Саясат • Бүгін, 09:00

Елдік мүдде мен іргелі қағидаттар негізі

20 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастаған «Әділетті және прогрессивті Қазақстанның халықтық Конституциясы үшін!» жалпы­ұ­лттық коалициясы Қарағанды облысына барды. Жұрт­шылықпен, профессор-оқытушы құрамымен, студенттермен, шах­терлермен, мәдениет қайраткерлерімен, жергілікті мәдени қауым­дастықпен, ауыл тұрғындарымен кездесулерде жаңа Ата заң жоб­а­сы­ның мазмұнына қатысты орамды ой-пікірлер айтылды.

Елдік мүдде мен іргелі қағидаттар негізі

Жаңа Конституция жоба­сы­­ның нормалары жөніндегі талқы­лау Қарағанды облысы­ның жұртшылығымен және Қазақ­стан халқы Ассамб­леясы­ның өкіл­дерімен кездесуден басталды. Достық үйінде қоғам қайрат­кер­лері, этномәдени бірлестіктер өкіл­дері, мәслихат депутаттары және пікір көшбас­шыларынан құралған 200-ге тарта адам жиналды.

Кездесуде айтылған негізгі мә­се­лелер биліктің барлық тарма­ғын жаңарту, этносаралық бейбітші­лік мәселелері, қазіргі қоғамдық келі­сім институттарының транс­­фор­­мациясы және жаңа консуль­тативтік орган – Халық кеңесін құру болды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов жаңа Конституция жоба­сының құндылықтары қоғам­ды әділдік, заңдылық және бар­лық аза­мат­тарға тең мүмкіндік­тер сияқ­ты айқын және түсінікті басым­дық­тар негізін­де біріктіретінін атап өтті.

«Тәуелсіздікті сақтау мен нығай­­ту жолындағы басты міндет – мем­лекетіміздің ішкі тұрақ­ты­лығын және тұтастығын қамта­масыз ету. Бұл мәселе жаңа Ата заң жобасында нақты көр­сетілген. Онда билік институт­тарының құзыреттері мен функция­лары айқын әрі нақты белгіленіп, олардың арасындағы теңгерім толық сақталған. Жаңа Конс­титу­ция жобасында Қазақстанда прези­денттік басқару формасы сақтала­тыны, Мемлекет басшысы Конс­титуцияның кепілі болып, мем­лекеттік аппараттың үздік­сіз, үйлесімді әрі жүйелі жұмы­сын қамтамасыз ететіні көрсетілген», деді Е.Қошанов.

Мәжіліс төрағасы атап өткен­дей, жаңа Конституция жобасы – прези­денттік реформалар бағытының жүйелі іске асырылуы мен кең ауқымды қоғамдық талқылаудың нақты нәтижесі.

Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің трансформациясы туралы сөз қозғалғанда коалиция мүшелері Ассамблеяның тұрақтылықты қамтамасыз етіп, этносаралық келісімді нығайтуда маңызды тарихи рөл атқарғанын атап өтті. Президент ұсынған жаңа институт – Халық кеңесі халық бірлігін нығайтудағы жаңа қадам болып, этномәдени бірлестіктердің өкілдерін, мәслихат депутаттарын және азаматтық сектор өкілдерін біріктіруге тиіс.

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілханов сөзінде халықтық Конс­титуция қоғамдық келісім, халық бірлігі және этносаралық диа­лог қағидаттарын нығайтатынын атап өтті. Оның айтуынша, құжат «біз әртүрліміз, бірақ теңбіз» қағидатын бекітіп, этносына немесе өңіріне қарамастан, барша азамат мүмкіндігінің теңдігіне кепілдік береді.

Аймақтық коалиция мүшесі және «Вайнах» бірлестігінің төрағасы Увайс Джанаев Қарағанды тарихи тұрғыда көпэтносты өңір екенін атап өтті. Қазіргі уақытта мұнда 60-тан аса этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Ол жаңа буын Ассамблея мүшелерінің қоғамдық жұмысқа белсене араласатынына тоқталды.

Мазмұнды әңгіме Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінде зиялы қауым өкіл­дері, профессорлық-оқыту­шы­лық құрам мен студент жас­тар арасында жалғасты. Талқы­лау­ға шамамен 500 адам қатыс­ты. Ашық форматтағы диа­лог қатысу­шы­ларға жаңа Конститу­ция­ны қа­был­даудың тарихи маңызы, бі­лім жүйесінің болашағы, жас­тар мен интеллектуалды ең­бек­тің ел дамуына қосатын рөлі жөнін­де пікір алмасуға мүмкіндік берді.

Кездесуде Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа Ата заң жобасында ел дамуының басым бағыттары ретінде алғаш рет ғылым мен білім бекітілгенін атап өтті.

Коалиция мүшелері қоғамда жаңа Конституция жобасының мазмұны туралы терең пікір қалып­тастырушы ретінде оқытушылар мен академиялық қауымдастықтың рөлін ерекше атап өтті. Кездесу барысында қатысушылар білім, ғылыми зерттеу қызметі, ғылыми жобалар мен инновациялық бастамаларды қолдау Ата заңның басым бағыттарына айналатынын айтты.

«Qarmet» кәсіпорнында шахтерлер мен металлургтер кәсіп­одақ ұйымдарының басшыларымен және өкілдерімен әңгіме мазмұнды өтті. Кәсіподақ өкілдері жаңа Конституция мәтінімен танысқанын және ондағы негізгі идея – «Адам мемлекет үшін емес, мемлекет адам үшін» қағидасын толық қолдайтынын атап өтті. Ең­бек адамдарының пікірінше, құ­жат­тағы негізгі басымдықтар ты­ныш­тық пен тұрақтылық, ертеңгі күн­ге сенім және отбасыларының аман­дығы мен әл-ауқаты болып отыр.

Ақындар, жазушылар мен терме­шілердің қатысуымен өткен диалог шығармашылық маман­дықтарды қолдау, тарихи дәстүр­лерді сақтау және мәдени мұраны жаңа Конституцияда бекіту мәселелеріне бағытталды.

Коалиция мүшелері зиялы қауым назарын алдағы рефе­рен­думның тарихи маңызына аударып, бұл келер ұрпақ үшін ұлттық өнерді дамыту мен сақтау­дың берік құқықтық негізін қалып­тас­ты­ратынын жеткізді.

Жалпыұлттық коалицияның сапары Бұқар жырау ауданына қарасты Гагарин ауылында өз мә­ресіне жетті. Мұнда ауыл тұрғын­дары – қандастар, қарттар, жастар, белсенді азаматтармен кездесу өтті.

Талқылаудың басты тақырыбы Ата заңның жаңа редакциясында адамның өмірі мен қадір-қа­сие­тінің ең жоғары құндылық ретінде бекітілуі болды. Өз кезегінде ауыл тұрғындары адам капиталын білім, ғылым және инновация­лар арқылы дамыту маңызды ба­сымдық екенін атап өтті.

Барлық кездесудің қорытын­дысы бойынша Қарағанды облысының тұрғындары референ­думға қатысу елдің алдағы бағытын қалыптастыратын маңызды қадам екенін атап өтті. 

Соңғы жаңалықтар

Қайтарылған активтің игілігі

Аймақтар • Бүгін, 08:40