Таяуда Астана төрінде өткен халықаралық «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты симпозиум байырғы Ұлы дала елі мен бүгінгі Еуразия кеңістігі мемлекеттерінің сан ғасырлық тарихын, ықпалдастығын, елдік даму жолын, қоғамдық-саяси, әлеуметтік-мәдени институттарын, ұлысаралық сауда мен байланыс жүйелерін, бай рухани мұрасын, сондай-ақ өткен мен бүгіннің арасындағы жасампаздық, өркениеттілік сабақтастығын зерделеуге мол мүмкіндік туғызды. Шынында да отандық, өңірлік, әлемдік тарихтанудың, елтанудың бетбұрыс кезеңін анықтаған бұл ғылыми жиын жаңа пәнаралық жобалардың жүзеге асуына игі әсер етеді деп сенеміз.
Осы симпозиумға жаһандық ынтымақтастық пен жауапкершілік туралы жүйелі идея көтеріп жүрген Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың арнайы қатысып, байсалды баяндама жасауы ғылыми-интеллектуалдық шараның биік те сарабдал деңгейін көрсетті. «Тарих халықтардың арасын жалғайтын алтын көпір ретінде әділетті әрі қауіпсіз әлем құруға ықпал етуі қажет. Сол үшін ортақ мүдде жолында күш біріктіріп, бірлесе әрекет етуіміз керек. Бұл мәселеде ғылыми қауымдастық айрықша рөл атқаратыны анық» деді Мемлекет басшысы.
Төменде Тарихшылардың ұлттық конгресі мен «Қазақ газеттері» серіктестігі бірлесіп ұйымдастырған Алтын Орда (Жошы ұлысы) тағылымына қатысты дөңгелек үстел материалдарын ұсынып отырмыз. Іс-шараға белгілі отандық және таяу шетел ғалымдары қатысты.
Дихан Қамзабекұлы,
«Қазақ газеттері» серіктестігінің бас директоры, ҰҒА академигі, модератор:
– Құрметті әріптестер! Бүгінгі қоғам Алтын Орда немесе Ұлық ұлыс тарихына аса ықыласты. Осы дәуірді танымалдандырудың қандай тетіктері бар? Алтын Орданың әлемдік және өңірлік мән-маңызын игерудің жөн-жобасы қайсы? Заманауи ғылым осы тегеурінді ұлысты ортағасырлық Еуразиядағы жетекші геосаяси күш ретінде қарастыра ала ма? Қазіргі Түркі дүниесі үшін Жошы ұлысы жетістігі қандай тарихи фактор?
Ерлан СЫДЫҚОВ,
Тарихшылардың ұлттық конгресінің төрағасы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ректоры, ҰҒА академигі:
– Алтын Орда мұрасын зерттеу қазақ мемлекеттілігінің бастауларын, басқару дәстүрі эволюциясын, Ұлы даланың өркениет тәжірибесін терең түсінуге жол ашады.
Мемлекет басшысы идеясымен Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының құрылуы, халықаралық форумдардың ұйымдастырылуы, Алтын Орда кезеңі туралы іргелі зерттеулердің қолға алынуы – мемлекеттік деңгейді, парасатты, әділеттікті аңғартады.
Жақында Астанада өткен Алтын Орда хақындағы халықаралық симпозиумда Президент ғылыми қауымдастық алдына нақты міндеттер қойды. Жошы ұлысының мемлекеттік басқару жүйесін, дипломатиялық тәжірибесін, экономикалық құрылымын, зияткерлік және рухани мұрасын кешенді зерттеу қажеттігін айтты.
Бұл міндет Еуразия ұлттық университеті үшін де айрықша мәнге ие. Оқу орнымыздың тарих факультетінде Алтын Ордаға қатысты элективті курстар оқытылады, археологиялық және деректанулық зерттеулер жүргізіледі, жас ғалымдарды осы бағытқа баулу жүзеге асып келеді.
Жуырда Мемлекет басшысы Еуразия университетін 30 жылдығымен құттықтай отырып, алдағы маңызды міндеттер қатарында ұлттық тарихты, Алтын Орда мұрасын терең зерделеуді атап өтті. Біз бұл тапсырманы әлеуметтік зерттеулеріміздің стратегиялық басымдығы ретінде қабылдаймыз.
Осыған байланысты Еуразия ұлттық университетінде Алтын Орда өркениеті кафедрасын ашу жөнінде шешім қабылданды. Жаңа кафедра пәнаралық сипатта Жошы ұлысы феноменін кешенді зерттеумен, ғылым нәтижесін білім саласына енгізумен айналысады.
Алтын Орданың мемлекеттік басқару институттарын, дипломатиялық байланыстарын, құқық дәстүрлерін, әскери тәжірибесін, қалалық мәдениетін, рухани мұрасын, халықаралық сауда және коммуникация жүйелерін терең зерттеу арқылы әлемдік мәртебесіне, бағалануына, танымалдандыруға қызмет етеміз.
Ата заңымызда жазылғандай, Ұлы даланың мыңдаған жылдық сабақтастығын сақтау – бүгінгі елдік, қоғамдық-саяси өркендеуіміздің тарихи негізі.
Ғылыми ізденістер, нәтижелер, әрине, әлем ғалымдарымен байланыста жүзеге асуы қажет. Оны білім бағдарламаларына, оқулықтарға, арнайы курстарға, жаңашыл білім өнімдеріне айналдыру – ортақ парызымыз. Болашақта кафедра еліміздегі жоғары оқу орындары мен ғылыми орталықтарды біріктіретін академиялық алаңға айналады деп сенеміз.
Алтын Орда мұрасын зерттеу – ұлттық тарихи сананы нығайтуға, ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыруға, қазақ мемлекеттілігінің терең тамырларын ғылыми негізде түсіндіруге бағытталған маңызды жұмыс.
