Сыртқы істер министрлігі қызметінің өзекті бағыттары шетелдерден инвестициялар тарту, отандық дайын өнім экспорттаушыларды қолдау, индустриялық-инновациялық жобалардың және «Нұрлы жол» бағдарламасының іске асырылуына көмек көрсету болып табылады.
Бүгінде инвестициялар тарту бойынша кең ауқымды жұмыс үшін қажетті заңнамалық негіздер қалыптастырылып, барлық негізгі институттар құрылған. Қолайлы инвестициялық және іскерлік ахуалдың болуын сарапшылар мен шетелдегі бизнес әріптестер де мойындап отыр. Дегенмен, бұл жұмысқа ведомствоаралық үйлестіру сапасын көтеру және қол жеткізілген уағдаластықтардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету бөлігінде кейбір түзетулер енгізілуі тиіс (follow-up). Осыны есепке алған, СІМ, Үкіметтің экономикалық блогымен бірлесіп, Қазақстан экономикасының басым бағыттағы салаларына және қазақстандық экспортты ілгерілетуге арналған шетелдік инвестицияларды тарту бойынша нақты тетік әзірледі.
Бүгінгі күні Мемлекет басшысы қайтарымды көзқарас тұрғысынан алғанда аталған бағыттың сыртқы деңгейдегі перспективалық тетіктерін айқындап берді: Олар: СІМ белсенді қатысатын Ұлттық инвестициялық және экспорттық стратегияны әзірлеу және қабылдау; инвестициялар және экспорт жөніндегі ұлттық компаниялар құру; сыртқы сауда мәселелері бойынша Үкімет құрылымындағы құзыреттіліктерді қайта бөлу.
Ішкі деңгейде барлық дәрежедегі инвесторлармен өзара іс-қимыл бойынша тиімді институттар құрылған: Олар: Мемлекет басшысының төрағалығымен Шетел инвесторлары кеңесінің (ШИК) отырысы жүйелі түрде өткізілуде; Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің басшылығымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңес (ИАЖК) пен Инвесторларды тарту инвестициялық штабы мәселелері бойынша Үкімет кеңесі қызметін атқаруда; Инвестициялық омбудсмен институты жұмыс істейді.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қолдаған, «Kazakh Invest» және «Kazakh Export» инвестицияларды тартуға және экспортты ілгерілетуге байланысты жеке ұлттық компаниялар құру бойынша бастама да СІМ-нің осы бағыттағы жұмысында көрініс тапты.
Жаңа ұлттық компаниялар инвестициялық және экспорттық саясатты іске асыруда негізгі рөл атқарады деп санаймыз. Жобаларды әзірлеу және іске асыру үдерістеріндегі жүйе жасаушы және тиімді буындар ретінде аталған құрылымдардағы шетелдік және отандық әріптестердің өз деңгейінде қабылдануын қамтамасыз ету маңызды болып табылады. Сондықтан құрылатын құрылымдарға операциялық және техникалық сипаттағы өкілеттіктер мен функциялар беру, оның ішінде тиісті мемлекеттік қызмет көрсетуді қамтамасыз ету бойынша инвесторлармен «бір терезе» қағидасы бойынша жұмыс тәжірибесі осы үдерістердің жалғасы болып қана қоймай, экспортты ілгерілетуге және өзара іс-қимыл құралдарын топтастыруға мүмкіндік берер еді.
СІМ Үкіметтің экспорттық және сауда-экономикалық бағыттарындағы жұмыстарын жүйелеу бойынша ұсыныстар әзірлеуге белсенді қатысады.
Қазіргі уақытта ел басшылығы тарапынан Ұлттық экспорттық стратегияны әзірлеу туралы оң шешім қабылданып, осы құжатты әзірлеу бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Ведомство үстіміздегі жылғы 27 ақпанда өткен арнайы жұмыс тобының алғашқы отырысына белсенді қатысты.
СІМ-нің мақсаты сыртқы деңгейдегі барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың реттелген жұмыстарын үйлестіру болып табылады.
