Қазір аталған мекеме коллекциясында мыңнан астам экспонат бар. Бұлардың дені – әртүрлі мүсіндер, картиналар, қолжазбалар, ғұрыптық заттар және графикалық туындылар. Бұл жәдігерлер уақыттық тұрғыдан – біздің заманымыздың ІІ ғасырынан бастап, ХХ ғасыр аралығындағы дүниелер.
Осылардың ішінде дала көшпелілеріне тән құнды зат – әшекейлі ертоқым. Музей анықтамасында – ердің өлшемі 13 х 26 х 14 дюйм (бас бармақ өлшемі – шамамен 2,5 см) деп көрсетіліп, жалпы тұлғасы (корпусы) ағаштан шауып құрастырылған, алдыңғы қасы шаршы пошымдас биік біткен. Оның қас беті алтын оюмен әшекейленген. Оюдың безендірілу сипаты – шығыс стилін сақтаған. Аса нәзік һәм аң бейнелі мүсіндермен шебер көмкерілген. Артқы қасы жайпақ. Отыруға өте қолайлы. Ердің қос қапталының қанжығалығына алтын өрнек салынған.
Жәдігердің тағы бір ерекшелігі – қапталы мен қасының қыры берік темір бұйыммен көмкеріліп, көпшігі жұмсақ матамен жасалса, тебінгі тоқымына жібек пұл пайдаланылып, іші мақтамен астарланыпты. Жасалған уақыты – ХVIII немесе ХІХ ғасыр шамасы дейді мамандар.
«Жәдігердің ақы иесі кім?» дегенге тоқталсақ зерттеушілер бірауыздан: «Ертоқым иесі көшпелілер», дейді. Бір қызығы, бұл ер екі ғасыр бұрын патшалық Ресей құрамындағы Азиядан (қазақ даласы) Метрополитен өнер мұражайына (АҚШ) жеткізілген ерлерге қатты ұқсас. Осыған қарап бұл ер-тұрман қазақтың бұйымы болуы мүмкін.
Экспонатты музей қорына 2013 жылы америкалық коллекционер, меценат, Леон Дж. Вейл (Leon J. Weil) сыйға тартыпты. Бұл кісі 1984–1987 жылдары АҚШ-тың Непалдағы елші министрі қызметін атқарған кезінде тибеттік тұлғадан сатып алғаны туралы айтылады.