Еркін ӘБІЛ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Ұлттық тарихты заманауи тұрғыдан қайта пайымдаудың маңызды міндеті – өткенге тұтас қарай білу. Бізде ұзақ уақыт Ұлы дала тарихы өзара байланысы жоқ халықтар мен мемлекеттердің бірін-бірі алмастыруы ретінде түсіндіріліп келді: сақтарды ғұндар алмастырды, ғұндардың орнын түріктер басты, түріктерден кейін қыпшақтар келді, қыпшақтарды моңғолдар алмастырды, содан соң ғана қазақ хандығы пайда болды деп көрсетілді. Мұндай түсінік бір қоғамдық-саяси құрылымдардың жойылып, олардың орнына тарихи сабақтастығы жоқ жаңа құрылымдар келіп отырғандай әсер қалдырды.
Алайда қазіргі ғылыми тәсілдер Дала Еуразиясы тарихын екі мың жылдан аса уақыт шаруашылық жүйелерінің, саяси институттардың, мәдени дәстүрлердің сабақтастығын сақтап келген ерекше тарихи-мәдени қауымдастығы – Ұлы дала өркениетінің біртұтас даму үдерісі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Жошы ұлысы немесе Алтын Орда – «моңғол шапқыншылығы нәтижесінде кездейсоқ пайда болған» мемлекеттік құрылым емес, тың саяси негізде әрі жаңа әулеттің билігі жағдайында жаңғырған Ұлы дала мемлекеттілігінің заңды даму дәуірі.
Бұл мемлекеттілік дәстүрінің бастауы сақ-скиф дүниесіне барып тіреледі. Этникалық әралуандығына қарамай, Қара теңізден Алтайға дейін созылған ұлан-ғайыр дала кеңістігінде біртұтас қорғаныс, мәдени, шаруашылық өңір қалыптасты. Атты көшпелі қоғамының тарихи, жасампаз үлгісі өркендеді.
Жошы ұлысының басым бөлігін түркі тайпалары құрады. Мемлекеттік тіл, мәдениет, әскери ұйым және қоғамдық қатынастар біртіндеп қыпшақтық сипатқа ие болды. Ол өзінің әлеуметтік және мәдени мазмұны жағынан Қыпшақ мемлекетіне айналды. Ұлы дала тарихының бірнеше маңызды арнасы тоғысты: сақ-скиф дәуірінен бастау алатын дала қоғамының үлгісі, ғұндар қалыптастырған саяси бірлік идеясы, түркілер орнықтырған мемлекеттік және мәдени жүйе, сондай-ақ қыпшақтардың этносаяси қауымдастығы. Осы тарихи дәстүрлердің бірігуі нәтижесінде Еуразия кеңістігін қамтыған қуатты мемлекет қалыптасып, Ұлы дала өркениетке табиғи деңгейде көтерілді.
Жошы ұлысы кезеңінде қазақ халқының этногенезі аяқталуға жақындап, болашақ тұтасқан қоғамның саяси мәдениеті орныға бастады. Құқықтық дәстүрлер нығайып, мемлекеттік басқару тәжірибесі жетілдірілді, бай рухани мұрасы одан әрі дамыды. Дәстүрлі қазақ мәдениетінің, қоғамдық ұйымының, әдет-ғұрыптық құқық жүйесінің, тарихи жадының маңызды көп қыры Алтын Орда дәуірінде қалыптасып, кейін Қазақ хандығы арқылы осы күнге жетті.
Жошы ұлысы тарихы өзге халықтың немесе мемлекеттің өткен бір бөлігі ретінде емес, Қазақстанның ұлттық тарихының шешуші кезеңі ретінде зерделенуі қажет. Алтын Орда мұрасы қазақ халқының тарихи жадында негізгі орын алуға тиіс. Ұлттық мемлекеттіліктің маңызды бастауы ретінде бағалануы қажет. Танымалдандыру да осы бағытта жүруі керек. Оның ортағасырлық Еуразиядағы жетекші геосаяси күшке айналғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.
Зиябек ҚАБЫЛДИНОВ,
Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры, ҰҒА академигі:
– Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы қатысып, сөз сөйлеген Алтын Орда халықаралық симпозиумы табысты өтті. Ол Қазақстанға ғана емес, әлемге ой салды. Сондықтан да жаңа 7 томдық академиялық «Қазақстан тарихының» бір томы Алтын Ордаға арналғаны кездейсоқ емес.
Қазақ хандығы – Алтын Орданың басты заңды мұрагерінің бірі. Бұл ірі империя қазіргі Қазақстан территориясында пайда болып, сосын іргелес аумақтарға тарады. Біздіңше, дәуірді танымалдандыруда осы факторды алға тарту маңызды.
Мемлекеттің негізін қалаушылардың бірі Жошы хан Қазақстан территориясында (Ұлытау) жерленген және бұл жер бүгінде қасиетті нысан саналады.
Жошы ұрпақтарының ең ұзақ билігі Қазақстан территориясында жалғасты (Бөкей Ордасын Жәңгір хан 1845 жылға дейін, Кенесары хан тұтас елді 1847 жылға дейін биледі). Басқаша айтқанда, Жошы мемлекеттілігі қазіргі Қазақстан шекарасында пайда болып, 600 (алты жүз) жылға жуық үзіліссіз билік жүргізді. Осы күні Жошы ұрпағы бізде көбірек сақталған: кей есептеулерге қарағанда, 25 мыңнан асады.
Алтын Орданың ірі әкімшілік, саяси, мәдени, сауда орталықтарының бірі – Сарайшық шаһары да Қазақстан территориясында (Атырау) орналасқан. Сол жерде Жошы ұлысының да, Қазақ хандығының да билеушілері жерленген.
Қазақ хандары, соның ішінде XVI ғасырдың басында билік құрып, «қазақ шекарасын белгілеп берген» Қасым Жошы хан тағының басты мұрагері екенін, әйгілі Шыңғыс ханнан тараған ұрпақ екенін сөзімен де, ісімен де дәлелдеді.
