Қазақтай шуақты шаңырақтың астында кереге болып жайылып, уық болып шаншылған ұлттардың бірі – орыс халқы. Олар ұлты басқа болғанымен, өздерін осы елдің төл перзентіндей сезініп, қазақ халқының салт-дәстүрі мен рухани құндылықтарына терең құрметпен қарайды. Қазақ тілін меңгеріп, ұлттық тағамдарды әзірлеп, дәстүрлерді дәріптеп, ел ішіндегі бейбітшілік пен келісімге өз үлесін қосып келеді. Осындай татулық пен бірліктің жарқын үлгісін көрсетіп отырған отбасылардың бірі, 19 түрлі ұлттың ортақ мекеніне айналған Атырау облысы, Махамбет ауданының тұрғындары – Тарабриндер әулеті.
1950 жылы Бақсай ауылында дүниеге келген Владимир Тарабрин Мәскеу қаласында Отан алдындағы әскери борышын өтеп келген соң ПМК құрылыс мекемесінде краншы болып еңбек жолын бастайды. Жылдар бойы адал еңбек етіп жүрген шағында тағдыр оны өмірлік серігі Райса Павловнамен табыстырады. Чувашия Республикасының Чебоксары қаласынан сылақшы мамандығын меңгеріп келген Райса Павловна екеуі шаңырақ көтеріп, екі қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Өкінішке қарай, отағасы Владимир осыдан жеті жыл бұрын дүниеден өтті.
Тарабриндер отбасындағы тұңғыш қыз Оксана 1972 жылы дүниеге келген. Бүгінде есімі бөлек демесеңіз, қазақ тілінде еркін сөйлейтін, қазақы болмысты бойына сіңірген жан. Ол О.Шонаев атындағы орта мектепті тәмамдап, Чебоксары қаласындағы жоғары оқу орнында техник-электрик мамандығын игерді. Еңбек жолын туған жері Махамбет ауданында бастап, 1993 жылы Д.Төленов атындағы мектеп-гимназияға физика-математика лаборанты болып жұмысқа қабылданды.
– Балабақшада орыс тобында, мектепте орыс сыныбында білім алсақ та, айналамыздағы жандардың басым бөлігі қазақтар болды. Қазақ балаларымен бірге ойнап өскен соң тілді үйрену қиынға соқпады. Қыздарым да қазақ тілінен олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындар алды. Біз қазақ ұлтымен сіңісіп кеттік. Қонақжайлық, үлкенге құрмет көрсету сияқты қасиеттерді бойымызға сіңірдік. Ұжымда да мені өзге ұлт деп бөлмей, өз қыздарындай қабылдады. Қазақ халқының дархан пейіліне ризамыз, – дейді Оксана.
2001 жылдан бері мектеп директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін абыроймен атқарып келеді. 28 жасында Николай есімді азаматпен шаңырақ көтеріп, екі қыз тәрбиелеп өсірді. Үлкен қызы Виктория Алматы қаласында жоғары білім алып, қызметке орналасқан. Кенже қызы Дарья – Атырау университетінің студенті.
Тарабриндер әулетінің қазақ халқымен туыстық байланысы екінші қыздары Наташаның махамбеттік Руслан есімді азаматқа тұрмысқа шығуымен нығая түсті. Бұл – ұлттар арасындағы достықтың туыстыққа ұласқан жарқын көрінісі. Өмірге үш перзент әкеліп, бүгінде немере сүйіп отыр. Руслан өмірінің соңына дейін аудандық ветстанцияда еңбек етті. Ал Наташа 2002 жылдан бері Д.Төленов атындағы орта мектепте іс жүргізуші болып қызмет етеді.
Отбасының кенжесі Олег те туған жерінде еңбек етіп жүрген азамат. Әскери борышын өтеп, слесарь мамандығын меңгерген ол бүгінде адал еңбегімен ел игілігіне үлес қосып жатыр.
Алғыс айту күні – осындай тағдырлар тоғысынан туған достық пен ризашылықты еске алатын мереке. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» деген халқымыздың нақылы Тарабриндер секілді отбасылардың өмірінен айқын көрінеді. Олар қазақ жерін Отаным деп танып, еліміздің өсіп-өркендеуіне аянбай еңбек етіп келеді. Тәуелсіз еліміздің басты жетістіктерінің бірі – татулық пен келісім. Бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің қазақ халқына деген алғысы мен ризашылығы – бейбіт өмірдің айғағы.