АҚШ-тың Сент-Луис қаласында еркін күрестен ұйымдастырылған RAF 10 турнирінде Ризабек Айтмұхан америкалық апайтөс Хейден Зилмермен күш сынасып, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Жарыстың басты белдесулерінде армениялық Арман Царукян АҚШ-тың арланы, UFC-дің экс-чемпионы Тони Фергюсонды айқын жеңсе, БАӘ-нің туы астында өнер көрсетіп жүрген чешен жігіті Хамзат Чимаев пен тағы бір америкалық спортшы Диллон Дэнис арасындағы айқас жаппай төбелеске ұласты. Бәсеке барысына Диллон Хамзатты қылқындырмақ болды. Ал RAF жарыстарында ондай тәсілді қолдануға қатаң тыйым салынған. Төбелес тоқтатылғаннан кейін жеңіс Чимаевқа берілді.
Жақында Сербиядағы турнирде ең үздік бапкер деп танылған Бақыт Сәрсекбаев күні кеше ғана Солтүстік Македонияда дәл сондай құрметке бөленді. Бейжің Олимпиадасының жеңімпазы жаттықтырған еліміздің жастар құрамасы Мирослав Петрович мемориалының жалпы командалық есебінде бірінші орын алды. Отандық боксшылар арасынан Арман Мырсәбит (55 кг), Нұрмұхаммед Алдаберген (65 кг), Шамсат Лесбай (75 кг) бас жүлде олжалады.
Ел теннисшілері қарт құрлықта өткен түрлі турнирлерде бақ сынады. Лондондағы доданың басты фавориті саналған әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина ширек финалдан аса алмады. Ол WTA рейтингінде 73-орынды еншілеген ұлыбританиялық Кэти Бултерден 5:7, 6:2, 4:6 есебімен ұтылды. Александр Бублик Штутгартағы жарыстың жартылай финалында Тэйлор Фрицпен күш сынасты. Отандасымыздың АТР рейтингінде өзінен екі саты жоғары тұрған АҚШ теннисшісіне әлі жетпеді – 4:6, 4:6. Александр Шевченко Братиславадағы бәсекенің финалына шықты. Бас жүлде үшін тартыста ол жапониялық Чина Таро Даниэльге есе жіберді – 6:3, 0:6, 6:7. Дмитрий Попко АҚШ-тағы турнирдің ширек финалында аустралиялық Энцо Агиярдан айласын асыра алмады – 3:6, 6:7.
Футболдан еліміздің Премьер-лигасының 13-турындағы басты бәсеке Семейде «Елімай» мен «Ордабасы» арасында өтіп, шымкенттіктер жеңіске жетті – 1:3. Олардың басты қарсыласы «Қайрат» өз алаңында «Атыраумен» тең ойнады – 1:1. Негізі матч алматылықтардың басымдығымен өтті. Олар 69-минутқа дейін алда тұрды. Бірақ сол мезетте қақпашы Темірлан Анарбековтің қателігін пайдаланып, аяғындағы допты тартып алған Айбар Абдулла таразы басын теңестіріп кетті. Қалған матчтардың нәтижелері мынадай: «Тобыл» – «Қызылжар» 2:0, «Жетісу» – «Оқжетпес» 2:2, «Ұлытау» – «Жеңіс» 2:1, «Астана» – «Ертіс» 2:0 , «Каспий» – «Қайсар» 1:2, «Ақтөбе» – «Алтай» 2:0.