• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 08:25

Мұхит баба ізімен

Биыл – әйгілі әнші-композитор, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілі Мұхит Мерәліұлының туғанына 185 жыл. Үш жүзден ән оздырған өнер саңлағының мерейтойы туған жерінде кеңінен аталып өтіп жатыр.

Осындай мағыналы да мәнді іс-шараның бірін жақында Қаратөбе ауданы ұйымдастырды. «Мұхит баба ізімен» атты тарихи-танымдық экспедиция аясында аудан делегациясы Ақтөбе облы­сының Қобда және Ойыл аудандарына барды.

«Біздің бұл сапарымыздың мақсаты – Мұхит Мерәліұлының мол мұрасын насихаттау, ұлттық өнерді дәріптеу және өңіраралық мәдени байланысты нығайту» деген еді делегацияны басқарып барған аудан әкімінің орынбасары Ғабит Ғазиев. Шынымен де ауы-лы аралас, қойы қоралас жатқан көршілес өңірдің бір-бірімен осылай етене араласуы, өнер алмасуы ертеден келе жатқан үрдіс екен.

Осы сапарда батысқазақстан­дық дәстүрлі әнші, Мәдениет қай­раткері Сағадат Рахметжановпен бір көлікте отырып, әйгілі әнші­нің өмір жолы мен шығармашы­лы­ғына қатысты талай сырға қанық болдық. Мұхит ән мектебі­нің көрнекті өкілі болған Ғари­фолла Құрманғалиевтің соңғы шәкірттерінің бірі Сағадат ағаның өзі де Мұхит мұрасын дәріптеп, дәл осындай өнер сапарына талай шыққан екен.

– Мұхит әншінің өмірінде бұрма­ланған тұстары көп болды ғой. Мысалы: «Мұхитта мал де­генде жалғыз сиыр, Болады бас­пағымен екеу биыл» деген жолдарды әйгілі әншінің шығармасы деп жүрдік. Бай-балпаңнан безген, жарлы-жақыбайды жақтаған ке­ңес заманының талабы солай еді ғой. Бұл жолдарды Ғарекең – Ғарифолла Құрманғалиев амалсыз айтты. Әйтпесе хан-төренің тұқымы, үш жүзден ән оздырған сал Мұхит кедей болды дегенге кім сенеді? Қазірдің өзінде сахнаға енді шыққан жас әншінің өзі аз уақыттан кейін түкірігі жерге түспей, байып шыға келмей ме? Өнерді сыйлайтын қазақ қауымы өнерпазды әрқашан көкке көтерген. Мұхит та ауқатты болған, – дейді Сағадат Рахметжанов.

Әуелі маңдай тіреген жеріміз – Ақтөбе ауданының Қобда ауданы. Екі автобус, бірнеше көлікпен келген экспедиция мүшелерін Қобда ауданының әкімі Ізгілік Досмұратұлы бастаған өкілдер жылы қарсы алды. Кездесу кезінде аудан басшысы бұл бастаманың маңыздылығына тоқталып, Мұхит Мерәліұлы мұрасын ұлықтау ұрпақ парызы екенін атап өтті. Өңірлер арасындағы мәдени-рухани байланысты дамытуға бағытталған мұндай игі шараларды әрдайым қолдайтынын айтты.

Батысқазақстандық меймандар Қобдада қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың ес­керт­кішіне гүл шоғын қойып, жер­гілікті тарихи-өлкетану ­музе­йімен танысты. Осылайша, көрші өңір­дің тарихи тұлғалары мен мәдени мұрасы жөнінде жан-жақ­ты ақпарат алды. Кездесудің ша­рықтау шегі – «Қаратөбем – ән мен жырдың ордасы» атты концерттік бағдарлама болды. Кеш Мұхит Мерәліұлының «Зәуреш» әнімен ашылып, халықтық ұлт аспаптар оркестрі, дәстүрлі әншілер мен жас өнерпаздар қазақтың бай музыкалық мұрасын кеңінен насихаттады.

