Соған сәйкес Үкімет басшысы Ақтөбе қаласының Кеңес Нокин ауылы тұсында ауылшаруашылық тәжірибе стансасының маңында орналасқан жаңа жылыжай кешенінің жай-күйімен танысты. Бұл құрылым республикамыздағы индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына сәйкес тұрғызылған. Жобаның жалпы құны 5 миллиард 740 миллион теңгені құрайды. Қазір өңір тұрғындарын қияр, қызанақ секілді көкөніс өнімдерімен қамту мөлшері 55 пайызды құрап отыр. Алдағы 2018 жылы аталған жылыжай кешені толық қуатына кірген кезде бұл мөлшер 100 пайызды құрамақ. Сонымен бірге, аталған өнімдерді экспортқа шығару да қарастырылуда.
Премьер-Министр облыстағы жұмыс сапары барысында жылыжай кешені құрылысына оң баға берді. Көлемі 9,5 гектардан асатын кешен қуаты жылына алты мың тонна өнім өндіруге арналған. Осы жерде өңірдегі аграрлық сектор мамандарымен пікір алмасқан Бақытжан Сағынтаев Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында айтылған аграрлық сектор экономиканың жаңа драйверіне айналу керектігінен туындайтын міндеттер жөнінде айтып берді. Содан соң Үкімет басшысы жылыжайда ұйымдастырылған азық-түлік өнімдерінің көрмесімен танысты.
Бүгін Бақытжан Сағынтаевтың жұмыс сапары одан әрі жалғасады.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы