Бүгін елдің 16 өңірінде жаңбыр, найзағай, бұршақ, екпінді жел және аптап ыстық күтіледі, деп хабарлайды Egеmen.kz.
Алматыда күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнайды.
Шымкентте де өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады. Жел екпіні 15-20 м/с-қа дейін күшейеді. Қала аумағында жоғары өрт қаупі сақталады.
Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы, Жетісу және Павлодар облыстарында күн қатты ысиды. Кей өңірлерде ауа температурасы 35-38 градусқа дейін көтеріледі.
Ақмола, Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, дауыл соғуы мүмкін.
Қарағанды, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жаңбыр мен найзағай күтіледі. Желдің күшеюі болжанып отыр.
Түркістан, Жамбыл, Алматы және Жетісу облыстарының таулы және тау бөктеріндегі аудандарында өткінші жаңбыр жауып, найзағай болады.
Қызылорда мен Түркістан облыстарының жекелеген аудандарында шаңды дауыл көтерілуі мүмкін.
Маңғыстау облысының батысы мен орталығында түнде және таңертең тұман түседі.
Синоптиктердің мәліметінше, Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Жетісу, Алматы, Түркістан, Қызылорда және басқа да бірқатар өңірде жоғары және төтенше өрт қаупі сақталып отыр.