Қазақстан – Жошы хан дәуірінен бері келе жатқан мемлекеттің элементтерін сақтаған жалғыз егемен ел. Алтын Орда мен Қазақ хандығындағы тұрғындардың басым бөлігінің шаруашылық-мәдени түрі, тілі, діні, киімі, тағамы, салт-дәстүрі, әскери ісі, заңы, ақша жүйесі, тіпті антропологиясы іс жүзінде бірдей...
Жошы ұлысының әлеуметтік-экономикалық, саяси өмірінің және сыртқы саясатының тәжірибесін ұстану қазіргі азат елге көп мүмкіндік береді. Еуразия өңірінің қауіпсіздігі, дәстүр сабақтастығы өткеннің мәнді жағын, бүгінгінің жасампаздығын қатар игерсе, тарих тағылымы осы бағдарда айқындала түседі.
Жақсылық СӘБИТОВ,
«Жошы ұлысын зерттеу» ғылыми институтының директоры, PhD:
– Алтын Ордаға арналған халықаралық симпозиум ортағасырлық Еуразия тарихын зерттеу саласындағы ірі ғылыми оқиға болды деп нық сеніммен айта аламыз. Форумға 300-ге жуық зерттеуші қатысты (120-сы шетелдік), олар әлемнің 20-дан аса мемлекетінен келді.
Екі күн бойы қатысушылар Алтын Орданың саяси тарихына, мемлекеттік басқару жүйесіне, дипломатиясына, құқықтық жүйесіне, экономикасына, қалалық мәдениетіне, діни үдерістеріне, халықаралық байланыстарына, тарихи жадына қатысты кең ауқымды мәселелерді талқылады. Бұл ортағасырлық әлемдегі ең ірі мемлекеттердің бірін зерттеудің жаңа тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Ғылыми қауымдастық Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың тұжырымдамалы ойын, орайлы ұсынысын ерекше бағалады. Мемлекет басшысының баяндамасы барынша байыпты, ғылыми негізделген және саяси тұрғыдан бейтарап сипатта болды.
Президент тарих ғылымы алдына саяси міндеттер қойған жоқ және тарихты идеологияландырылған тұрғыдан түсіндіруді ұсынбады. Оның сөзінде тарихты объективті зерттеу қажеттілігі, заманауи ғылыми әдістерге сүйену және тағдыры Ұлы дала кеңістігімен байланысты барлық халықтардың тарихи мұрасына құрметпен қарау қажеттігі атап көрсетілді. Алтын Орда Қазақстанның тарихи мұрасының маңызды бөлігі ретінде әрі Еуразия халықтарының ортақ мұрасы ретінде сипатталды, бұл қазіргі ғылыми білім деңгейіне толық сәйкес келеді.
Қазақстан тарихы үшін Жошы ұлысы дәуірінің маңызы туралы тұжырым отандық және халықаралық тарихнамада бұрыннан мойындалғанын атап өткен жөн. Форумда айтылған бағалаулар – түрлі елдердің ғалымдары жүргізген көпжылдық зерттеулердің нәтижесі.
Ғылыми жиынның ортағасырлық мемлекеттердің қазіргі заманғы саяси мұрагерлігі мәселесіне арналмағаны да мәлім. Негізгі назар ғылыми зерттеулерге, жаңа археологиялық жаңалықтарға, жазба деректерді талдауға, палеогенетика, цифрлық гуманитаристика және ғылымның басқа да заманауи бағыттарындағы жетістіктерге аударылды. Дәл осындай көзқарас ескірген стереотиптерді еңсеруге, өткенді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Астана форумы Жошы ұлысының тарихы әлемдік тарихтың бір бөлігі, ал оны зерттеу кең ауқымды халықаралық ынтымақтастықтың жолы екенін көрсетті.
Алқалы ғылыми жиын Қазақстанның ортағасырлық Еуразия тарихы жөніндегі әлемдік ғылыми ойдың маңызды орталығы болуға мүмкіндігі жететінін аңғартты.
Форум нәтижелері Алтын Орда тарихын зерттеуді дамыту үшін ұзақмерзімді маңызға ие. Жаңа ғылыми байланыстар, бірлескен жобалар, дереккөздерді жариялау, археологиялық зерттеулер және пәнаралық бағдарламалар Ұлы даланың өткені туралы білімімізді едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар форум түрлі елдердің зерттеушілері арасындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастық пен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал етті.
Халықаралық симпозиумға жұртшылықтың жоғары баға беруі бізді жаңа ізденістерге жетелейді. Әрине, тегеурінді ұлыстың тарихи рөлі шынайы, кәсіби және саяси конъюнктурадан тыс зерттелуге мүмкіндік алды. Бұл – тарихи жадты сақтаудың, ғылымды дамытудың, халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың игі жолы.
Айболат КӨШКІМБАЕВ,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Қазіргі тарих ғылымы Алтын Орданы тек әскери-жаулаушы мемлекет ретінде қарастыратын ескі көзқарастан біртіндеп бас тартып келеді. Бүгінде Жошы ұлысы ортағасырлық Еуразиядағы ең ірі әрі маңызды мемлекеттердің бірі ретінде бағаланып, Ескі дүниенің саяси, экономикалық және мәдени кеңістігінің қалыптасуында ерекше рөл атқарғаны мойындалып отыр. Мұндай көзқарас қазіргі зерттеушілердің еңбектерінен де, Президентіміздің симпозиумдағы сөзінен де көрініс тапты.
Әлемдік тарихнама Алтын Орданы ортағасырлық әлемдегі ең ірі империяның бірі ретінде қарастырады. Жошы әулетінің билеушілері бірнеше ғасыр бойы көпэтносты кеңістікті басқарудың тиімді жүйесін құрып, орасан зор аумақта тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ете алды.
