Көрме экспозициясы орталық музейдің этнографиялық қорында сақталған сирек әрі құнды жәдігерлер негізінде ұйымдастырылған. Мұнда жүннен басылып және тоқылып жасалған дәстүрлі тоқыма бұйымдары – «тұскиіз», «текемет», «сырмақ», «алаша», «қоржын», «боғжама», сондай-ақ матадан тігілген, кестемен безендірілген «тұскілем», «қарақас», «жем дорба» сияқты бұйымдар ұсынылған. Сонымен қатар ағаш пен теріден жасалған тұрмыстық және шаруашылыққа арналған «сандық», «кебеже», «торсық», кесеқаптар, сықырлауық (ағаш есік) секілді этнографиялық экспонаттар да экспозицияның елеулі бөлігін құрайды.
«Көрмедегі бұйымдардың көркемдік ерекшелігі ою-өрнектердің әртүрлі тәсілмен орындалуынан көрінеді. Киіз бұйымдарда өрнек басу, ойып қию, жапсыру және сыру, қиюластыру әдістері арқылы айқын композициялар жасалған. Тоқыма бұйымдарда өріп тоқу, терме, басқұр тоқу тәсілдері қолданылып, өрнек жіптің түсі мен құрылымы арқылы көрініс табады. Матадан тігілген тұскиіздер мен тұскілемдерде ою-өрнек кестелеу, зерлеу, алтын және күміс жіппен тігу арқылы бейнеленіп, жиектері мата, аң терілерімен жұрындалған. Ал, ағаш пен тері бұйымдарында өрнек ою, күйдіру және бедерлеу тәсілдерімен түсіріліп, олардың тек тұрмыстық емес, эстетикалық маңызын да айқындайды», дейді Ұлттық орталық музей Антропология және этнология бөлімінің кіші ғылыми қызметкері Сафия Аязбаева.

Экспозицияда қазақ ою-өрнек өнеріне тән зооморфтық, геометриялық және өсімдік тектес өрнек түрлері кеңінен қамтылған. Әсіресе молшылық пен берекенің, өміршеңдіктің нышаны саналатын «қошқар мүйіз» оюы көптеген бұйымдардың көркемдік өзегіне айналған. Ою-өрнектердің ғасырлар бойы өзгермей, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқаны ұлттық шеберлік өнеріміздің рухани сабақтастығының дәлелі дейді өнертанушылар.
Стефани Бауэрле: Қазақтың ою-өрнектерінен өмірдің өзін көрдім