Мұхит әндерін Қобда өңірі ерекше сүйіп тыңдайды екен. Айтпақшы, әйгілі «Айнамкөз» әні дәл осы Қобда өңірінде, Құра­лай есімді сұлуға арналған көрі­неді. Басынан аяғына шейін лири­каға толы, ешбір қайғының ұш­қыны жоқ, сүйгенін, жақсы көр­генін сағынған әуенге тұнған осы шығарманы Александр Затаевич «Айнамкөз» – үлкен, жылы жүректен шыққан ән» деп бағалаған екен.

Затаевич демекші, «Қазақтың мың әні» еңбегінде зерттеуші Мұхит әндерін барынша жинап, алғаш рет кәсіби баға берген. «Мұхит – қазақтың баяны» деген теңеу дәл осы Затаевичтен қалған.

«Баян аспабында орта есеппен 200-ден 260-қа дейін түйме болады. Яғни баян аспабы осынша дыбыс шығарып, күрделі музыкалық композицияларды ойнауға қабілетті. Мұхит Мерәліұлының да кәсіби шеберлігін Затаевич осылай бағалап тұр ғой. Қазақтың басқа ешбір әнші-композиторына Затаевич мұндай баға бермеген» дейді Сағадат Рахметжанов.

Келесі ат басын тіреген жері­міз тарихы терең Ойыл кенті болды. Кезінде әйгілі Көкжар жәрмеңкесінің орталығы болған, ғасыр басында Күнбатыс Алашорда – Ойыл уәлаятының тірек мекені экспедиция мүшелерін ерекше құрметпен қарсы алды. Бұл жерде де Ойыл ауданының әкі­мі Асқар Қазыбаев өзі бас болып, қаратөбелік өнерпаздарға құрақ ұша қызмет етті. Бұл жерде де жергілікті зиялы қауым өкіл­дерінің қатысуымен конференция және мазмұнды концерт ұйым­дастырылып, Мұхит мұрасы мен ұлттық өнердің тағылымы кеңінен насихатталды.

Қазақ «өнерде жоқ шекара» дейді. Шынымен де Қара­төбе­де туып-өскен Мұхиттың шы­ғар­машылық ғұмыры Ақтөбе өңірі­мен қабысып, араласып жатыр. Бай­таққа жақсы таныс әйгілі «Зәу­реш» әні де осы Ырғызда жасаған Зәуреш қызға арналған.

«Уа, Зәуреш, сенің үшін

елден келдім,

Баяғы өзің өскен жерден келдім.

Сен неге мен келгенде

тебіренбейсің,

Иіскеп бір сүйейін деген едім?»

деп келетін «Зәуреш» әні – қазақтың жоқтау әндерінің ішінде шоқтығы биік шығармасы, қамырықты қайғы, реквием емес пе?

Осы сапарда Махамбет Өтеміс­ұлы атындағы Батыс Қазақстан университе­тінің доценті, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев әнші-композитордың өмір жолы, шы­ғар­машылығы, ұрпақ­тары туралы дерекке толы әңгімесімен жи­нал­ған жұртты көп ақпаратқа қа­нық­­тырды. Қаратөбе ауданы көркем­өнер­паздарының «Қаратөбем ән мен жырдың ордасы» концерттік бағдарламасы тыңдаған жанды бейжай қалдырмады. Әсіресе «Мөл­дір бұлақ» дәстүрлі ән орындаушылар мектебінің оқушылары Әміре Амангелді, Кемеңгер Темір­бек, Мансұр Олжағали және Жан­айым Ғаділ­ше орындаған әндер халықтың көңілінен шықты. «Пай, шіркін, Мұхиттың ізбасарлары бар екен! Мұхит туған топы­рақ әлі де таланттарға кенде емес екен!» деп таңдай қақты көпшілік.

Әрине, әйгілі әнші-компози­тордың мерейтойы бес-он жыл аралатып әлі талай келе береді. Ал халықтың танымын жаңғыртып, асыл өнерді насихаттау, бүгінгі ұрпақтың санасында мәңгі тірі ұстау әрдайым міндет болса керек. Мұхит баба ізімен жүріп, ұлттық өнерді төбеге көтерген экспедиция мақсатына жетті деп ой түйдік.

 

Батыс Қазақстан облысы 

Соңғы жаңалықтар