Қазақ руханиятының өзегінде ғасырлар бойы ұлттың жадын сақтап келген қос құдірет бар: бірі – сөз өнері болса, екіншісі – күй өнері. Күй – халықтың жазылмаған шежіресі, уақыт пен кеңістікті жалғаған үн. Сол қасиетті үн бүгінгі театр сахнасында жаңа сипатқа ие болып, көркемдік болмыстың ажырамас бөлігіне айналып келеді. Осы үрдістің жарқын үлгісінің бірі – Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының Халық аспаптар ансамблі.
Жақында аталған өнер ұжымы өзінің бес жылдық мерейтойын атап өтті. Шығармашылық кеңістікте бұл – уақыт тұтас бір мектептің қалыптасуына, көркемдік ұстанымның орнығуына, кәсіби дәстүрдің бекуіне жеткілікті кезең. Осы жылдар ішінде ансамбль ұлттық музыканы насихаттаушы ғана емес, театр кеңістігіндегі музыкалық мәдениеттің жаңа үлгісін қалыптастырған ұжым ретінде танылды.
Кез келген өнер ұжымының тағдыры оны дүниеге әкелген тұлғаның болмысымен сабақтасып жатады. Қаллеки театры құрамындағы Халық аспаптар ансамблінің тарихы да оның негізін қалаушы, талантты дирижер, білікті педагог, халықаралық байқаулардың лауреаты, Мәдениет саласының үздігі Маралжан Мырзақұлованың есімімен тығыз байланысты. Соңғы демі үзілгенше ұлттық музыкаға бар ғұмырын арнаған Маралжан Қазбекқызы 2021 жылы театр жанынан халық аспаптар ансамблін құру бастамасын көтерді. Бұл жаңа ұжымның құрылуы ғана емес, дәстүрлі музыканы театрлық кеңістікпен тоғыстырған, сахнадағы драмалық әрекет пен музыкалық ойдың біртұтас көркем әлемін қалыптастырған тың шығармашылық алаңның дүниеге келуі болатын. Өнер иесі ансамбльдің репертуарын жасақтап қана қойған жоқ, оның эстетикалық бағдарын, орындаушылық мектебін, көркемдік бағытын айқындап берді.
Бүгінде сол игі жолды халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, дирижер Берік Сарыбай жалғастырып келеді. 2025 жылдан бастап ұжымға жетекшілік еткен жас музыкант ансамбль шығармашылығына жаңа тыныс әкелді. Оның ізденістерінен дәстүр мен заманауи музыкалық ойлаудың табиғи үйлесімі байқалады. Соның нәтижесінде ансамбль репертуары жаңарып, ұлттық аспаптардың көркемдік мүмкіндігін кеңінен танытатын тың жобалар дүниеге келе бастады.
Ұжым алғашқы қадамынан-ақ халықаралық өнер кеңістігінде өз орнын айқындай білді. «Asia Folk – 2021» халықаралық фестиваліндегі бас жүлде мен І дәрежелі диплом, Францияда өткен «Nouvelles Étoiles» байқауындағы жеңіс – қазақтың ұлттық аспаптық мәдениетінің әлемдік деңгейде мойындалуының көрінісі болды. Дегенмен, ансамбльдің басты жетістігі марапаттар санымен өлшенбейді. Оның негізгі миссиясы – театр өнеріндегі музыканың рөлін жаңа деңгейге көтеру. Бұл тұрғыдан алғанда Қырғызстанда өткен «ART Ordo – 2023» халықаралық театр фестивалі ерекше аталады. Театр сахналаған «Баян сұлу – Қозы Көрпеш» музыкалық драмасының төрт сағатқа созылған қойылымын ансамбль толықтай жанды музыкамен сүйемелдеді. Мұнда музыка жай ғана фон қызметін атқарған жоқ. Ол драматургиялық әрекеттің белсенді қатысушысына айналды. Кейіпкерлердің ішкі психологиясын ашып, сахналық тартыстың эмоциялық қуатын күшейтті. Нәтижесінде, қойылым фестивальдың бас жүлдесін иеленді.
