Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен Инновацияларды дамыту жөніндегі кеңестің (Инновациялық штаб) алғашқы отырысы өтті. Жиынға Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, облыстар мен қалалар әкімдерінің орынбасарлары, мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бизнес қауымдастық өкілдері қатысты.
Инновациялық штаб Премьер-министрдің тапсырмасымен құрылды. Оның негізгі міндеті – инновациялық қызмет саласындағы ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету мен елдің технологиялық басымдықтарын айқындау.
Отырыста елімізде инновацияларды дамытудың тұжырымдамалық мәселелері қаралды. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау құралдарын жетілдіру, өңірлік инновациялық жүйелерді дамыту, кадрлық әлеуетті күшейтуге бағытталған шаралар талқыланды.
Бұл жұмыс нәтижесінде инновациялық белсенділікті арттыруға, елдің Жаһандық инновациялар индексіндегі орнын нығайтуға, жаңа салаларды дамытуға, жоғары технологиялық жұмыс орындарын құруға және қосылған құны жоғары өнім экспортын ұлғайтуға мүмкіндік беретін басқарылатын инновациялық жүйе қалыптастыру көзделіп отыр.
Жаңа модельдің негізгі идеологиялық өзегі – «Инновацияны ғылым арқылы дамыту» тәсілінен «Ғылымды инновация арқылы дамыту» қағидатына көшу. Оның мәні – дайын озық технологияларды игеріп, ел жағдайына бейімдеу әрі осы негізде отандық ғылымды дамыту. Яғни мемлекет үдерістің өзіне емес, нақты нәтижеге қаржы бағыттайды.
Жиын қорытындысында Инновацияларды дамыту тұжырымдамасының негізгі тәсілдері мақұлданып, мемлекеттік органдарға, әкімдіктерге, бизнес-сектор өкілдеріне құжат жобасына нақты ұсыныстар енгізу жөнінде тиісті тапсырмалар берілді.
Сонымен қатар барлық өңірде мүдделі тараптардың қатысуымен ғылыми-технологиялық сессиялар өткізу кестесін бекіту тапсырылды. Бұл сессиялар бизнестің нақты технологиялық сұраныстарын айқындауға бағытталмақ.