Сарыарқа ауданындағы өндіріс аймағына аяқ басқан сәттен-ақ жұмыстың қызу қарқыны байқалады. Бір жерде металл кесіліп, енді бір жерде жаңа техниканың қаңқасы құрастырылып жатыр. Осы өндірістік алаңдағы маңызды жобалардың бірі – «Автокомпоненты KZ» зауыты. Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының, сондай-ақ «Астана даму орталығы» ЖШС қолдауымен іске қосылған кәсіпорын бүгінде елорданың өнеркәсіптік әлеуетін арттыруға үлес қосып отыр.
Көпшілік арнайы техниканы дайын күйінде көреді. Ал оның артында қаншама инженерлік есеп, технологиялық шешім мен жұмысшы еңбегі тұрғанын аңғара бермейді. Бұл кәсіпорында фургондар, коммуналдық-жол техникалары, өрт сөндіру машиналары, вахталық автобустар мен түрлі арнайы қондырғылар шығарылады.
Цех ішіне кіргенде өндірістің бірнеше кезеңі қатар жүріп жатқанын байқайсың. Лазерлік станоктар металл табақтарды дәлдікпен кесіп жатыр. Арғы бетте болашақ фургонның қаңқасы дәнекерленіп жатыр. Бір цехта панельдер дайындалса, келесі бөлікте бояу мен құрастыру жұмысы жүргізіледі.

Кәсіпорынның өндіріс жөніндегі директор орынбасары Эдгар Бенда өндірістің қалыптасу тарихына тоқталды.
«Бастапқыда компания импорттық жабдықтарды жеткізумен айналысты. Кейін осындай өнімдерді өз елімізде өндіруге болатынын түсіндік. Сөйтіп, өз өндірісімізді іске қостық. Қазір фургондарды толық циклмен шығарамыз. Бұрын мұндай өнімдердің басым бөлігі сырттан әкелінетін еді», дейді Эдгар Бенда.
Кәсіпорын нарықта он жылдан астам уақыттан бері жұмыс істейді. Кейінгі жылдары өндірісті жергіліктендіруге ерекше көңіл бөлінген. Бүгінде фургон техникасы өндірісіндегі жергілікті қамту үлесі 70 пайыздан асқан.
Зауытта коммуналдық қызметтерге арналған түрлі техникалар мен арнайы жабдықтар да құрастырылады. Қазір мұнда «Көпір» мекемесіне арналған жылжымалы автожөндеу шеберханасы дайындалып жатыр. Арнайы көлік ішінде жөндеу жұмысына қажетті құрал-жабдықтың бәрі қарастырылған.
Өндіріс алаңында жүріп, қазіргі заманғы технологиялардың өндіріс үдерісіне қалай енгенін анық байқайсың. Лазерлік кесу құрылғылары мен автоматтандырылған жүйелер өнім сапасын арттырып қана қоймай, жұмыс өнімділігін де еселей түскен. Зауыттағы еңбек мәдениеті де назар аудартады. Цехтар жарық әрі таза. Қызметкерлер қауіпсіздік талаптарына сай арнайы киіммен қамтамасыз етілген. Демалыс орындары да қарастырылған.
Бүгінде кәсіпорында елуге жуық адам еңбек етеді. Алдағы жылдары жұмысшы санын екі есеге жуық арттыру жоспары бар.
Алайда өндірістегі негізгі мәселелердің бірі – білікті кадр тапшылығы. Сондықтан жаңа мамандардың көпшілігі жұмыс барысында тәжірибе жинақтап, қайта даярлықтан өтеді.
Зауыт қызметкері Руслан Гарифуллиннің мамандығы – механик. Бүгінде ол механикалық-құрастыру жұмысының слесары ретінде еңбек етеді. «Еңбегіңнің нәтижесін көрудің өзі ерекше сезім береді. Бүгін құрастырған техникаң ертең ел игілігіне қызмет етеді. Оның үстіне тұрақты жұмыс пен лайықты жалақы адамға сенімділік береді», дейді жұмысшы.
Мамандардың айтуынша, мұндай кәсіпорындардың маңызы жыл сайын артып келеді. Өйткені олар дайын өнім шығарып қана қоймай, инженерлік тәжірибені қалыптастырады, жаңа жұмыс орындарын ашады әрі өңдеу өнеркәсібінің әлеуетін күшейтеді.
Зауыт ауласынан шыққан кезде бір нәрсе анық сезіледі. Мұнда жай ғана техника құрастырылып жатқан жоқ. Бұл кәсіпорында тәжірибе жинақталып, жаңа өндірістік мәдениет қалыптасып келеді. Металл мен механизмнің арасында ел өнеркәсібінің ертеңі де шыңдалып жатқандай әсер қалдырады.