Алтын Орданың ең маңызды жетістіктерінің бірі – еуразиялық мемлекеттіліктің ерекше үлгісін қалыптастыруы. Қазіргі зерттеулер көрсеткендей, дәл Жошы ұлысында дала саяси дәстүрі исламдық әкімшілік мәдениетпен ұштасқан. Мемлекетте салық жинау, дипломатия, іс жүргізу және құқық салаларының дамыған тетіктері жұмыс істеді. Құрылтай институты, маңызды мәселелерді ұжымдық талқылау тәжірибесі, вассалдық-қызметтік қатынастар жүйесі, Шыңғыс әулетінің заңды билігі мен исламдық саяси дәстүрдің үйлесуі Еуразияның көптеген елдеріне ықпал еткен бірегей мемлекеттік модельді қалыптастырды.
Бүгінде көптеген батыс және шығыс зерттеушілері Шыңғыс әулеті мен Алтын Орда империялық құрылымдарының адамдардың, тауарлардың, технологиялар мен идеялардың бұрын-соңды болмаған деңгейде еркін қозғалуына жағдай туғызғанын атап көрсетеді. Жошы ұлысын кейде құрлықтық «жаһанданудың» алғашқы үлгісі ретінде қарастырады.
Алтын Орда қалаларын зерттеу де көкейкесті. Көшпелі өркениет ұзақ уақыт қалалық мәдениетке қарсы қойылып келді. Алайда соңғы онжылдықтардағы археологиялық зерттеулер мұндай көзқарастың қате екенін дәлелдеді. Жошы ұлысы аумағында Сарай, Үргеніш, Сарайшық, Қажы Тархан, Сығанақ, Отырар, Ясы (Түркістан), Бұлғар, Қырым, Азау және басқа да көптеген ірі қалалар болды. Ғалымдардың бағалауынша, Алтын Орда қалаларының саны жүзден асқан. Бұл қалалар сауда, қолөнер, дипломатия және зияткерлік өмірдің маңызды орталықтары еді.
Көпжылдық ғылыми зерттеулер Жошы ұлысының Еуразия халықтарының этносаяси тарихындағы ерекше маңызын айқындайды. Дәл осы ұлыс аясында қазіргі қазақтар, татарлар, ноғайлар, башқұрттар, қарақалпақтар, қырым татарлары, өзбектердің бір бөлігі және басқа да түркітілдес халықтардың қалыптасу үдерістері жүрді. Алтын Орда моңғол және түркі этникалық құрамдарының ұзақ уақыт бойы өзара әрекеттесу кеңістігіне айналып, нәтижесінде жаңа түркі-мұсылмандық дала өркениетінің қалыптасуына негіз болды.
Мемлекет басшымыз Қазақстан Жошы ұлысының мұрасын бірыңғай өзіне ғана телуге ұмтылмайтынын айтты. Қайта Алтын Орда тарихы Еуразия халықтарының ортақ мұрасы есебінде қарастырылуы, әлемдік тарихтың құрамдас бөлігі ретінде зерттелуге тиіс екені мәлім етілді.
Алтын Орда кезеңі – ауқымды мәдени синтез дәуірі. Бұл уақытта түркі тілі, исламдық жазба дәстүрі, дала мәдениеті өзара ықпалдасты. Жошы ұлысының дипломатиялық байланыстары мәмлүк Мысырын, Византияны, Еуропа мемлекеттерін, Ватиканды, Осман империясы мен Қытайды қамтыды.
Қазіргі археогенетика, цифрлық археология, GIS-картография, нумизматика, тарихи антропология, дереккөздерді талдаудың жаңа әдістері Алтын Орданың әлемдік тарихтағы рөлін жаңаша түсінуге мүмкіндік беріп отыр. Жошы ұлысы кеңістігінде кейін бүкіл Еуразия өңірінің дамуына сан ғасыр ықпал еткен талай саяси, экономикалық, мәдени үдерістер қалыптасты.
Радик ТЕМІРҒАЛИЕВ,
«Қазақ тарихи қоғамы» ҚБ атқарушы директоры:
– Алтын Орда тарихы қазақ халқы тарихындағы шешуші кезең екеніне ешқандай күмән жоқ. Дәл Қазақстан аумағында алғаш рет Жошы ұлысы қалыптасты. Оның ордасы алғашқыда Жетісуда орналасты, ал түркі аңызында ол Ұлытауда жерленген. Оның есімімен байланысты кесене әлемге белгілі.
Жошы ханның ұлы Бату ханның Батысқа жасаған жорықтарынан және саяси орталықтың Еділ бойына көшірілуінен кейін Алтын Орда мемлекеті екі қанатқа бөлінді. Жаңадан бағындырылған жерлер оң қанаттың құрамына енсе, Қазақстан аумағы Алтын Орданың сол қанатына жатқызылды. Бұл дала мемлекеттеріне тән дәстүрлі басқару жүйесі еді.
XIV ғасырдың екінші жартысында Алтын Орданың оң қанатында алауыздық пен саяси дағдарыс кезеңі басталған кезде, Жошы хан ұрпағы Ырыс (Ұрыс) хан билікке келген сол қанат дербестеніп, жеке мемлекетке айналды. Әрине, Ырыс ханның өзі мұндай мақсат қойған жоқ. Оның негізгі арманы бүкіл мемлекетті сақтап қалып, қайта өркендету еді.
Тарихшылар пікірінше, кейіннен дәл осы сол қанаттың негізінде Қазақ хандығы қалыптасты. Шын мәнінде, бір мемлекеттің екінші түрге өтуін сол кездегі дала билеушілері мен олардың қол астындағы халық та байқамауы мүмкін, өйткені өмір бұрынғысынша жалғаса берді.
XV ғасырдың соңында қарсылас Шайбан әулетінің өкілдері Ырыс хан ұрпақтарын «қазақ» деп атай бастады және шежірелерінде солай жазды. Уақыт өте келе «қазақ» атауы Ырыс хан әулетінің билігін мойындаған бүкіл халыққа таралып, тұтас халықтың атауына айналды.