Осыған байланысты, СІМ экономикалық дипломатияны жандандыру үшін, ең алдымен, екіжақты үкіметаралық комиссияның және сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша жұмыс тобының, сондай-ақ іскерлік кеңестермен бірге құрылатын бизнес-орта қызметтерінің тиімділігін арттыруда. Сыртқы саясат ведомствосы, сонымен бірге, инвестициялық және экспорттық бағытта еліміз Үкіметі жүргізетін жұмыстар туралы шетелдік қоғамдастықты тұрақты түрде ақпараттандырады, қазақстандық мемлекеттік органдар мен ұйымдарға, оның ішінде әлеуетті шетелдік әріптестермен мәселелерді шешуде жеке сектор өкілдеріне қолдау көрсетеді.
Сондай-ақ, СІМ жұмысының маңызды бағыттарының бірі − мемлекеттік және квазимемлекеттік меншіктегі нысандарды жекешелендіру бағдарламаларын іске асыруда Қазақстан Үкіметінің шетелдік инвесторларды тарту қызметіне жәрдемдесу. Елшіліктер бірқатар компаниялардың Қазақстан жобаларына қатысуы бойынша келіссөздер жүргізуде. Сонымен бірге, қазақстандық жеке секторлармен тікелей өзара іс-қимылды күшейту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.
Министрлік Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттік» атты Жолдауы инвестициялар тарту және экспортты ілгерілету бойынша ұлттық стратегияларды әзірлеуге, халықаралық ынтымақтастық, ең алдымен, ЕАЭО және ШЫҰ аясында, Жібек жолының экономикалық белдеуі мен «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық мемлекеттік бағдарламасын ұштастыру, ЭКСПО-2017 базасында IT-стартаптарының халықаралық технопаркін құру, «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік жобасының жасалуы, «Қазақстан Ұлттық технологиялық бастамасы» стратегиялық жоспарының әзірленуі, дамыған елдердің үздік стандарттары мен тәжірибелерін жүйелі түрде енгізе отырып, бизнесті реттеудің жүйелі шаралары сияқты ұлттық экономикалық мүдделерді қорғауды және дамытуды қамтамасыз етуге қатысады.
Шетел инвесторларын Қазақстанның жауапты мемлекеттік органдарымен және мүдделі ұйымдарымен өзара іс-қимылдарын қолайлы ету үшін 10 қазақстандық дипломатиялық өкілдік инвестиция жөніндегі арнайы кеңесшілер тағайындау туралы шешім қабылдады.
Мемлекет басшысы экономикалық дипломатияның дамуына ерекше көңіл аударады. Елбасы шетелдерге ресми сапарлары барысында шетелдік бизнес қоғамдастықтармен маңызды кездесулер өткізеді. Мәселен, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 2016 жылғы 11 сәуірде Иранға сапары барысында кен-металлургиялық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистикалық, туризм, ғылым, білім және медицина салалары бойынша жалпы сомасы 1,4 млрд АҚШ долларынан астам 48 екіжақты келісімге қол қойылды. Мемлекет басшысының қатысуымен 2016 жылғы 12 сәуірде Түркияда өткен инвестициялық форум шеңберінде жалпы сомасы 520 млн АҚШ долларын құрайтын 20-дан астам құжат бекітілді. Президенттің 2016 жылғы 24-25 қазан күндері Сауд Арабиясына жасалған ресми сапары шеңберінде энергетика, кен өндірісі, ауыл шаруашылығы және сауда салалары бойынша жалпы сомасы 200 млн АҚШ долларын құрайтын 10-нан астам келісімге қол қойылды. 2016 жылғы 6-9 қараша күндері Жапонияға жасалған сапар шеңберінде 400-ден астам бизнесмен қатысқан іс-шара нәтижесінде жалпы сомасы 1,2 млрд АҚШ доллары болатын 13 коммерциялық құжатқа қол қойылды. Сонымен қатар, 2016 жылғы 9-11 қараша күндері Кореяда болған бизнес-форум нәтижесінде жалпы сомасы 640 млн АҚШ долларын құрайтын 24 екіжақты коммерциялық құжатқа қол қойылды.
