваға алғаусыз сезіммен алғысымызды жеткізіп қойғанды жөн санадық.
Шақпақ асуы әлі де қыстың құрсауында екен. Шағын елді мекенді қар басып қалыпты. Теледидардан Батыс облыстардағы қыс қыспағын көріп жүрміз ғой. Шатыры ғана қылтиып тұрған үйлерді көргенде еріксіз таңырқадық. Шақпақ орнитологиялық стансасында 20 жылдан бері қызмет істейтін Рамазан Құдабаев бізді біраз жайттан хабардар етті.
Жалпы, орнитология терминін алғаш рет ғылымға ХVІ ғасырда итальян ғалымы У.Альдрованди енгізген. Орнитология – құстардың дамуын, физиологиясын, жер бетіне таралуын зерттейтін ғылым. ХХ ғасырдың 70-80-жылдары Қазақстан аумағында, оның ішінде бұрын аз зерттелген Тянь-Шань, Алтай тауларын, Бетпақдала өңірі мен Маңғыстау, Бозащы шөлейтті аймақтарын мекендейтін құстарға орнитологиялық зерттеулер толық жүргізілген. Құстардың қоныс аударуы − өзгеше бір әлем. Оның әуе жолымен ұшып өтетін бағытын зерттесеңіз, талай құпияға қанық боласыз. Ғалымдар, орнитологтар құстарға сырға салу арқылы олардың популяциясының жағдайын, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін анықтайды. Су құстарын пайдалану, жәндікқоректі құстарды өзен бойындағы және таудағы ормандарға қоныстандыру арқылы олардың ауыл шаруашылығына тигізетін пайдасын анықтау да маңызды. Мәселен, бір қарлығаш бүкіл жаз бойы 1 миллион құрт жейді екен. Қараторғайлардың бір тобы балапандарымен 22 тонна шегірткені азық етеді деседі (Осы жерде біздегі диқандардың ала жаздай шегірткелер шабуылына ұшырауы еске түседі).
Қазір дүниежүзілік Неміс орнитология қауымдастығы, Британия, Америка құс зерттеу орталықтары, Мумбай (Үндістан) орнитология қауымдастығы, тағы басқа да халықаралық ұйымдар ғылыми жұмыстар жүргізеді. Қазақстанда Ғылым Академиясының Зоология институты құстар әлемін зерттеуді 1966 жылы бастады. Орнитолог ғалым И.А.Долгушиннің басшылығымен құстарға сақина салып, зерттеумен айналысатын ғылыми орталық ұйымдастырылды.
Міне, сонда Шақпақ ата асуы неге таңдалды? Тянь-Шань тау жоталары еліміздің оңтүстік-шығысында 1000 шақырымға созылып жатыр. Міне, осы тау жоталарынан өте алмаған жыл құстары Шақпақ ата асуы арқылы ұшып өтуге мәжбүр. Дәл осы жерде Тянь-Шань мен Қаратау тауы түйіседі де, екі аралық ойпаң болып келеді. Жылы жақтан ұшып келе жатқан жыл құстары осы ойпаң-қуыс жерден көктемде бері, күзде әрі ұшып өтеді екен. Содан кейін күзде құстар оңтүстіктегі жылы аймақтарға қайтарда Шақпақ ата асуындағы осы жазық жерге аялдайды. Ендеше, орнитологиялық станса салуға қолайлы орын емес пе? Демек, жыл құстарының демалып өтер үлкен аялдамасы (бәлкім, әуежайы десек те жарасар) қасиетті Түлкібас аумағында жатыр! Бұл да табиғаттың бізге жасаған үлкен тартуы.
Орнитологтар солтүстіктен оңтүстікке қоныс аударатын қараторғай, шәуқарға, тағанақ, торғай, тағы басқа да құстардың Шақпақ ата асуы арқылы өтетінін сақина салу арқылы анықтаған. Дәл осы асу арқылы құстың 200-ден аса түрі көктем мен күзде әрі-бері өтеді екен.
Ал, осы кезде орнитолог ғалымдар екі жотаның арасындағы берік жіптен тоқылған үлкен торларды биік бағандарға керіп байлайды. Конус пішінді торға түскен құс қайта шыға алмайды. Өйткені, тордың артқы шеті бірте-бірте тарылып, құс сиятындай қуысқа айналады. Осы қуыс арқылы құс арнайы жәшікке түседі. Жәшікке түскен құсты зерттеушілер лабораториялық тексеруден өткізеді. Сирағына реттік саны жазылған сақина салады. Құс туралы барлық мәлімет арнайы журналға тіркеледі. Мұнан соң құс бостандыққа жіберіледі. Құстар әртүрлі қауіпті, жұқпалы аурулардың қоздырғышын (энцефалиттер, арбовирустер, гельминттер) денесінде сақтаушы әрі тасымалдаушы болуы мүмкін. Мұндайда дәрігерлер сақтық шараларын жасайды.
Сақина салу арқылы құстардың қай аймақтарға ұшып баратыны мен қанша жыл өмір сүретіні де анықталады. Мәселен, сақиналау әдісімен кәдімгі шағала – 32, күміс түсті шағалалар − 36, қараторғай 15 жылға дейін өмір сүретіні белгілі болған. Шақпақ асуында және Алакөлде Испания мен Үндістанда сақиналанған торғайлар торға түскен. Сондай-ақ, торғайлар Үндістан мен тропикалық Африкада, сұр қарлығаштар Африка мен Мадагаскарда, тырналар Оңтүстік Азияда, шақшақайлар Африкада қыстайтыны анықталған.
Иә, біздің Жер шарының құрлықтарға бөлінуін географ ғалымдар құстардың таралуы мен қоныс аударуын есепке ала отырып жасағанын да біле жүруіміз керек. Сонымен бірге, Шақпақ ата асуындағы орнитологиялық орталық Қазақстан мен Орта Азиядағы бірегей зерттеу мекемесі екенін де ұмытпалық. Мұнда бірнеше мемлекеттің ғалымдары жұмыс істейді.
Жаратқан иеміз әлімсақтан екі тіршілік иесін азат етіп жаратыпты. Олар – адамдар мен құстар. Жердегі пенделерден гөрі аспандағылар еркін де азат. Десек те, Қазақстанды Отаным деп санайтын барша қауым азаттық пен татулықтың тәтті дәмін сезініп келеді. Егемен еліміздің туында еркіндік пен бостандықтың символы ретінде бейнеленген қыран ықылым замандарда аттың жалында, түйенің қомында көшіп-қонып өмір сүрген қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде, таным-түйсігінде ерекше орын алған қастерлі құс. Иә, көк жүзін еркін шарлаған құс атаулы тарихымызбен тамырлас, наным-сенімімізбен ортақтас екен.
Әне, көктемді қанатына қондырып, Оңтүстігіме құстар да келіп жетті. Шықшы тауға, қарашы айналаға, көк көйлек киген көктемім тоты құстай мың құлпырып, тіршілікті балқытып алау оттан ала қашып көңілді алабұртқан, жарқ етіп көрінбей ме ала бұлттан?!.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