Сәуір айында жұбайым екеуміз Ташкент қаласына бардық. Негізгі мақсатымыз – халқымыздың көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, ағартушы, еуропалық білім алған алғашқы қазақ дәрігерлерінің бірегейі, тарихшы ғалым Санжар Асфендияровтың жиені Софья Темірбайқызымен кездесіп, сұхбаттасу еді.
Софья апай Ташкент шаһарының шетіндегі Мырза Ұлықбек ауданына қарасты Муминов көшесіндегі 6/7 үйде, екі бөлмелі пәтерде жалғыз тұрады екен. Бізді жылы қарсы алды. Үй іші, жиһаздары, киген киімі жұпыны екен. Қарсылық білдіргенімізге қарамай, тез-тез шай әзірлеп, өзбек ұлттық тағамдарын ұсынып, дастарқан жайды.
Біз апайға өзі, тегі, өмірі және еңбек жолы, ұрпағы туралы айтып беруді өтініп, әңгімесін тыңдадық. Софья апай жүзі жарқын, биязы, жұқалтаң денелі, орта бойлы, күмістей ақ қою шашты, мәдениетті, мейірімді, білімпаз, дауысын көтермей сөйлейтін жан екен. Орыс, ағылшын, өзбек тілдерін жақсы меңгерген, қазақша түсінгенімен сөйлемейді екен. Ардақты адамның жүріс-тұрысын көріп, алдымызда «Асылдың сынығы, тұлпардың тұяғы» отырғанын сездік, тұлғаның болмысына, мінез-құлқына тәнті болдық. Халқымыздың «тектіден текті туады, тектілік тұқым қуады» деген ұлағатты сөзі рас екен-ау!
Тарихтан білетініміз және Софья апай растағандай, Санжар Сейітжапарұлы мен жұбайы Рабиға Серәліқызының екі қызы болған. Олар Әлия (Люция) және Әділет (Адолят). Санжар КСРО-дағы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, 1938 жылғы 25 ақпанда Алматыда атылды. Рабиға «халық жауының әйелі» таңбасымен 1938 жылы АЛЖИР лагеріне қамалып, 1943 жылы босап шықты. Софья Темірбайқызы нағашы атасы Санжарды шексіз құрметтейтінін, оны қазақ халқының ұлы тұлғаларының бірі деп санайтынын атап өтті.
Софьяның анасы Әділет әке-шешесі тұтқындалғаннан кейін Мәскеуде тұратын апасы Әлияның қамқорлығында болады. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Ташкентке қоныс аударып, сол жақта университет бітіреді. Кейін инженер Темірбай Ғұбайдуллинмен отбасын құрып, лагерьден оралған анасы Рабиғаны қолына алады. 1944 жылы Ташкентте қыздары Софья дүниеге келді.
Софья 1966 жылы Ташкент мемлекеттік университетінің биология факультетін бітіріп, Өзбек ғылым академиясының Микробиология және Зоология ғылыми зерттеу институттарында қызмет істеді. Осы екі салада жанкешті еңбек етіп, көптеген ғылыми зерттеудің жетекшісі болды. Жүзге жақын мақаланың авторы атанды. Софьяның ері Махамбет Сұлтанов та Ташкент университетін бітірді. Белгілі физиолог, биолог ғалым, биология ғылымдарының кандидаты. Өзбек ғылым академиясының Зоология институтында қарапайым зерттеушіден зертхана меңгерушісі лауазымына көтерілген екен.
Софья мен Махамбеттің жалғыз қызы Әлия Сұлтанова 1969 жылы дүниеге келген. Қазақстандық менеджмент, экономика және болжау институтын (КИМЭП) бітіріпті. Алматыдағы «Еуропа плюс» PR радиосында менеджер болды. Олег есімді орыс жігітіне тұрмысқа шығып, отбасымен АҚШ-қа көшіпті. Ол жерден өзіне ыңғайлы жұмыс таба алмағаннан кейін, Кипрге қоныс аударып, қазір сол елде өмір сүріп жатқанға ұқсайды. Әлияның 1993 жылы дүниеге келген Бабур Сұлтанов есімді ұлы – IT инженері. Қазір АҚШ-тың Филадельфия штатында тұрады.
Жалпы, Санжар Асфендияров әулетінің тарихы – ұлт зиялылары тағдырының бір бөлшегі. Сондықтан мұны құнттап зерттей білуіміз керек.
Әлихан ДОСАХАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор