Шығыстың қай бұрышы болсын, кенепті «керіп» жіберіп, этюд жазуға сұранып-ақ тұр. Сылдырап аққан бұлақ, күркіреп аққан өзен көп. Алтайды айтпағанның өзінде Нарын, Қалба жоталарының сыңсыған орманы, толқыған көлдері қаншама? Бұл жолы қылқалам шеберлерінің таңдауы Ұланның даласына түсті. Қалбаның қожыр-қожыр сілемдері мен бел-белесін кенепке жазды.
Пленэрді облыстық өнер музейінің басшылығы ұйымдастырды. Мұндай дәстүрлі жоба жылына екі рет өтеді. Бірі – жаздың жайма шуағында болса, екіншісі – күздің мизам шуағы. Азды-көпті суретшілердің басы қосылатын іс-шараның бірі де осы. Қылқалам ұстаған өнер иелері бір-бірімен қауышып, арқа-жарқа болысады. Тіс қаққан шеберлер жастарға жол көрсетіп, бағыттайды. Табиғат аясындағы бұл жолғы пленэр де солай болды.
– Жыл сайын суретшілерді жинап, табиғат аясына шығып тұру бұрыннан келе жатқан дәстүріміз. Бұған дейін Шығыстың бірқатар аудандарынан этюд жазғанбыз. Сөйтіп, көрме өткіземіз. Осы өнер сапарына оннан астам кәсіби суретші қатысты, – дейді облыстық өнер музейі директорының орынбасары Есенбол Нақтыбай.
Ұлан ауданында өтіп жатқан пленэрге Ержан Тұрғанбаев, Гүлнар Бекбердинова, Мәди Қайырхан, Данияр Алдабергенов, Әділет Ниязбеков сынды танымал қылқалам шеберлері қатысты. Олар өздері таңдаған орындарға жайғасып, әп-сәтте қос-қостан этюд жазды.
– Пленэрді суретшілер қауымы ұзақ күтеді. Әрине, әркім өз бетімен шығып, этюд жаза бере де алады. Алайда бәріміздің басымыз қосылып, тәжірибе алмасатын алаң осы. Сондықтан бұдан да жиі ұйымдастырылып тұрса екен, – дейді жас суретші Мәди Қайырхан.
Жиі шықпаса да, еңбектері ескерілсе екен дейміз. Әйтпесе, мәдениет қызметкерлері күні марапатталып жатқан өнер майталмандарының ішінен бірде-бір суретшіні көрмеген едік. Алдағы уақыттарда бұл олқылықтың орны толатын шығар. Айтқандай, жұмыстардың нәтижесін өнер музейі ұйымдастыратын көрмелердің бірінен тамашалай аламыз.
Шығыс Қазақстан облысы,
Ұлан ауданы