Кеңес жұмысына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, Мәдениет және ақпарат министрлігі, жергілікті атқарушы органдар, мердігер ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің басшылығы қатысты.
Жиын барысында Аида Балаева қатысушылардың ауқымды жобаны іске асыру барысы жөніндегі баяндамаларын тыңдады.
Жаңа жоғары оқу орны М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің Мәдениет және өнер факультетінің базасында құрылады. Жоспарға сәйкес оқу орнында 6 факультет, 17 кафедра және бакалавриат, магистратура мен докторантура бойынша 46 білім беру бағдарламасы жұмыс істейді. Негізгі басымдық кино және телевидение, анимация, медиа-менеджмент, цифрлық дизайн, сценография және өзге де бағыттар бойынша техникалық кадрлар даярлауға беріледі.
Сонымен қатар Қазақстанда алғаш рет цирк өнері саласында жоғары білімді мамандар даярлау жоспарланып отыр. Реставраторлар даярлау да жаңа бағыттардың бірі болмақ.
Кездесуде Шымкент қаласында жаңа Опера және балет театрын салу мәселесі де қаралды. Бұл нысанға қала әкімдігі жалпы аумағы 2,8 гектар болатын жер учаскесін белгілеп қойған. Жобаға сәйкес театрдың көрермен залы 1500 орынға лайықталып салынады.
Қазіргі уақытта қалада 1984 жылы салынған, 330 көрерменге арналған Опера және балет театры жұмыс істеп тұр.