Аймақтар • Бүгін, 08:20

Тұрғындар түйткілін кім шешеді?

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Облыс орталығы Түркістанда кейінгі жылдары халық саны артқан. Осы тұрғыда тұрғындарды баспанамен қамту – өзекті мәселенің бірі. Одан бөлек, қалада 95 мыңнан аса адам жеке тұрғын үй салу үшін тегін жер телімін алу кезегінде тұр. Олардың алды 25 жылдан бері кезегін күтіп жүр. Ал қалада 2005 жылдан бастап жер беру тоқтатылған.

Тұрғындар түйткілін кім шешеді?

Бұл мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің Түркістан қаласы тұр­ғындарымен кездесуінде көтерілді. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлының мәлім­деуінше, құрылыс жұмыстарының көлемі 275,4 млрд теңгені құрап, өткен жылы жоспар 112,5% деңгейінде орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 552,6 мың шаршы метрді құрап, жоспар 102,2%-ға орындалыпты. Мысалы, Жаңа қала шағын ауданында кейінгі 3 жылда 67 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілген.

Дегенмен тұрғын үй мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Бұл орайда облыс әкімі алдағы жылдарға жоспар құруды тапсырды. Жер телімін алу кезегінде тұрған тұрғындардың мәселесіне қатысты облыс әкімдігі арнайы жоба әзірлегені, оған сай 1 600-ден аса кезекте тұрған адамға жер берілетіні айтылды. Облыс әкіміне көкейде жүрген мәселесін жеткізген түркістандық азамат тұрғын үй кезегінен шығарылуына байланысты наразылығын білдіріп, қызына мемлекет тарапынан берілген пәтердің сапасына шағымданды. Өтініш иесінің атында үй болғандықтан, тұрғын үй кезегінен шығарылған. Дегенмен бұл мәселе зерделеніп, заң аясында шешімін табады.

ел

Құрылыс сапасына қатысты мердігерлерге кемшілікті қалпына келтіруге уақыт берілді. Бұдан бөлек, көпқабатты тұрғын үйлерді басқару компаниясының сапасыз жұмысы, жөндеу жұмыстарының сапасы, бейнебақылау камераларының істен шығуы, тұрғын үй аулаларын абаттандыру бойынша мәселелер айтылды.

Жер телімін алуға қатысты түйткілдер де көтерілді. Сонымен қатар психологиялық-педагогикалық түзету орталығын ашу қажеттілігі туралы ұсыныс білдірілді. Жалпы, кездесуде қала тіршілігіне қатысты көтерілген мәселе аз болмады. Бұл орайда облыс әкімі қала басшысына кейбір қажетсіз жобаларды тоқтатып, халықтың сұранысына қажет дүниелерді шешу керектігін айтты.

– Қала тұрғындары өз мәселелері бойын­ша қала әкіміне келеді. Бірақ олар сіздің жауабыңызға қанағаттанбай, сосын облыс әкіміне арыз-шағымын жолдайды. Мысалы, былтырдың өзінде 363 қала тұрғыны облыс басшысының жеке қабылдауына жазылды. Осыларды толық әрі жан-жақты зерделеп, қала деңгейінде шешуді тапсырамын, – деді Нұралхан Көшеров қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлына.

Былтырғы жұмыстар жөнінде баяндама жасаған қала әкімі жалпы өңірлік өнім көлемі 526,3 млрд теңгеге жетіп, 16,3%-ға артқанын, өнеркәсіп өнімінің көлемі 45,9 млрд теңгені құрап, өңдеу өнеркәсібі 29 млрд теңгеге жеткенін атап өтті. Негізгі капиталға тартылған инвестициялар 502,7 млрд теңгеге дейін ұлғай­ды. Сондай-ақ сауда көлемі 193,9 млрд теңгеге жетіп, жоспар 161,9%-ға артығымен орындалған.

– Қазір қаланың экологиялық ахуалын жақсарту, тұрғындарға қоғамдық жайлы орта қалыптастыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, өткен жылы қала аумағында 36 саябақ, 80 гүлзар мен аллея, 168 көше, 16 жасыл алқап аумағында көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Жалпы алғанда, 1,4 миллионнан астам ағаш, 410 мыңнан астам бұта отырғызылып, жасыл желек көлемі ұлғайтылды, – деді Әзімбек Пазылбекұлы.

Есептік кездесуде тұрғындар тарапынан жерді заңдастыру, баспанамен қамту, инфрақұрылым, қоғамдық көлік, тұрғын үйлердегі кемшіліктер, әлеуметтік қолдау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жол сапасы, білім, туризмді дамыту, әлеуметтік нысандар құрылысы, өзге де мәселелер қозғалды.

– Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, облыс әкімдеріне барлық аудан, қала­лар­дың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу міндеттелген. Былтырғы кездесуде Түркістан қаласы бойын­ша 17 мәселе көтерілген. Олардың 16-сы шешімін тапты, 1 мәселе биыл шешіледі. Тұрғындар тілегіне орай спорт кешендерінің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. Одан бөлек, 111 көшеге асфальт төселді. Осының барлығы сіздердің қала тұрғыны ретінде белсенді ұстанымдарыңыз бен жергілікті әкімдікпен бірлесе атқарған жұмыстардың нәтижесінде жүзеге асты, – деді Н.Көшеров.

Облыс әкімі кездесуден соң жеке қабылдау өткізді. Тұрғындар көтерген мәселелерге қатысты тиісті басқармалар мен жауапты мекемелерге заң аясында жан-жақты зерделеп, нақты шешім қабылдау жөнінде тапсырма берілді. Бірқатар мәселе сол мезетте шешімін тапты. Өңір басшысы халықпен кері байланысты күшейту, әлеуметтік маңызы бар мәселелерді кезең-кезеңімен шешу жұмыстары жалғасатынын айтты.

 

Түркістан облысы 

Соңғы жаңалықтар

Елдік тұжырымдама

Пікір • Бүгін, 08:50

Ғасыр үні жаңғырған кеш

Руханият • Бүгін, 08:30

Тұрғындар түйткілін кім шешеді?

Аймақтар • Бүгін, 08:20

Жарыс күнделігі

Спорт • Бүгін, 08:10