Алтын Орда мәдениеті, өркениеті – терең, жан-жақты мәселе. Халқымыздың екі жарым ғасырлық тарихы ұлттық тарихи санадан тыс қалып қойғаны рас. Түрлі жаламен айыпталған жазушы Ілияс Есенберлин «Алтын Орда» романы арқылы қоғам назарын осы тарихи кезеңге аударуға тырысты. Сонымен қатар Жошы ұлысы дәуіріндегі жыраулар мұрасын кеңінен насихаттауға күш салған Мұхтар Мағауиннің еңбегі де орасан.
Осындай ұзақ тарихи кезеңнің назардан тыс қалуы халқымыздың тарихын тұтас қарауды шектеді. Өйткені Қарахан қағанатынан немесе қыпшақ хандықтарынан бірден Қазақ хандығына өте салуға болмайды. Оның үстіне бұрын бытыраңқы болған түркі тайпаларының жақындасуы және қазақ этносының қалыптасуы дәл Алтын Орда дәуірінде басталды.
Жоғарыда айтылғандай, бұл кезеңді жан-жақты зерттеп, терең түсінбейінше, Ұлы даладағы бірегей мемлекеттің басты мұрагерлерінің бірі Қазақ хандығының құрылу тарихын толық ұғына алмаймыз. Сонымен қатар бұл дәуірді қандай да бір халықтың жекеменшігіне айналдыру әрекеті де орынсыз. Алтын Орда – түркі халықтарының және басқа да халықтардың ортақ мұрасы.
Алтын Орда – ортағасырлық кезең үшін теңдесі жоқ құбылыс. Ол – бір мемлекеттің шеңберінде түрлі этностар мен діни қауымдардың бейбіт қатар өмір сүру үлгісі.
Жошы ұлысы тарихын сабақтастықта насихаттау – ғылыми тұрғыдан толықтай негізделген әрі Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашатын маңызды бағыт.
Модератор:
– Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастауын жаңаша оқыту, зерделеу жайы қай деңгейде? Жошы ұлысы хандарының шежіресін толық қалыптастыра алдық па? Түрік дәуірінен келе жатқан «Мәңгі ел» идеясы Алтын Орданың мемлекеттік идеологиясымен үйлесе ме? Елорда іргесіндегі Бозоқ қалашығын жаңғыртуды қалай жүйелеп жатырмыз? Еуразия кеңістігіне ортақ ойларды да білгіміз келеді.
Өмірбай БЕКМАҒАНБЕТОВ,
тарих ғылымдарының кандидаты, доцент:
– Білім жүйесінде Жошы ұлысы тарихын сапалы оқыту – тарихи сананы қалыптастырудағы маңызды іс. Жоғары мектепке келсек, Қазақстан тарихы оқу бағдарламасында Алтын Орда кезеңіне аз уақыт бөлінген. Әрине, бұған жаңа көзқарас қажет. Ұзақ уақыт бойы кеңестік тарихнамада Алтын Орда жаулап алушы мемлекет ретінде қарастырылды. Қазіргі зерттеулер оның мемлекеттік басқару жүйесі, дипломатиялық қатынастары мен өркениеттік рөлін жаңа қырынан бағалап отыр. Осыған байланысты ескі және жаңа ғылыми көзқарастарды үйлестіру қажеттігі туындайды.
Оның үстіне Алтын Орда тарихына арналған оқулықтар мен оқу құралдарының саны шектеулі. Кейбір оқу әдебиеттерінде жаңа археологиялық және тарихи зерттеулердің нәтижелері толық көрініс таппаған. Бұл студенттердің заманауи ғылыми тұжырымдармен танысуына кедергі келтіреді.
Алтын Орда тарихы – Қазақ мемлекеттілігінің тарихи бастауларын түсінудегі маңызды кезең. Сондықтан Алтын Орда тарихын оқытудың ғылыми-әдістемелік базасын жетілдіру, заманауи зерттеулерді оқу үдерісіне енгізу және инновациялық оқыту технологияларын пайдалану – осы күннің көкейкесті міндеті.
Қазіргі цифрландыру дәуірінде Қазақстан тарихындағы Алтын Орда дәуірін оқыту барысында цифрлық технологияларды пайдалану – білім беру сапасын арттырудың маңызды құралы. Цифрлық ресурстар студенттердің тарихи материалды терең меңгеруіне, ғылыми деректермен жұмыс істеу дағдыларын дамытуға және пәнге деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Айталық, интерактивті карталарды қолдану арқылы студенттер Алтын Орданың аумақтық кеңеюін, сауда жолдарын, саяси орталықтарын және көрші мемлекеттермен қарым-қатынасын көрнекі түрде зерттей алады. Ал семинар сабақтарында цифрлық архивтер мен электрондық кітапханалар студенттерге тарихи құжаттармен, жылнамалармен және ғылыми еңбектермен қашықтан танысуға мүмкіндік береді. Виртуалды музейлер мен 3D-модельдер Алтын Орда дәуірінің мәдени мұрасын жан-жақты таныстырады.Мультимедиялық презентациялар, бейнедәрістер және онлайн платформалар тарихи тақырыптарды түсіндіруді жеңілдетеді.
Әрине, Алтын Ордаға қатысты білімнің барлық сатысында сабақтастық қажет.
Сонымен қатар қазақ тарихын толыққанды игеріп шығу үшін түрлі білім беру бағдарламасы сағатын қайта қарап, Қазақстан тарихы пәніне бөлінген кредит санын өсіру қисынды деп санаймыз.
Сатай СЫЗДЫҚОВ,
«Ортағасырлық деректану» орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Мемлекет басшысы Ұлы дала өркениетінің өнегесі мен жасампаздық негізде жалғасуын ерекше айтты. Тарихқа адалдық биыл референдумда қабылданған жаңа Конституцияда орайымен көрініс тапты.