Соңғы жылдардағы жаһандық экономикалық өсу қарқынының төмендеуіне қарамастан, елімізде шетелдік инвестицияларды қолдау, инвестициялық ахуалды жақсарту және бизнесті басқару тәртібін жеңілдету шаралары қабылдану үстінде. Жалпы, қолданылып жатқан шаралар нәтижесінде Қазақстанның халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштері жақсарды. 2016 жылдың қазан айында DoingBusiness 2017 жариялаған рейтингте Қазақстан 190 елдің ішінде 41-ші орыннан 35-ші орынға көтерілді, бұл − Қазақстан үшін бұған дейінгі жылдармен салыстырғанда ең үздік көрсеткіштердің бірі.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың арқасында 2016 жылы инвестициялар тартуда айтарлықтай өсу байқалды. Мәселен, 2016 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша тікелей шетел инвестициясының жалпы түсімі 27,3%-ға өсіп, 14,5 млрд АҚШ долларын құрады (2015 жылдың 9 айында 11,4 млрд АҚШ доллар болған еді).
2005 жылдан бастап елімізге 236 млрд АҚШ долларынан астам тікелей шетел инвестициясы тартылды, ал бұл тіпті әлемдік қаржылық тұрақсыздық кезінде де біздің инвестициялық ахуалымыз бен мемлекетіміздің макроэкономикалық жағдайы тұрақты және инвесторлардың сенімі селкеусіз екенін тағы да қуаттап беріп отыр.
Үстіміздегі жылғы 27 ақпанда Сыртқы істер министрлігі мен Инвестиция және даму министрлігі арасында экспортты ілгерілету бойынша Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Аталған құжаттың мақсаты – қазақстандық өнімдерді шетелдік нарыққа экспортқа шығаруды ілгерілету саласында екі ведомствоның өзара іс-қимылын күшейту. Жоспарды іске асыру шеңберінде сыртқы саясат ведомствосы, ең алдымен, белгілі бір елде қазақстандық өнімдердің экспортын ілгерілетудің келешегін және мүмкіндіктерін байқап көру мақсатында нысаналы зерттеулер жүргізеді. Мәселен, СІМ бүгінде қазақстандық тауарлар үшін әлеуетті нарық болып табылатын мемлекеттер импортының құрылымын зерттеу бойынша жұмыстарды бастап кетті.
Жоспарда нақты уақыт белгіленбеген, бірақ оның кейбір тармақтарын іске асырудың нақты мерзімі бар. Сондай-ақ, осы іске тартылған әрбір ведомствоның міндеті анық бекітілген. Алайда, жоспар нарықта пайда болған жаңа талаптар мен жағдаяттарға байланысты түзетулер және өзгертулер енгізу мүмкіндігін де қарастырады.
Сонымен қатар, Сыртқы істер министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, 2017-2020 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешені мен сауданы дамытуға инвестициялар тарту мәселелері бойынша Бірлескен іс-шаралар жоспарын (Жол картасы) қабылдады. Агроөнеркәсіп саласы тарауында халықаралық ынтымақтастық және инвестициялық қызметті дамыту мен нығайту бойынша бірлескен жұмыстың негізгі бағыты анықталды.
Ведомство аталған тәжірибені Қазақстанның барлық мүдделі мемлекеттік органдарымен және ұйымдарымен жалғастыруға дайын. Сонымен бірге, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан өңірлік инвестициялық және экономикалық іс-шараларға шетелдік қатысушыларды тартуға жәрдем көрсету бойынша ұдайы жұмыс жүргізіледі.
Сыртқы істер министрлігі шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мен ілгерілету мақсатында шетелдермен Іскерлік кеңестердің қызметіне ерекше назар аударатын болады. 2016 жылы сыртқы саясат ведомствосы Іскерлік кеңестердің жұмысына елдегі мүдделі органдар мен ұйымдардың қатысуының ортақ тетігін әзірледі. Сондай-ақ, ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру мақсатында, халықаралық қаржы институттарымен өзара іс-қимылды кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұлар Дүниежүзілік банк тобы, ХВҚ, ЕҚДБ, АДБ, ИДБ және AИИБ, т.б.
