• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Футбол Бүгін, 08:35

Доп додасының дүбірі естілді

Ертең футболдан ХХІІІ әлем чемпионатының шымылдығы түріледі. Жер-жаһан жанкүйерлері тағатсыздана күткен дүбірлі доп додасы қар­саңында бірнеше қызықты деректер мен тартымды ақпаратты көпшілік назарына ұсынуды жөн көріп отырмыз.

ФИФА биыл әлем чем­пионатының жүлде қоры рекордтық көрсеткішке жет­кенін мәлімдеді. Қазір бұл сома 871 млн долларды құрап отыр. Ең бірінші кезекте қа­тысушы командалардың әрқайсысы кемінде 10,5 миллион­нан еншілейтінін айта кеткен абзал. Тіптен, жеңілістен бас көтермегендердің есепшотына осы сома аударылады. Әлбетте неғұрлым табысты өнер көрсеткен құрамалар солғұрлым сыйақыны да көбірек алады. Ал жарыс жеңімпазы 50 млн долларды олжалайды. Финалда ұтылған командаға 35 млн табыс етіледі. Қола жүлдегерге 30 млн тиесілі. «Opta» суперкомпьютері әлем чемпионатының бас жүлдесінен басты үміткер ретінде Испания құрамасын атады. Пиреней түбегі түлектерінің мүмкіндігі 16,1 пайызға бағала­нып отыр. Екінші, үшінші орындарда – Франция (13%) мен Англия (11,2%). Сондай-ақ фавориттер қатарында Аргентина (10,36%), Португалия (7,00%), Бразилия (6,61%), Германия (5,12%), Нидерланд (3,62%), Норвегия (3,51%), Бельгия (2,37%) сынды командалар бар. Солтүстік Америкадағы доп додасына қатысушылар тізімінде 1 248 футболшы бар. Оның 202-сі (16,2%) Англия премьер-лигасында ойнап жүр. Өзге чемпионаттарда өнер көрсететін ойыншылардың үлес салмақтары мынадай: Германия – 110 (8,8%), Франция – 89 (7,1%), Испания – 83 (6,7%), Италия – 72 (5,8%), Сауд Арабиясы – 51 (4,1%), Түркия – 43 (3,4%), Нидерланд – 39 (3,1%), АҚШ – 38 (3,0%), Бразилия – 32 (2,6%), Португалия – 32 (2,6%), Қатар – 30 (2,4%), Бельгия – 27 (2,2%), Мексика – 26 (2,1%), Мысыр – 22 (1,8%), Чехия – 20 (1,6%), Иран – 20 (1,6%), ОАР – 20 (1,6%), Шотландия – 19 (1,5%), Аргентина – 18 (1,4%) ойыншы. Англияның «Манчестер Сити» клубы өзінің 19 ойыншысын мундиальға аттандырды. Бұл – ең үздік көрсеткіш. Одан кейінгі сатыларға мына командалар жайғасты: «Бавария» (18 ойыншы), «Арсенал», ПСЖ (16-дан), «Барселона» (14), «Манчестер Юнайтед», «Кристал Пэлас» (13-тен), «Атлетико» (12), «Әл-Хилаль», «Әл-Наср», «Боруссия Дортмунд», «Галатасарай», «Ливерпуль» (11-ден), «Милан», ПСВ, «Реал», «Славия» (10-нан). Әлем чемпионатына қа­тысушылар арасындағы ең қымбат ойыншы – Ламин Ямаль. Испания құрамасы мен «Барселонаның» беткеұстары қазіргі кезде 358 млн еуроға бағаланып отыр. Норвегияның сұрмергені Эрлинг Холандтың («Манчестер Сити») құны – 227,3 млн еуро. Францияның мақтанышы Килиан Мбаппе («Реал», Мадрид) – 165,7 млн еуроға бағаланды. Осы мундиальдағы ең егде тартқан ойыншы – Крэйг Гордон. 43 жастағы қақпашы Шотландияның ұлттық құра­масының жейдесін осыдан 22 жыл бұрын киді. Екінші орында – Криштиану Роналду. Пор­тугалияның жұлдызы биыл ақпанда 41 жасқа толды. Үшінші орында – 40 жастағы Мексиканың қақпашысы Гильермо Очао. Одан кейінгі сатыларға 40-тың қырқасына шыққан Лука Модрич (Хорватия), Эдин Джеко (Босния мен Герцеговина), Мануэль Нойер (Германия), Возинья (Кабо-Верде), 39 жастағы Фернандо Муслера (Уругвай), Юто Нагомото (Жапония), Эрнан Галиндес (Эквадор) жайғасты. Мундиальға аттанған Өзбекстан құрама командасы мүшелері арасында 13 легио­нер бар: Олар – Абдукодир Хусанов («Манчестер Сити», Англия) Элдор Шомуродов пен Аббос Файзуллаев («Ыстанбұл Башакшехир», Түркия), Рустам Ашурматов пен Жалолиддин Машарипов («Истиклол», Иран), Абдулла Абдуллаев («Дибба», БАӘ), Одил Хамробеков («Трактор», Иран), Отабек Шукуров («Бани Яс», БАӘ), Әзиз Ганиев («Аль-Батаех», БАӘ), Умарали Рахмоналиев («Сабах», Әзербайжан), Остон Урунов пен Игорь Сергеев («Персеполис», Иран), Шерзод Темиров («Эрбиль», Ирак). Қалған футболшылар өз елінде ойнап жүр. Дүбірлі доп додасына еліміздің премьер-лигасында өнер көрсететін жалғыз ғана ойыншы қатысады. Ол – Иван Башич. 23 жастағы «Астананың» жартылай қорғаушысы Босния мен Герцеговинаның намысын қорғайды. Башичтан бөлек, кезінде еліміз чемпионатында өнер көрсеткен тағы үш футболшы Америкада бақ сынайды. Олар – бұрынырақта «Ақтөбе» мен «Тобылда» ойнаған өзбекстандық Игорь Сергеев пен Жасурбек Жалолиддинов («Қайрат»), панамалық Родерик Миллер («Оқжетпес»). Әлем чемпионатында Өз­бек­станның қақпасын қор­ғайтын Уткир Юсупов 1991 жылдың 4 қаңтарында қазіргі Түркістан облысының Сайрам ауда­нында дүниеге келген. Бүгінде ол Наманганның «Навбахор» клубының намысын қорғап жүр. 2018 жылы ұлттық команда сапына қабылданған Юсупов содан бері 43 кездесуге қатысып, өз қақпасына 30 доп жіберіп алды. 
Соңғы жаңалықтар