Алты ғасыр (VІ-ХІІ ғасыр) – Түркі, Түрік қағанаты, Қарахан мемлекеті, алты ғасыр (ХІІІ-ХVІІІ ғасыр) – Алтын Орда, біле-білсек бұл – адамзат дамуының аса ірі құбылысы. Бұл он екі ғасырлық Орталық Еуразия тарихындағы қайталанбас мемлекеттілік жобаға таңғалуға болады. Шығыс пен Батыс арасындағы сауда жолы, мәдени және саяси тоғысулар, дала мен шаһар үйлесімі (100-ге жуық қала болған) – 12 ғасырлық мемлекеттілік сабақтастығының өнегесі.
Алтын Орда ортағасырлық түркі мемлекеттерінің орталық және аймақтық басқару жүйесін толығымен мұрагерлікке алып дамытты. Моңғол көшпелі империясы кең-байтақ аумақтарды басқару үшін дәстүрі терең мемлекеттердің орнықты институттарын қабылдады.
Алтын Орда ұлыстардың жүйесі, сондай-ақ мемлекеттің екі қанатқа – оң (Ақ Орда, Батыс тарапы) және солға (Көк Орда, Шығыс тарапы) бөлінуі Түрік қағанатының дәстүрінен мұра болып қалды. Алтын Орданың орталық мемлекеттік мекемелері: диуан – қаржы, салық, ішкі істерді басқаратын жоғары атқарушы орган (министрлік), уәзірлер институты – мемлекеттің бүкіл азаматтық басқаруын қадағалайтын диуан басшысы (премьер-министр), беклербек – ханның әскерді, сыртқы саясатты, жоғарғы сотты басқаратын тең билеушісі институты. Уәзірлер (үкімет басшылары) мен кеңсе шенеуніктер басқару жұмысын түркі-мұсылман заңдары бойынша жүргізді. Жоғарғы қади (қазы) басқаратын ислам заңына (шариғат) негізделген сот төрелігін жүзеге асыратын билер институты болды.
Құрылтай – аса маңызды мемлекеттік және әлеуметтік мәселелерді шешуге арналған бектер мен халық өкілдерінің дәстүрлі ұлттық жиналысы. Исламға дейінгі дәуірде, ғұндар мен түрік қағанаты тұсында пайда болған. Құрылтайларда хандар сайланды, соғыстар мен бейбітшілік жарияланды, заңдар қабылданды, көшпелі ру-тайпалардың жерлері бөлінді. Шын мәнінде, бұл – ежелгі халық парламенті. Алтын Ордада тақ мұрагері мен аса маңызды мемлекеттік істерді шешуде дәстүрлі түркілік негізге сүйенді.
Ежелгі және ортағасырлық түркілердің дүниетанымы негізінде қалыптасқан Түрік қағанатының «Мәңгі ел» идеясы Алтын Орданың мемлекеттік идеологиясы болды.
Алтын Орда түріктерден әскер ұйымдастыру қағидаларын (ондық жүйе), далалық ұрыс тактикасын, әскери терминдерді, шенді (мысалы, хан, түмен сөзі) қабылдады. Мемлекеттіліктің, әскери саланың, жазудың, діннің жөнін де түркі халықтарынан алған. Түркі мәдениеті дамыған Орталық Азия даласында жүрген моңғолдар бұл тәжірибені өз мемлекетін құруға бейімдеді.
Сәулет, қала құрылысы (кесенелер, мешіттер, медреселер), қолөнер жоғары дамыған Қарахан мемлекетінің шаһар мәдениетінен қабылданған. Алтын Ордадағы жазу көне ұйғыр әліпбиіне негізделген.
Мемлекет басшысы енді Алтын Орданы интеллектуалдық, тұлғалық, идеологиялық тұрғыдан зерттеуге басымдық берілетінін айтты.
Мақсат АЛПЫСБЕС,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
– Алтын Орда (ресми Жошы ұлысы) мемлекеті – өз дәуірінде көптеген елдің шығуына негіз берген Ұлы дала империясы. Шыңғыс қаған елі «Ұлы Моғол ұлысы» аталғандықтан, кейінгі беделді бөлігі Ұлық ұлысқа айналды. «Киіз туырлықты» ел негізінде құрылған Жошы ұлысы, Шағатай ұлысы, Оқтай ұлысы, Толы ұлысы – Шыңғыс қағанның ірі төрт ұлыс мемлекетінің құрамдас бөлігі. Кейін әр ұлыс өз алдына жеке-дара мемлекетке айналды. Оларды біріктірген күш – әйгілі Шыңғыс әулеті құндылығы. Әбілғазы, Рәшид ад-Дин, Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы еңбектерінде хан-сұлтандар шежіресінің кілті бар.
Ортағасыр араб-парсы тарихнамасында Шыңғыс қаған ұлдары еншісіне ұлыс жерлер ретінде үлестіргені айқын айтылған.
Төрелер туралы баяндалған мәліметтер қысқаша болғанымен генеалогиялық деректері мол әңгімеленеді. Қазақ даласының өткендегі барлық саяси-қоғамдық өмірінің тарихы төрелердің шежіресі айналасында түзіледі. Сөйтіп, Шыңғыс хақан тегінен екенін дәлелдейтін көптеген ата-тек кестелері мен тарихи куәліктер сақталған, соның бірі «Хандар шежіресі». Алтын Орда – Жошы әулетінен Бату, Мөңке Темір, Тұда Мөңке, Төлебұқа, Тоқты, Өзбек, Жәнібек сияқты ханзада-сұлтандар ұлы хан сайланған. Ал XV ғасырдың орта шенінде құрылған Қазақ хандығы, XIV-XV ғасырларда сол Жошы ұлысының Сібірден Сыр бойына, Ертіс, Жайық жағасына дейінгі жалпақ өңірге жайыла қоныстанды. Шыңғыстан тараған Жошы әулеті өкілдері – қазақ төрелері.
Қазақ хандығы тұсындағы қазақ хандарының шығу тегі Жошы ханның ұрпақтарынан тарайды. Қазақ хандарымен есептегенде он төрт билік кезеңі өтеді. Бұлардың бәрі тек Жошы хан әулеті, Шыңғыс тұқымынан Жошыдан басқа Шағатайдың, Оқтайдың, Толы ұрпақтары болды. Құрбанғали Халидтің «Тауарих хамса шарқи» еңбегінде көрсетілген хандық құрған кезеңдері 14 бөліктен көрсетеді: 1207–1345 жылдары – Бату ханнан Келдібек ханға дейін 17 билеуші Сарайда 138 жыл хандық билік кұрған. 1233–1356 жылдары билік Шайбаннан басталып Хайдар ханмен аяқталады. Бұл әулеттің билігі 123 жылға жетіп, 16 билеуші хандық еткен. 1249–1342 жылдары билік Толы хан әулеті Абақан ханмен басталып, Нушаруан ханмен аяқталған, 8 билеуші дербес, 10 билеуші бірігіп қос өкімет құрып, барлығы 18 билеуші билік еткен.
Алтын Орда – Жошы ұлысы хандарының толық шежіресі қазақ қоғамының ортасында төре әулетінің немесе қазақ хандарының, сұлтандарының шежіресі деген атаумен белгілі. Бұл шежірелер олардың тарихи жадын, ата-тегі өрбуін көрсетеді. Төре шежіресін генеалогиялық дерек көзі ретінде Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейхан жазды. Генеалогиялық ата-тек дерегімен қатар қазақ хандарының шежіресінде көптеген құнды мәліметтер сақталған. Шоқан «шежіре аға жолын белгілейтін басты құжат» деп атап өткен. Құрбанғали Халидтің көрсетуінше, 1345–1363 жылдары билік Қызыр ханнан Базаршы ханға дейін 16 билеуші хандық құрды. 1362–1491 жылдары билік Ырысханнан басталып, Шайх Ахмет ханмен аяқталады, 117 жыл аралығында 15 билеуші Сарайда хандық құрды. 1382–1574 жылдары Қажытархан хандығында билік Құйыршық ханмен басталып, Дәулетбердімен аяқталады. 20 ханның билігі 190 жылға жалғасты. 1380–1600 жылдары Сібір хандығы болды, билік Тобылдағы Мұхаммед ханнан басталып, Есім ханмен аяқталады. 11 хан 200 жылдан аса билік жүргізді.
Қазақ ішінде төрелердің шежіресін тудырған тарихи шындық сол заманда қалыптасқан саяси өмір, хан-сұлтанның шығу тегі алтын ұрық әулетінен болуы, өйткені Түркістанды тұтастай хан-төре ұрпағының бір бөлігін қолына қараған жұртты басқару үшін орнықтырды.
Марал ХАБДУЛИНА,
К.Ақышев атындағы археология институтының директоры, профессор:
– Алтын Орда тарихын археологиялық тұрғыдан зерттеу Қазақстанда Ұлы Жібек жолы бойындағы ортағасырлық қалаларды қазу жұмыстарынан бастау алады. Көптеген қаланың гүлденуі Жошы ұлысы билеушілерінің сауда-саттықты дамытуға, ақша айналымын жетілдіруге, мемлекеттік тұрақтылық пен экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған саясатының нәтижесі болғаны анықталды. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде Отырар, Ясы, Сығанақ, Сауран, Жанкент, Тараз, Қойлық секілді ортағасырлық қалалардың орналасқан орындары нақтыланып, олардың атаулары араб және парсы тілдеріндегі жазба деректер арқылы расталды.
Қазақстан археологтері көшпелі атты өркениеттің қалыптасуы мен даму мәселелерін де жүйелі түрде зерттеп келеді. Дала өркениетінің эволюциялық дамуы біздің арғы ата-бабаларымыздың жылқыны өз бетінше қолға үйретуімен және шаруашылық мақсатта пайдалануымен тығыз байланысты. Б.з.д. IV мыңжылдықтан бастап адамзат тарихында кең ауқымды мәдени байланыстар қалыптасып, этностар мен мәдениеттер арасындағы өзара ықпалдастық күшейді. Нәтижесінде, өзіндік ерекшеліктері бар көшпелі өркениет қалыптасып, оның тарихи тәжірибесі қазіргі кезеңде де өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Алтын Орда мемлекеті түркі-моңғол өркениеттік мұрасы негізінде қалыптасты. XIII-XVIII ғасырлар аралығында өмір сүрген бұл мемлекет өзінен бұрынғы Түрік қағанатының мемлекеттік басқару жүйесін, саяси дәстүрлерін және идеологиялық ұстанымдарын жалғастырды. Түрік қағанаты Шығыс пен Батысты біртұтас саяси кеңістік аясында біріктірген алғашқы ірі дала империяларының бірі болды. Осы кезеңде қимақ, қыпшақ, оғыз секілді түркітілдес этностардың этникалық және мәдени жақындасу үдерісі жүріп, кейіннен қазіргі түркі халықтарының қалыптасуына негіз қалады.
Археологиялық және жазба деректер оғыз тайпаларының батысқа қоныс аударғанға дейін Сарыарқа мен Арал өңірлерін мекендегенін көрсетеді. Бұл мәселені Еуразия ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы Астана маңындағы ортағасырлық Бозоқ қалашығына 15 жыл бойы кешенді археологиялық зерттеулер жүргізіп, көз жеткізді.
Бозоқ атауы бұрынғы карталарда көрсетілген Бозоқты көлімен байланысты. Зерттеу нәтижесінде «Бозоқты» атауының бастапқы нұсқасы «Бозоқ» екені анықталды. Бұл атау Рәшид ад-Диннің «Оғызнама» еңбегінде, Әбілғазының шежірелік шығармаларында оғыздардың жетекші тайпаларының бірі ретінде аталады.
Қалашық аумағындағы сәулеттік құрылымдардың ауқымы мен сипаты Бозоқтың қарапайым қоныс емес, ірі әкімшілік және саяси орталық болғанын көрсетеді. Кейін Алтын Орда дәуірінде Бозоқ аумағында Сарыарқадағы алғашқы мұсылмандық некропольдердің бірі қалыптасты. Бұл археологиялық кешен де Еуразия ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы тарапынан зерттелді.