2016 жылғы 24 маусымда Астанада ХВҚ-ның Басқарушы директоры К.Лагардтың төрағалығымен ХВҚ-ның өңірлік конференциясы болып өтті. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі шетелдік ресми тұлғалар − Орталық Азия, Кавказ және ЕАЭО елдері үкіметтері басшылары мен министрлерінің қатысуын жоғары деңгейде қамтамасыз ету үшін барлық күш-жігерін жұмсады. Аталған іс-шара және К.Лагардтың төрағалығымен өткен конференция Қазақстанның өңірдегі көшбасшы рөлін, сондай-ақ ХВҚ тарапынан жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық реформалардың ерекше назарда екенін көрсетіп берді.
Қазақстанға 2016 жылы елімізді әлеуметтік-экономикалық реформалау кезінде мемлекеттік органдарға салалық мазмұнды тұрғыдан жәрдем көрсеткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қызметіне (ЭЫДҰ) басымдық береді.
2016 жылғы шілдеде ЭЫДҰ Бәсекелестік жөніндегі комитетінде еліміздің «ресми қатысушы» мәртебесін алуы Сыртқы істер министрлігінің ЭЫДҰ-мен өзара іс-қимыл шеңберіндегі жұмысының маңызды нәтижесі болды. 2016 жылғы 22-24 қарашада өткен ЭЫДҰ-дағы Еуразия апталығында Қазақстанның 2015-2016 жылдары ЭЫДҰ-мен ынтымақтастығының Елдік бағдарламасын табысты іске асыру қорытындылары шығарылды, Ұйыммен одан әрі жұмыс істеудің тетіктері мен үлгісі талқыланды. ЭЫДҰ Бас хатшысы Х. Гуррия Қазақстанның барлық бағыттар бойынша айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізгеніне аудиторияның назарын аударды. 2017 жылы Еуразия апталығын Алматы қаласында өткізу туралы шешім қабылданғанын атап өту қажет (2017 жылғы 23-25 қазан).
«Астана» Халықаралық қаржылық орталығын (ХҚО) Орталық Азияда қаржылық хаб ретінде дамыту жөніндегі жоспарды жасау мен оны шетелдерде ілгерілетуге байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы іске асырылды. СІМ мен ХҚО арасында бірлескен Жұмыс тобы құрылды, Жол картасы қабылданды, ХҚО-ның шетелдік мамандарға қызмет көрсетуі бойынша «бір терезе» жүйесін құру мәселелері пысықталды.
Қазақстанға шетел азаматтарының (инвесторлар, туристер мен іскер топ өкілдері, делегаттар және т.б.) келуі үшін барынша қолайлы жағдайлар жасау мақсатында СІМ визалық режімді оңтайландыру бойынша дәйекті қадамдар қабылдады. ХҚО аумағында шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар үшін арнайы визалық режімді келісу және қабылдау бойынша мемлекеттік органдармен жалпы жұмыстар жүргізілді.
Сыртқы саясат ведомствосы өзінің шетелдердегі мекемелері желісі арқылы ХҚО-ға шетелдік сапарлар ұйымдастыру мен өткізу, халықаралық қаржы институттарымен байланыстар орнату және ХҚО-ны ілгерілетуге жәрдем көрсету бойынша шаралар қабылдауда.
СІМ Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін дамыту және ұлттық көлік саласын дамытудың одан арғы жоспары жөнінде шет мемлекеттердің үкіметтік, іскерлік және бизнес-ортасын кеңінен ақпараттандыру бойынша жұмыстар атқарады. Қытайдың «Жібек жолының экономикалық белдеуі» (ЖЖЭБ) бастамасы мен Қазақстанның «Нұрлы жол» ұлттық экономикалық саясатын ұштастырудың рөлі маңызды. Осыған орай ЕАЭО мен ШЫҰ шеңберінде жұмыс жанданатын болады.
Жалпы, Мемлекет басшысының нұсқауларына сәйкес, СІМ сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыратын негізгі ведомство ретінде белгіленген. Сыртқы саясат ведомствосы ішкі тетіктер мен сыртқы әріптестер арасындағы маңызды байланыстырушы буын ретінде қызмет атқарады, сондай-ақ бұл жұмыс жалғасын табатын болады.
Мұхтар Тілеуберді,
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары