«Ақпарат тексерілді. Ұсталғандардың қатарында қазақстандықтар жоқ», - деп атап өтті ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Бұның алдында хабарланғандай, 5 сәуірде Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі, Ішкі істер министрлігі мен Ресей гвардиясының арнайы қызметі жедел-іздестіру шарасы кезінде Ресейге жұмыс істеуге келген Орталық Азия мемлекеттерінің 6 азаматын құрықтады.
Тергеу нұсқасы бойынша, олар 2015 жылдан бері террористік бағыттағы қылмыстар жасау мақсатында «Джебхат ан-Нусра» мен «Ислам мемлекеті» лаңкестік ұйымдарына Орталық Азиядан шыққан азаматтарды Ресейге тартумен айналысқан.
Сонымен қатар, күдіктілер адамдарды өзге де мемлекеттерге қарулы қақтығыстарға жіберу мақсатында тартуы ықтимал. Күдіктілердің тұрғылықты мекенжайларын тінту жұмыстары жүргізілуде. Оның барысында экстремистік сипаттағы әдебиеттер табылды.
«Олардың барлық байланыстары тексерілетін болады. Қазіргі таңда ұсталғандардың Санкт-Петербургтегі терактіні жасаған азаматпен арадағы таныстығы болғаны туралы деректер жоқ», - делінген РФ-тің Тергеу комитетінің хабарламасында.