Рафиль АСЫЛҒУЖИН,
Башқұртстан «Шежіре» тарихи мұраны зерттеу орталығының ғылыми қызметкері, философия ғылымдарының кандидаты:
– Астана қаласында ЮНЕСКО қолдауымен өткен халықаралық симпозиум бізге ерекше әсер берді. Ғылыми форумды ұйымдастырған Қазақстанның басшылығына, жауапты министрлік пен салалық институтқа ризашылығымыз шексіз. Екі күндік әлемдік ірі іс-шарада 150-ден аса ғылыми баяндама оқылып, талқыланды.
Форумның пәнаралық сипаттағы 7 секциясы да қыруар ғылыми мәселені игерді. Ғылыми жиын жоғары деңгейдегі кәсіби пікірталаспен ерекшеленді.
Симпозиумның мәнді тәжірибелік нәтижесі – Жошы ұлысы мен оның мұрагер мемлекеттерінің (Ноғай Ордасы, Қырым, Қазан, Астрахан, Қазақ хандықтарының) тарихына арналған ғылыми зерттеулерді одан әрі жандандыруға қосқан нақты үлесі. Форумның қоғамдық танымалдылығын арттырған маңызды фактор – оның жұмысына Қазақстан Президентінің, ЮНЕСКО өңірлік кеңсесі басшыларының, басқа да халықаралық ұйымдар өкілдерінің, дипломатиялық корпус мүшелерінің, мемлекеттік құрылымдардың қатысуы дер едік. Форумның БАҚ-та кеңінен жариялануы тарихқа деген қоғам қызығушылығының артуына ықпал етті.
Ресейдің Еділ бойындағы ұлттық республикалары осы саладан маман даярлауға мүдделі. Зерттеулер бұрын да жүрген, алда да уақыт талабына сай жүзеге асады.
Жаңа ізденістер Жошы ұлысы, оған көрші ұлыстар, Алтын Ордадан кейінгі мемлекеттік құрылымдар тарихын зерделеудегі олқылықтардың орнын толтырары сөзсіз.
Александр ЗЕЛЕНКОВ,
РФ Түмен мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының кандидаты:
– «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» халықаралық симпозиумы ғалымдарды, дипломаттарды, халықаралық ұйым өкілдерін, мүдделі мамандарды бір алаңға жинады. Бұған Қазақстан ғалымдарынан бөлек, Еуропа, Азия, Солтүстік Америка,Таяу Шығыс елдерінен 300-дей делегат қатысты. Форумның негізгі нысанасы Жошы ұлысының саяси тарихына, археологиялық мұрасына, қалалардың дамуына, саудаға, дипломатияға, т.б. арналды. Әсіресе Алтын Орданың көшпелі және отырықшы әлемді, Шығыс пен Батысты, жергілікті дәстүрлер мен ауқымды еуразиялық үдерістерді қалай тоғыстырғанына ерекше назар аударылды.
Пәнаралық зерттеулер де үлкен қызығушылық тудырды. Осындай бағыттардың бірі – ежелгі ДНҚ-ны зерттейтін палеогенетика. Бұл ғылым ортағасырлық қоғамдардың шығу тегі, көші-қон үдерістері және туыстық байланыстары туралы жаңа мәліметтер береді. Палеогенетик Даниэль Табиннің баяндамасы Алтын Орда тарихын тек жылнамалар, теңгелер, жерлеу орындары мен археологиялық олжалар арқылы ғана емес, сонымен қатар жаратылыстану ғылымдарының әдістері арқылы да зерттеуге болатынын көрсетті. ДНҚ деректері билеуші әулеттердің шығу тегін, халықтың мобильділігін, өңіраралық байланыстарды және ортағасырлық қауымдастықтардың қалыптасу үдерістерін нақтылауға мүмкіндік береді. Бұл әсіресе жазба деректер жеткіліксіз, ал археологиялық материалдар қосымша тексеруді қажет ететін көшпелі қоғамдардың тарихын зерттеу үшін маңызды.
Бағдарламаның маңызды бөлігі Қазақ тарихи қоғамы мен Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институты ұйымдастырған кітап тұсаукесерлері болды. Симпозиум аясында мамандар мен оқырман қауымға арналған жаңа зерттеулер таныстырылды. Канадалық Джу-Юп Лидің Еуразия тарихындағы түркі халықтарының рөлі мен өңірлік бірегейлік туралы «Әлем тарихындағы түркі халықтары» еңбегі, америкалық Джек Уэзерфордтың қазақша тұңғыш жарық көрген «Шыңғыс хан және қазіргі әлемнің қалыптасуы» кітабы ерекше қызығушылық тудырды. Қазақстандағы аударма және ғылыми-көпшілік тарихи жобалардың дамуы туралы «Steppe and World Publishing House» баспасының негізін қалаушы Раиса Сайран Қадыр баяндады.
Симпозиум сондай-ақ Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштерін сақтау және дәріптеу мәселелерін де талқылады. Жошы хан кесенесі, Сарайшық, Сығанақ, Сауран, Жанкент және ортағасырлық дала өркениетінің тарихымен байланысты басқа да нысандар сөз болды. Бұл ескерткіштерді зерттеу, музейлендіру және оларды ЮНЕСКО жүйесі арқылы халықаралық деңгейде таныту тек ғылым үшін ғана емес, мәдени дипломатия, туризм, білім және ұлт тарихын насихаттау үшін де зор маңызға ие.
Форум Алтын Орда тарихын өңірлік және әлемдік тарихтың құбылысы ретінде көрсете алды. Жошы ұлысы тарихын зерттеудің жаңа кезеңі басталды. Қазақстанның Ұлы дала мұрасына әлемдік ғылыми құндылықтар аясында қарауы бізді қуантты.
Әзірлегендер –
Ерлан САЙЛАУБАЙ,
Сабыр ШӘРІП