Осындай жобалардың бірі – халықаралық компания Mars-пен жасалған инвестициялық келісім. Бұл Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешені мен өңдеу секторына жаңа технологиялар мен өндірістік мәдениет әкелуге бағытталған қадам ретінде қарастырылады. Президенттің АҚШ-тағы келіссөздері дәл осындай жобаларға жол ашып, америкалық ірі бизнеспен экономикалық әріптестіктің үздік модельдерін кеңейтуге түрткі болды. Экономист Юлия Баева АҚШ сапарының инвестициялық маңызын, жоғары қосылған құнды өндіріс трендін және ұзақмерзімді серіктестік форматының Қазақстан экономикасына ықпалын талдап береді.
– Жоғары қосылған құнды өнім өндіру және оны дамыту – жаңа тренд. Mars секілді келісімдер Қазақстан экономикасының құрылымын өзгерте ала ма?
– Ішкі де, сыртқы нарыққа бағытталған жоғары қосылған құнды өнім шығару – біздің индустриялық саясаттың басты міндеттерінің бірі. Үй жануарларына арналған жемнің жоғары технологиялық өнім деп айту қиындау болса да, мұндай инвестициялық жобалар еліміздің аграрлық саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, жаңа технологиялардың енгізілуіне ықпал етеді.
Бұл келісім шетелдік қана емес, отандық инвесторлар үшін де елімізде өңдеу өнеркәсібінде нақты жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін көрсететін маңызды белгі. Осындай жобалардың кеңеюі мен тираждалуы Қазақстан экономикасын әртараптандыруға елеулі үлес қоса алады.
– Қазақстан Орталық Азияда ПИИ көлемі бойынша көшбасшы. Инвесторлар үшін басты тартымды фактор — ресурстар ма, география ма, әлде институттық реформалар ма?
– Қазақстан шын мәнінде шетелдік капитал тарту бойынша аймақта белгілі бір деңгейде көш бастап келеді. Елдің инвестициялық тартымдылығының негізгі факторы – бай ресурс базасы және оны игерудің қолайлы жағдайлары: капиталды қауіпсіз енгізу және шығару, инвесторлар үшін қолайлы өнім бөлісу келісімдері, салықтық тұрақтылық.
Тартымдылық ресурстық жобалардың жоғары рентабельділігімен, сондай-ақ институционалдық ортадағы қолайлы жағдайлармен нығая түседі. Дәстүрлі түрде шетелдік инвестицияның ең көп тартылған саласы – мұнай және газ өндіру секторы. Кей жылдары бұл салаға бағытталған тікелей инвестиция көлемі 56%-ға дейін жетті (2018–2019 жж.).
Сонымен қатар, шикізаттық сектордың дамуы өңдеу саласына да жаңа мүмкіндіктер ашады. Мысалы, Атыраудағы полиэтилен өндіретін зауыттың құрылысы – мұнай-газ химиясының дамуына негіз болатын ірі жоба.
Географиялық фактор да соңғы жылдары күшейді. Қазақстанның транзиттік әлеуетін ашу талпынысы көтерме сауда, көлік және логистика салаларындағы инвестиция көлемінің артуына әсер етіп отыр.
АҚШ-қа тікелей әуе рейсін ашу мақсатында елімізге Boeing 787 Dreamliner ұшақтары жеткізіледі
– Валдық және таза тікелей инвестициялар арасындағы айырмашылыққа назар аудару неге маңызды?
– Валдық көрсеткіш бізге инвесторлардың елге қанша қаражат енгізгенін көрсетеді: акционерлік капиталға қатысу (10%-дан жоғары), елде тапқан табысты қайта инвестициялау немесе компаниялар арасындағы қарыз беру. Бұл көрсеткіш ұзақ жылдар бойы 20 млрд доллардан жоғары болды, алайда соңғы екі жылда 14 млрд долларға дейін төмендеді.
Бірақ одан да маңыздысы – таза тікелей инвестициялар көлемі. Өйткені бұл көрсеткіш елден шығарылған капиталды да ескереді. Мысалы, инвестордың елден толық немесе ішінара кетуі.
2024 жылы Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша аймақтағы көшбасшылығын Өзбекстанға берді. Соңғы екі жылда таза инвестицияның көлемі тиісінше 0,15 млрд және 1,18 млрд долларды ғана құрады. Бұл елден шығарылатын пайда көлемінің өсіп, жаңа жобаларға қатысатын инвесторлар санының азаюын көрсетуі мүмкін.
Қазақстан мен АҚШ корпорациясы бірлескен инфрақұрылым жобаларын талқылады
– Қазір бір реттік мәмілелерден гөрі ұзақмерзімді серіктестік құру туралы жиі айтылады. Мұндай тәсіл экономика үшін нені білдіреді және ол жаһандық турбуленттік жағдайында қаншалықты тұрақты?
– Бұл тәсілдің өз артықшылықтары да, белгілі шектеулері де бар. Ұзақмерзімді серіктестік бизнес үшін серіктестерді іздеуге кететін шығындарды азайтады, ынтымақтастықтың болжамдылығын арттырады, ал сенім деңгейінің жоғары болуы транзакциялық шығындарды азайтады.
Глобалдық турбуленттік жағдайында ұзақмерзімді серіктестік өзіндік тұрақтандыру механизмі ретінде жұмыс істейді: дағдарыстар мен сыртқы шоктарға төзімділікті күшейтеді.
Алайда мұндай серіктестік бизнестің икемділігін төмендетеді: нарықта тиімдірек шарттар ұсынатын жаңа контрагентке ауысу қиынға соғуы мүмкін. Сол себепті компаниялар ұзақмерзімді келісімдер мен бір реттік мәмілелердің пайдасы мен тәуекелдерін әрқашан мұқият өлшейді.