Премьер-Министр сапары Орал қаласы әуежайының жолаушылар терминалы мен қауіпсіздік жүйесінің жұмысымен, сонымен қатар, әуежайды қайта жөндеу жұмыстарының жоспарымен танысудан басталды. Бұл халықаралық әуежай 1972 жылы пайдалануға берілген. Аэровокзал сағатына 200 жолаушыны, терминалы сағатына 100 жолаушыны өткізе алады. Әуежайдың жасанды ұшып-қону жолағында 2014-2015 жылдары жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінде барлық санаттағы заманауи әуе көліктерін қабылдауға мүмкіндігі бар.
Бақытжан Сағынтаев өңірдегі ірі жоғары технологиялық өндіріс кешені – Батыс Қазақстан машина жасау компаниясының жұмысымен де танысты. Кәсіпорын базасында Елбасының тапсырмасымен General Electric компаниясымен бірлескен газ турбиналары мен мұнай-газ жабдықтарын жөндейтін сертификатталған сервистік орталық құрылған болатын. Бұл – аталған фирмаға сервистік қызмет көрсетуге қауқарлы Қазақстандағы жалғыз орталық. Премьер-Министрге аталмыш цехтың жұмысы баяндалды. Бұл зауыт әскери және азаматтық маңызға ие авиациялық қозғалтқыштарды жөндеу жұмыстарын да жүргізеді.
Б.Сағынтаев «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғызылған тұрғын үйлердің сапасын тексеріп, бағдарламаны іске асыру бойынша әрі қарайғы жоспарлар туралы есепті тыңдады. Бұл үйлер үй құрылысы комбинатының технологиясымен, салыстырмалы түрде алғанда жылдамырақ тұрғызылуда. Мәселен, 72 пәтерлі үй құрылысы 1,5-2 айдың ішінде аяқталады. Құрылыс жұмыстарына отандық материалдар, заманауи жабдықтар қолданылуда.
Премьер-Министр Орал трансформатор зауытында да болып, өңірдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындарын дамыту жоспарларымен танысты. Мұнда жоғары қуатты таратқыш май және құрғақ трансформаторлар, сонымен қоса, жылдық қуаты 10 000 дана болатын өндіріс көлемі бар тартушы трансформаторлар шығарылуда. 2016 жылы трансформатор зауыты шет ел инвесторларымен бірлескен кәсіпорын ашты.
Үкімет басшысы «Атамекен» ҰКП өңірлік кеңесінің өкілдерімен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушылар өнеркәсіптік кәсіпорындарды несиелендіру, мемлекет-жекеменшік әріптестігі жобаларын дамыту, мемлекеттік сатып алулар жүйесін жетілдіру, әкімшілік кедергілерді азайту және бизнестің несие қаражаттарына қолжетімділігін арттыру мәселелерін көтерді. Кездесуде Б.Сағынтаев Президент Н.Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауына сәйкес, Үкімет жұмысы еліміздің экономикалық өсімінің қозғаушы күшіне айналуға тиісті бизнес ұстанымдарын нығайтуға негізделгенін атап өтті. Қатысушыларға мемлекет-жекеменшік әріптестігінің, әсіресе, әлеуметтік саланы дамытудың маңыздылығын, агроөнеркәсіп саласында жаңа нарықтарды игеру мен экспорттық өндірісті дамытудың қажеттігі туралы айтты.
Сондай-ақ, Премьер-Министр өңірдегі ет өнімдерін шығаратын ірі кәсіпорындардың бірі «Жайық ет» кәсіпорнының жұмысымен танысты. «Жайық ет» кәсіпорнының негізі 2003 жылы бұрынғы Орал ет комбинаты базасында қаланған. 2009 жылы мұнда өндірістің көлемді жаңғырту жұмыстары басталды. Қазір мұнда 100-ден астам ет, шұжық және консерві өнімдері шығарылады.
Бақытжан Сағынтаев «Квант» жиһаз фабрикасында да болды. Бұл компания 2015 жылы Индустрияландыру картасы аясында жалпы ауданы 10 000 шаршы метр болатын корпустық жиһаз шығаратын жаңа фабрика ашты. Мұнда өнімнің жоғары сапасын қамтамасыз ететін, алдыңғы қатарлы технологиялар қолданылған заманауи жабдықпен әзірлейді. Нысанды аралау кезінде Премьер-Министрге кәсіпорын жұмысы туралы баяндалып, дайын өнімдердің үлгілері көрсетілді. Айта кету керек, 1996 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан «Квант» жиһаз фабрикасының өнімдері еліміздің барлық дерлік ірі қалаларында танымал.
Ірі өндіріс орындарымен танысқаннан кейін Бақытжан Әбдірұлы өңір жұртшылығымен кездесу өткізді. Кездесуде Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында аталған әлеуметтік жаңғыртудың өзекті бағыттары мен «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыру мәселелері талқыланды.
Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы Атырау, Ақтөбе және Маңғыстау облыстары әкімдерінің орынбасарлары есеп берді. Кеңес аясында Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов, Білім және ғылым министрі Е.Сағадиев және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенова сөз сөйледі. Олар білім беру мен денсаулық сақтаудың заманауи жүйелерін құру барысы, сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысы туралы баяндады. Премьер-Министр мемлекеттік бағдарламаларды орындау барысындағы кемшін тұстарға да назар аударып, олқылықтарды тез түзетуді талап етті.
Кездесуде Жәнібек ауданы қоғамдық кеңесінің төрағасы Б.Әліпқалиев облыс орталығы Оралдан ең шалғай жатқан Жәнібек ауданына тас жолдың қашан жететінін сұрады. Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің келтірген мәліметіне қарағанда, биыл республикалық жолдарды жөндеуге 17,6 млрд, оған қосымша жергілікті жолдарға 8 млрд теңге бөлініп отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасына сәйкес қайта салынып жатқан Орал – Тасқала – РФ шекарасы жолы біткеннен кейін республикалық маңызы бар Жалпақтал – Қазталов – Жәнібек бағытындағы жолға да назар аударылатын болады. Бұл бағыттағы жолды жөндеуге биыл 2 млрд теңге қаралды. Үкімет басшысы алдағы жылдарға жобалық-сметалық құжат жасаған кезде осындай мәселелерді мұқият ескеруді тапсырды.
Кездесуде Жаңақала аудандық мәслихатының хатшысы З.Сейсенғали аталмыш аудандағы ауыз су мәселесін көтерді. Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің қолдауымен жуық арада 54 елді мекенге ауыз су жеткізілмекші.
Сондай-ақ, облыс әкімі Алтай Көлгінов биылғы жылдың І тоқсанындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы жайлы баяндады. Әкімнің айтуынша, Индустрияландыру картасы бойынша 700-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 10 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Биыл егін алқаптарының көлемі 32 мың гектарға ұлғайып, өңірдегі егіс алқаптары 500 мың гектарға жуықтамақ. І тоқсандағы инвестициялар бойынша өңір экономикасына түсім 48,2 млрд. теңге көлемінде болады деп күтілуде.
«Халықпен ақылдаса отырып, Елбасы тапсырмаларын орындай білуіміз қажет. Бұл жолы Батыс Қазақстан облысына негізінен әлеуметтік салаға қатысты министрлер келді. Инвестиция тартып, экономиканы нығайтумен бірге халықтың денсаулығын, білімін, әлеуметтік жағдайын ұмытпауымыз керек. Біз бүгін облыста Елбасы тапсырмаларына сәйкес көз қуантып, жүректі жылытатын істердің атқарылып жатқанын көрдік. Кәсіпкерлермен бір сағаттан астам уақыт пікірлесіп, көптеген қордаланған мәселелердің бар екендігін айқын сезіндік. Мұның бәрін Астанаға барғаннан кейін бір жүйеге келтіріп, жұмыстанатын боламыз. Соның ішінде тез арада шешілуі тиіс мәселелерге баса назар аудармақшымыз. Мұның бәрі де халықтың қамы үшін», деді жиынды қорытындылаған Бақытжан Сағынтаев.
Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдарға аталған мәселелердің барлығын бақылауға алуды тапсырды.
Осы күні Бақытжан Сағынтаев мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында салынған мектепке дейінгі балалар мекемесінің жұмысымен танысты.
Нысанды аралау барысында Премьер-Министрге балабақшаның қазіргі жұмысы жайлы баяндалып, дамыту бөліміндегі сабақтар көрсетілді.
200 орынға шақталған «Жәңгір хан» балабақшасы мемлекет-жекеменшік әріптестігі қағидаттарын қолданумен салынған. Мекеменің компьютерлік сауаттылыққа үйрету кабинеттері, өзін-өзі тану бөлмелері, сонымен қатар, шығармашылық бейнелеу студиясы бар.
Нұрлыбек РАХМАНОВ,
журналист
Батыс Қазақстан облысы