Мемлекет басшысының тапсырмасына орай елімізде азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту, адам капиталын дамыту әрі әлеуметтік тұрақтылықты нығайту жөніндегі іс-шаралар іске асырылып келеді. Жұмыскерлердің кәсіби дамуына, отбасыларды қолдауға сондай-ақ өңірлердің тұрақты дамуына жағдай жасай отырып, бұл міндеттерді шешуге еліміздің ірі жұмыс берушілері елеулі үлес қосып отыр.
Азаматтарға жұмыс орнын ұсынушы іргелі ұжымның бірі – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ. Ұлттық компанияның әлеуметтік саясаты ардагерлер мен жастарды қолдаудан бастап теміржолшылар тұратын сондай-ақ жұмыс істейтін елді мекендерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға дейінгі бағыттардың кең ауқымын қамтиды. Өңірлерде өмір сүруге қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді. Сонымен «Wabtec» компаниясымен бірлесіп Сексеуіл мен Шалқарда шығармашылық орталық пен өнер мектебін салу бағытында ауқымды жобалар іске асырылып отыр. Жаркентте Алтынкөл – Жетіген темір жол учаскесін жаңғырту аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ облыс әкімдігімен бірлесіп және «Теміржол жөндеу» ЖШС көмегімен салған 140 орындық балабақша ашылды. Бұл нысандар жұмысшылар мен отбасыларының өмір сүру сапасын жақсартып қана қоймай, елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етеді.
Сала ардагерлерін қолдау маңызды бағыттың бірі. Бүгінде компания 45 мыңнан астам зейнеткерге медициналық көмек, санаторлы-курорттық емдеу және мерейтойлық төлемдерді қосқанда әлеуметтік қолдау көрсетіп келеді. ҚТЖ ардагерлер кеңесі мен Ардагерлердің консультативтік кеңесі арқылы ұрпақтар байланысы сақталуда, ал ардагерлердің кәсіби тәжірибесі жас мамандарды даярлауда сұранысқа ие. Жұмысшылардың отбасыларына қолдау білдіру әрдайым назарда. Биыл ҚТЖ балаларды сауықтыру лагерьлеріне тегін жол жүруімен 7 372 жолдама сатып алды. Жалғызбасты ата-аналарға атаулы көмек көрсетіледі, мектеп түлектерінің ата-аналарына қосымша ақылы демалыс күндері беріледі. Дәстүрге айналған балаларды қорғау күніне орай ауқымды іс-шаралар өткізіледі. Биыл ҚТЖ басқарма төрағасының тапсырмасымен шалғай стансаларда тұратын теміржолшылардың көпбалалы отбасыларынан шыққан жүз бала зияткерлік және шығармашылық дамуға, сондай-ақ белсенді демалысқа ықпал ететін велосипедтер, LEGO конструкторлары және басқа да дамытушы жиынтықтар алды.
Елдің барлық өңірінде балалары оқуда, спортта және шығармашылықта елеулі нәтижелерге қол жеткізген қызметкерлердің отбасыларын құттықтау ұйымдастырылды. Өскелең ұрпақты қолдау кәсіптік бағдар беру жұмысын да қамтиды. Компания мектеп оқушылары мен студенттерді теміржол мамандықтарымен таныстыра отырып, өндірістік нысандар мен салалық мұражайға экскурсиялар ұйымдастырады. Биыл ҚТЖ орталық музейіне 400-ден астам жоғары сынып оқушылары мен колледж студенттері келді. Балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамыту маңызды орын алады. Компанияда теміржол кәсіптерін танымал етуге және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға ықпал ететін «Теміржол балалар көзімен» тақырыбында бейнеконкурстары мен шығармашылық байқау өткізіледі.
Осы жылы компания теміржол саласына қызығушылығы жоғары 6 жасар Әнуар Әбсаттаров пен 11 жасар Әмір Жанғалиевтің тілегін орындап, оларды локомотив кабинасында сапарлауға мүмкіндік жасады және деполарды аралатып экскурсиялар ұйымдастырды. Сонымен қатар ҚТЖ 100 жас спортшы-теміржолшы арасында шағын футболдан республикалық турнир өткізді.
Жас кадрларды даярлау да маңызды. Жастар саясатының 2023–2026 жылдарға арналған бағдарламасы шеңберінде жас қызметкерлердің кәсіби және басқарушылық құзыреттерін дамытуға бағытталған жобаларды іске асырып жатыр. Олардың қатарында «ҚТЖ-ның 100 жас есімі» жас мамандарды дамыту бағдарламасы, «Жас үздік маман» кәсіби шеберлік конкурсы, «Теміржол білгірлері» интеллектуалды лигасы, «Моя PROFессия» және «Zaman AI» конкурстары, сондай-ақ КВН корпоративтік қозғалысы және «ГалстукOFF» медиа жобасы бар. Бұқаралық спортты дамыту сонымен қатар компанияның әлеуметтік саясатының басым бағытының бірі. Биылғы қаңтар-мамыр айлары аралығында 9,2 мыңнан астам жұмысшы спорт секцияларында жаттығулармен қамтылды. 7,1 мыңнан астам адамның қатысуымен 197 спорттық іс-шара өткізілді. Компания қызметкерлері халықаралық жарыстарда ҚТЖ мен ел атынан оң нәтиже көрсетіп келеді. Сонымен қатар корпоративтік волонтерлік белсенді дамып отыр. Теміржолшылар қайырымдылық және экологиялық акцияларға қатысып, ардагерлер мен зейнеткерлерге жәрдемдеседі, әлеуметтік мекемелерге қолдау көрсетеді және өңірлік өзара көмек жобаларын жүзеге асырады. Өткізілген іс-шаралардың қатарында – Астанадағы Паралимпиадалық орталықты қолдау, Қарағандыда «Құстарға көмектесеміз» экологиялық акциясы, Рамазан айында ораза ұстаушыларға құрма мен су тарату, «Жүректен жүрекке» және «Жақсылық жасап жарысайық» өңірлік игі істер марафондары, сондай-ақ атаулы әлеуметтік-тұрмыстық көмек көрсету және ардагерлер мен зейнеткерлерге азық-түлік себеттерін тапсыру сынды игі іс бар.
Тәжірибе көрсеткендей, бүгінде ірі жұмыс берушінің әлеуметтік жауапкершілігі еңбек ұжымы алдындағы міндеттемелерді орындау шеңберінен асып түседі. Сөз адам капиталын дамытуға жағдай жасау, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және адамдардың өмір сүру сапасын арттыру туралы болып отыр. Сондықтан да ҚТЖ-ның әлеуметтік жобалары корпоративтік саясаттың бір бөлігі ғана емес, сонымен қатар елдің тұрақты дамуына қосқан үлесі саналады.