Премьер-министр Олжас Бектенов Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресіне қатысуға келген Сауд Арабиясы Корольдігінің Өнеркәсіп және минералдық ресурстар министрі Бандар әл-Хураифпен кездесу өткізді.
Сауд Арабиясы еліміздің Таяу Шығыстағы негізгі сауда-экономикалық серіктестері қатарына кіреді. Екі ел көшбасшыларының өзара қолдауы нәтижесінде сенімді әрі достық қарым-қатынастар орнағаны атап өтілді.
Былтыр екі ел арасындағы өзара сауда көлемі 17%-ға артып, 11,7 млн долларды құрады. Биылғы қаңтар-сәуір айларында тауар айналымы 2,9 есе өсіп, 6,1 млн доллардан асты. Кейінгі 20 жылда Сауд Арабиясы Корольдігінен елімізге тартылған тікелей шетелдік инвестиция көлемі 115,3 млн долларды құрады. Биылғы ақпан айында қол қойылған Қазақстан – Сауд Арабиясы үйлестіру кеңесін құру туралы келісім және инвестицияларды өзара ынталандыру мен қорғау туралы келісім жаңа бірлескен бастамаларды жүзеге асыруға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Тау-кен металлургия кешеніндегі ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелеріне, сондай-ақ аса маңызды минералдар саласындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларына назар аударылды. Пайдалы қазбаларды барлау, өндіру мен өңдеу, сондай-ақ қосылған құны жоғары өндірістерді дамыту саласындағы өзара іс-қимыл талқыланды.
Кездесуге қатысушылар тау-кен металлургия және аса маңызды минералдар саласында екіжақты өзара іс-қимылды арттыруға дайын екенін растады.