Бүгінде футболдан ел Премьер-лигасындағы бәсеке қыза түсті. 12 турдан кейін чемпиондыққа қай команданың қол жеткізетінін нақты болжау қиын. Өйткені көшбасшылар мен орта тұстағы клубтардың арасын небәрі 9-10 ұпай ғана бөліп тұр. Соған қарамастан биыл жекеменшік басқаруға өткен «Ордабасы» чемпиондыққа басты үміткерлердің бірі саналады. Команда турнир кестесінде көш басында келе жатыр. Осы ретте команда президенті, бокс федерациясының бірінші вице-президенті Дархан ҚЫЗАЙБАЕВПЕН әңгімелескен едік.
Клубтың брендке айналуына 5 жыл қажет
– Дархан Еркінұлы, жақында ғана «Integra Construction kz» компаниясы «Ордабасы» клубының иесі атанды. Неліктен таңдау дәл осы клубқа түсті?
– Бізге клубты емес, өңірді таңдау маңызды болды. Барлық факторды саралай келе, таңдау Шымкенттің «Ордабасы» клубына түсті. Біріншіден, мұнда халық көп, қарқынды дамып келе жатқан мегаполис. Бүгінде шамамен 1,5 миллионға жуық тұрғыны бар қала – үлкен жанкүйерлік база. Екіншіден, халықтың футболға қызығушылығы өте жоғары. Шымкентте футбол мәдениеті бұрыннан қалыптасқан. Шымқалалықтар клубқа шын жанкүйер бола алады. Бұл – кез келген командаға маңызды фактор. Үшіншіден, біз дайын инфрақұрылымға, кадрлық әлеуетке, ұйымдастыру мүмкіндіктеріне назар аудардық. Осы тұрғыдан алғанда Шымкенттің әлеуеті жоғары.
– Болашақта «Ордабасыны» қандай жоба ретінде көресіздер?
– Әрине, бізге бұл – тек клуб емес, үлкен жоба. Футболға жай қаржы құюға ғана келмегеніміз түсінікті деп ойлаймын. Бұл – инвестиция. Ал кез келген инвестицияның қайтарымы болуы керек. Сол себепті клубтың спорттық көрсеткіштері ғана емес, коммерциялық дамуы да маңызды. Клубтың брендке айналуына, жанкүйерлердің эмоция алуына, балалар осы команданың жейдесін киіп жүруіне жағдай жасауымыз керек. Сонда ғана футболдың экономикасы қалыптасады.
– Осы айтқандарыңыздың нәтижесін қашан көреміз?
– Кемінде 5 жыл.
– Тым ұзақ емес пе?
– Қазір спортты үлкен жүйе, индустрия, экономика, тәрбие, идеология ретінде қарау керек. Бізде талантты жастар, жанашыр жанкүйерлер бар. Алайда осының бәрін біріктіретін тұрақты жүйе жетіспейді. Инфрақұрылым, инвестиция, жастардың даярлығы, ұлттық мектеп, менеджмент пен маркетинг бәрі қатар жүргені жөн. Бірінші лига мен екінші лиганы айтпағанның өзінде премьер-лига командаларының көбісінде мұндай жүйе жоқ. Сондықтан осы сияқты көптеген түйткілді ескерсек, 5 жыл деген көп уақыт емес.
Қуантатыны, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен соңғы кезде футболға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Президент бірнеше рет футбол инфрақұрылымын дамыту, балалар футболын күшейту, клубтардың тиімділігін арттыру мәселесін көтерді. Бұл бағыттағы өзгерістер енді нақты нәтижеге ұласады деп ойлаймын. Негізгі мәселе тек қаржыда емес. Маңыздысы – сол қаржыны тиімді игеру. Бұрын бізде футболға бөлінген қаражат көбіне шығын ретінде қарастырылды. Ал әлемдік тәжірибеде футбол – үлкен индустрия. Яғни футболға салынған қаржы ертең экономикалық, әлеуметтік, имидждік пайда әкелуі тиіс.
– Сөзіңізге қарасақ, сіз футболды дамытып қана қоймай, одан қаржы табудың тетігін ойластырып жатқан секілдісіз. Жоғарыда айтқаныңыздай, осы мәселелерді шешкен әлемдік футболдағы қандай үлгілерді мысал етуге болады?
– Мысалы, Англия премьер-лигасын немесе Испания ла-лигасын алайық. Олар тек спорттық нәтиже арқылы емес, мықты менеджмент, маркетинг, телеқұқық, жанкүйер мәдениеті арқылы дамып келеді. Әр клуб өзін жеке бренд ретінде қалыптастырған. Клубтың академиясы, дүкені, медиа бөлімі, әлеуметтік желідегі жұмысы – бәрі бір жүйе. Біз де біртіндеп осы бағытқа көшуіміз керек. Клубтарымыз бюджетке қарап отырмай, өздері қаржы табуды үйренуі қажет. Сонда ғана тұрақты даму болады.
– Сіз тілге тиек еткен жүйені «Ордабасыда» жүзеге асырып жатырсыздар ма?
– Іске асып жатыр десем де болады. Ең алдымен стадионымыз жанкүйерлерге толды. Билеттер екі-үш күнде толық сатылады. Сырттағы ойындарда да жанкүйерлер анағұрлым көбейді. Өз алаңымыздағы әрбір матчта әншілер өнер көрсетеді. Жанкүйерлер арасында түрлі сыйлық, тіпті автокөлікке дейін ұтыс ойнаттық. Сондай-ақ танымал тұлғаларға арнайы құрмет көрсетіп, оларды ешқашан ұмытпайтынымызды футболсүйер қауым арқылы жеткіздік. Мысалы, ойын барысында жанкүйерлер бақиға озған Мұхтар Шахановтың, Амангелді Сейітхановтың бейнесі бар үлкен баннерді биікке көтеріп, құрмет көрсетті.
– Соңғы кезде команда атауы өзгереді деген әңгіме айтылып жүр...
– Иә, рас. Клубтың атауын «Orda» Шымкент деп өзгертеміз. Еуропа мен Түркиядағы бірнеше клубтың жұмыс жүйесін қарап жатырмыз. Соған сәйкес, болашақта жаңа стадион маңында толыққанды футбол қалашығын салу жоспарда бар. Жобаның атауы – «Orda City». Оның құрамында жаңа стадион, жаттығу базасы, қонақүй, балалар академиясы және футболға қажетті барлық инфрақұрылым салынады. Бір нәрсе анық – академия міндетті түрде болады. Балалар көп болған сайын таланттар да көбейеді. Болашақта өз академиямыздан шыққан ойыншылар негізгі командада ойнауы керек.
– Бүгінде командада 10 легионер бар екен. Бұл тым көп емес пе?
– Легионерлерге қарсы емеспіз. Футбол – бүкіл адамзатқа ортақ ойын. Бірақ басты назар жергілікті таланттарды дамытуға аударылады. Біз Еуропа мен АҚШ-тағы спорт мәдениетінен үлгі аламыз. NBA, NHL, америкалық футбол немесе бейсбол болсын, ол жақта спорт халықтың күнделікті өмірінің маңызды бөлігіне айналған. Батыста да легионерлер жетіп артылады. Бірақ олар өзге елдің спортшылары көп деп шағымданбайды. Кез келген ойыншыны сүйікті командасымен байланыстырады. Арнайы дайындалып, отбасымен, достарымен бірге стадионға барып, командаларына қолдау көрсетеді.
Қазақ бокс мектебін қайта қалыптастырамыз
– Сізді жұрт тек «Ордабасы» клубының президенті ғана емес, бокс федерациясының бірінші вице-президенті ретінде таниды. Енді әңгімемізді бүгінгі боксқа бұрсақ. Қазақ боксының жағдайын қалай бағалайсыз?
– Бүгінде боксқа деген жауапкершілікті қайта күшейту кезеңінде тұрмыз. Мойындау керек, соңғы жылдары аталған салада белгілі бір деңгейде босаңсу болды. Бұрын біздің боксшылар техникасымен, жылдамдығымен, мінезімен ерекшеленетін. Олимпиадада, әлем чемпионаттарында тұрақты нәтиже көрсетіп жүрді. Бұл кездейсоқ жетістік емес, үлкен мектептің жемісі. Сол мектепті сақтап қана қоймай, оны ары қарай дамытуымыз керек.
– Үлкен нәтижеге жету үшін не маңызды?
– Ең алдымен бұқаралық спортты күшейту қажет. Неғұрлым көп бала спортпен айналысса, соғұрлым мықты спортшылар шығады. Сондықтан ауылдағы, аудандағы спорт мектептеріне дейін көңіл бөлуіміз керек. Болмаса, боксты мектеп бағдарламасына енгізу керек. Бұрын біздің бірінші және екінші құрам жүйесі өте мықты болған. Кей жылдары екінші құрамның өзі Азия ойындарында чемпион атанған кездер болды. Бұл – жүйелі дайындықтың нәтижесі.
– Кейінгі жылдары өзбек боксы үлкен серпіліс жасады. Оның сыры неде деп ойлайсыз?
– Өзбекстан бірнеше құраммен қатар жұмыс істейді. Әр салмақта үлкен бәсекелестік бар. Соның арқасында барлық деңгейде жоғары нәтиже көрсетіп жүр. Бізге де сондай жүйе қалыптастыру қажет. Ол үшін қаржы, дұрыс ұйымдастыру, ортақ мақсатқа жұмыс істеу маңызды. Бокс федерациясы, бапкерлер, спортшылар – бәрі бір бағытта жұмыс істеуге тиіс. Сонда ғана нәтиже болады. Қазір қыздар боксы да жақсы дамып келеді. Бұл бағытта да үлкен мүмкіндік бар. Елімізде талантты қыздар өте көп. Оларға жағдай жасап, халықаралық деңгейге шығаруымыз керек.
– «Істеу керек», «жасауымыз қажет», «жүйе қажет» осындай сөздер көбейіп кетті. Сонда біздің бокс сіздер келгенге дейін құрдымға кеткен бе?
– Олай деуге келмейді. Бірақ кейінгі екі олимпиададан, екі Азия ойындарынан боксшыларымыз алтынсыз қайтты емес пе? Бұл ойланатын жайт. Әйтпесе, елімізде бокс спорты әрдайым ерекше орынға ие. Тіпті кей жағдайда оны ұлттық спорт деңгейінде қабылдаймыз. Оның да өзіндік себебі бар. Бұған дейін Олимпиадада, әлем чемпионаттарында боксшыларымыз талай мәрте топ жарып, ел абыро-йын асқақтатқанның арқасында еліміз әлемге бокс державасы ретінде танылды. Қазақ боксының қалыптасуына әр кезеңде өз үлесін қосқан чемпиондар мен бапкерлер ұлттық спорттың беделін көтеріп, әлемдік аренада еліміздің көк туын талай мәрте биікте желбіретті.
Алайда жоғарыда айтқандай, кейінгі жылдары Олимпиада мен Азия ойындарында алтын жүлденің болмауы бұл салаға серпіліс қажет екенін көрсетті. Осыған байланысты 2024 жылдан бастап Қазақстан бокс федерациясы ұлттық құраманы жаңғыртуға, жастарды боксқа баулуға, спортшыларға қолайлы жағдай жасауға басымдық бере бастады. Федерацияның басты мақсаты – қазақ боксының бұрынғы беделін қайтарып, жаңа буын чемпиондарын тәрбиелеу.
– Сөзіңізді бөлейін, нақты қандай жұмыс жүргізіліп жатыр? Соған тоқталсаңыз.
– Қазіргі таңда боксшыларға тәжірибелі бапкерлер, сапалы оқу-жаттығу бағдарламалары, диетологтер мен қалпына келтіру мамандары қызмет көрсетеді. Спортшылардың тек жаттығу жасап, шеберлігін шыңдауына толық мүмкіндік беріледі. Сонымен қатар халықаралық жарыстарға қатысу, шетелдік оқу-жаттығу жиындарын өткізу, әлемдік деңгейдегі бокс мектептерімен тәжірибе алмасу жұмысы күшейтілді. Бүгінде осы өзгерістердің нәтижесі де байқала бастады. Құрамамыз World Boxing ұйымы аясындағы алғашқы әлем чемпионатында жалпыкомандалық есепте бірінші орын алып, әлемдік бокс аренасындағы көшбасшы елдердің бірі екенін тағы дәлелдеді. Әсіресе турнир барысында қазақ-өзбек боксшылары арасында үлкен бәсекелестік өрбіді. Финалдық жекпе-жектерде алтын медальдар тағдырын шешкен сәттер жанкүйерлердің есінде қалды. Шешуші кездесуде Айбек Оралбайдың жеңісі Қазақстан құрамасын бірінші орынға шығарды. Бұл жеңіс қазақ боксының қайта жанданып келе жатқанын көрсеткен тарихи сәттердің біріне айналды.
Отандасымыз Геннадий Головкиннің World Boxing ұйымының президенті болып тағайындалуы – ел спорты үшін үлкен мәртебе. Бұл оқиға еліміздің әлемдік бокстағы беделін арттырып қана қоймай, халықаралық деңгейдегі ықпалын да күшейтті.
Негізгі мақсат – мықты құрам жасақтау
– Көп спортшы қаладан емес, ауылдан шығатыны белгілі. Өңір боксын дамытуға қаншалықты көңіл бөліп жатырсыздар?
– Бүгінде өңірлердегі бокс мектептерінің жұмысы тұрақты бақылауда. Қай аймақта бокс жақсы дамып жатыр, қай өңірде кемшіліктер бар – бәрі сараланып отырады. Кейінгі уақытта өңірлік федерацияларда да үлкен өзгеріс жасалып, жаңа буын басшылар келіп жатыр. Соның арқасында көптеген аймақта серпіліс байқалады. Егер аймақтарды атап айтсақ, Қарағанды – тарихи бокс мектебі қалыптасқан облыс. Сарыарқадан әлемдік деңгейдегі көптеген чемпион шықты. Қарағанды боксының өзіндік стилі мен мектебі бар. Ал Шымкентте кейінгі жылдары бокс өте қарқынды дамыды. Халық санының көптігі, жастардың спортқа қызығушылығы, мықты бапкерлердің болуы бұл өңірдің әлеуетін арттырды. Қазіргі таңда Шымкент бокс мектебі еліміздегі ең мықты мектептердің бірі саналады.
– Сонда өзге өңірлердің боксы тұралап тұр ма?
– Жоқ, олай деуге келмейді. Қазіргі таңда өзге аймақтық федерациялар да боксшыларға белсенді қолдау көрсетіп келеді. Олар тек ұлттық құраманың бірінші нөмірлі спортшыларын ғана емес, екінші және үшінші құрамдағы жас боксшыларды да халықаралық жарыстарға жіберіп, тәжірибе жинауына мүмкіндік жасап отыр. Бұл – болашақ чемпиондарды қалыптастырудағы аса маңызды қадам. Халықаралық жарыстарда бапкерлер спортшылардың артықшылықтары мен кемшіліктерін саралап, болашақтағы дайындық бағытын анықтайды.
– Азия чемпионаты қарсаңында ұлттық құраманың бірлескен оқу-жаттығу жиындары ұйымдастырылды. Қазақстанға Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан құрамалары келіп, дайындығын өткізгенін көрдік. Өзбек боксшыларының деңгейі жоғары, ал қырғыздар мен түрікмен былғары қолғап шеберлерінің әлеуеті қандай?
– Өзінен мықты немесе деңгейі сәл төмендеу боксшымен бірге жаттығу жасау керісінше, көмегін тигізеді. Бұл – кездейсоқ шешім емес, нақты жоспар негізінде жүзеге асқан жұмыс. Себебі кейінгі жылдары әлемдік әуесқой бокста Қазақстан мен Өзбекстанның деңгейі ерекше байқалып келеді. Әсіресе Ливерпульдегі әлем чемпионатында екі елдің боксшылары алтын жүлделерді өзара бөлісіп, әлемдегі ең мықты құрамалардың бірі екенін дәлелдеді. Өткен жылы мұндай жиын Ташкентте өтсе, биыл Түркістан қаласында ұйымдастырылды.
Ал Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы да жоғары нәтиже көрсетіп, жалпы есепте бірінші орын алды. Дегенмен кейбір боксшылар күтпеген жерден жеңіліп жатса, енді бірі жанкүйерлерді жарқын жеңісімен қуантты. Бұл – әуесқой бокстың басты ерекшелігі. Себебі Азия чемпионатының өзінде әлем чемпионатына пара-пар бәсекелестік бар. Бүгінде Үндістан, Жапония, Қытай, Корея, Моңғолия секілді елдердің де мықты боксшылары көп.
– Қазіргі таңда ұлттық құраманың басты мақсаты – күзде Жапонияда өтетін Азия ойындары екені белгілі. Соған дайындықтарыңыз қалай?
– Дұрыс айтасыз, бүгінгі таңда басты мақсатымыз – Азия ойындарында топ жару. Себебі, боксшыларымыз соңғы үш Азия ойындарында алтын медаль ала алмаған. Сондықтан биылғы жарысқа ерекше жауапкершілікпен дайындық жүргізіліп жатыр. Біз аталған додада тек жүлде алып қана қоймай, алтын медальдар санын арттыруды көздейміз. Осы бағытта федерация құрамында да бірқатар өзгеріс жасалды. Тәжірибелі маман Қайрат Сәтжанов вице-президент қызметіне тағайындалып, өңірлердегі жаттықтырушылардың біліктілігін арттыру, төрешілер жүйесін дамыту және аймақтардағы жұмысты бақылау бағытында еңбек етеді. Ал бас бапкер қызметін Нұржан Насанов ұстағаннан кейін, ең алдымен ұлттық құрама Испанияда арнайы дайындық жиынын өткізді. Сонымен қатар әйелдер құрамасына да ерекше көңіл бөлініп, жас спортшылардан резерв қалыптастыру жұмысы күшейтілді.
Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан бокс федерациясының басшысы Шахмұрат Мүтәліп бастаған команда боксшылардың материалдық-техникалық жағдайына, халықаралық жарыстарға қатысуына, дайындық сапасына ерекше көңіл бөліп отыр. Негізгі мақсат – 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін жазғы Олимпия ойындарына мықты құрам жасақтау.
Келесі жылы Астана қаласында лицензиялық әлем чемпионаты өтеді. Бұл турнирде Олимпиада жолдамалары сарапқа салынады. Сондықтан федерация, бапкерлер штабы және спортшылар қазір бір мақсат жолында еңбек етіп жатыр – қазақ боксының абыройын қайтадан әлемдік деңгейге көтеру.
Әңгімелескен –
Алмас МАНАП,
«Egemen Qazaqstan»