Білім • Бүгін, 09:39

Қаңтардағы ҰБТ: Тестілеу ережесін бұзған 120 адамның нәтижесі жойылды

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2026 жылғы қаңтардағы ҰБТ-ны 184 мыңға жуық адам тапсырды. Талапкерлердің 75%-ы тестілеуден өту үшін қазақ тілін, 25%-ы орыс тілін, 113 адам ағылшын тілін таңдаған, деп жазады Egemen.kz.

Қаңтардағы ҰБТ: Тестілеу ережесін бұзған 120 адамның нәтижесі жойылды

Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, талапкерлердің 68%-ы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа балл 64-ті құрап, ең жоғары көрсеткіш ретінде 138 балл тіркелген.

«Талапкерлердің тест тапсырмаларының мазмұны бойынша тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беру құқығы бар. Техникалық себептер бойынша апелляция тікелей тестілеу кезінде қабылданады. Бұл жолы 19 мыңға жуық өтініш қабылданып, олардың ішінде 2 бірегей тест тапсырмасына қатысты өтініштер қанағаттандырылған. Республикалық комиссия жұмысын аяқтады, талапкерлердің сертификаттары жеке кабинетте қолжетімді», делінген министрлік таратқан хабарламада.

Ақтөбелік оқушы ҰБТ-дан 138 ұпай жинады

Тестке қатысушылардың басым бөлігі – 19,2%-ы «Математика-Физика» комбинацияларын таңдаған. «Биология-Химия» пәндерін – 16,8% талапкер таңдаған. Сондай-ақ тест тапсырушылардың – 9,8% «Шығармашылық емтихан» комбинациясы бойынша білімін сынаған.

Ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 446 талапкер қатысқан.

«ҰБТ-ны өткізу барысында 320 ереже бұзушылық анықталды. 198 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 120 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижесі жойылды. Бейне бақылауды тексеру нәтижесінде 2 адамның сертификаты жарамсыз болды. Өзге адамдардың орнына кіру фактілері анықталған жоқ», делінген министрлік таратқан хабарламада.

Министрлік: ҰБТ трансформациясы 2027 жылы басталады

Айта кетейік, 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін күнтізбелік жылдың 31 қазанына дейін бейнежазбаларға талдау жүргізіледі. Тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ережелерді бұзу фактілері анықталған жағдайда ҰБТ нәтижелері жойылады.

Соңғы жаңалықтар