Аталған тәжірибе ансамбльдің театрлық үдерістегі орнын айқын көрсетті. Бүгінде ұжым Еркін Жуасбектің «Үйлену», Мұхтар Әуезовтің «Айман – Шолпан» комедиялары мен «Кешкі...7» спектакль-концертінің музыкалық әлемін қалыптастырып, сахнадағы оқиға мен музыкалық драматургия арасындағы алтын көпір қызметін қатар атқарып келеді.
Ұжым құрамындағы музыканттар да – ұлттық аспаптардың табиғатын терең меңгерген кәсіби орындаушылар. Домбыра, қобыз, жетіген, сыбызғы, сазсырнай, шаңқобыз, дауылпаз, шіңкілдек сынды көне аспаптардың үндік мүмкіндіктері олардың орындауында жаңа бояуларға ие болады. Ең бастысы, ансамбль дәстүрді қайталаумен шектелмейді. Олар ұлттық мұраны бүгінгі тыңдарманның қабылдау ерекшелігіне бейімдеп, заманауи көркемдік кеңістікке енгізіп келеді. Осы ұстаным «Jas Time – Жаңа бағыт», «Қош келдің, Жаңа жыл», «Жібек жолындағы үндестік: Достық көпірі», «Көктем сазы» секілді концерттік бағдарламалардан анық көрінді. Айтулы жобалар ұлттық музыканы жаңа аудиторияға жақындатып, қазақ аспаптық өнерінің уақытпен бірге дамып келе жатқанын дәлелдеді.
Ансамбльдің бесжылдық мерейтойына арналған концерт те осы шығармашылық жолдың көркем қорытындысы іспетті өтті. Кеш шымылдығы Ж.Темірғалиевтің «Бақтыбайдың әуенімен» ашылды. «Наз» мемлекеттік би театрының бишілері қатысқан қойылымдық композиция көрерменді бірден қазақы музыкалық кеңістікке жетеледі. Одан кейін орындалған М.Бердіғұловтың «Шахристаны» мен Құрманғазының «Саранжап» күйі ансамбльдің орындаушылық қуатын айшықтай түсті. Актер Қасымхан Бұғыбай шырқаған Кененнің «Көкшолағы» халықтық әншілік дәстүрдің өміршеңдігін сезіндірсе, қобызшы Аида Әбенованың орындауындағы Нұрболат Сахының «Аққан жұлдызы» кештің лирикалық тынысын тереңдете түсті.
Мерейтойлық бағдарламадағы ерекше сәттердің бірі әлемдік музыка жауһарларының ұлттық аспаптар үнінде жаңғыруы болды. Тимур Әбдікеев орындаған Астор Пьяццолланың «Oblivion» шығармасы қазақ аспаптарының мүмкіндігі қандай кең екенін дәлелдеді. Сондай-ақ Яннидің «Дауылы», Ришар Гальяноның «Tango pour Claude» туындысы, Д.Беккердің «Саламанка» рок-болеросы көрерменді ұлттық музыкадан жаһандық музыка кеңістігіне жетелегендей әсер қалдырды. Ал концерт соңында орындалған Төлеген Шөкеновтің «Ғасырлар әуені» шығармасы кештің идеялық түйініне айналды.
Бүгінде Қаллеки театрының Халық аспаптар ансамблі –концерттік ұжым ғана емес, ұлттық жадыны жаңғыртушы мәдени институт, сахна мен күйді тоғыстырған шығармашылық зертхана, дәстүр мен болашақты жалғаған алтын көпір. Олардың әрбір орындауында қазақ даласының үні, ата-баба мұрасы, ғасырлардан жеткен күй мәдениетінің терең философиясы бар.