Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Қазақстанның Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева әлеуметтік желіде жазба жариялап, бала – ең жоғары құндылық екенін, балаларға қамқорлық жасау – мемлекеттің басты басымдығы екенін атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бала қорғау және қолдау мәселелеріне әрдайым ерекше көңіл бөледі. Әр баланың өмірі маңызды, оның құқықтары, әл-ауқаты, қауіпсіздігі мемлекет қорғауында. Осы мақсатта елімізде барлық қажет заң қабылданып, арнайы қызметтер құрылды және әлі де құрылып жатыр. Әрқайсыңыз балалар қорғаушысы бола аласыздар. Ең бастысы – өзіңізге немесе басқа балаға көмек қажет болған жағдайда бұл туралы айтуға және хабарлауға қорықпаңыздар», деді Д. Зәкиева.
Конституциялық Сот: Балалардың заңды мүдделерін қорғау – басым бағыт
Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің еске салуынша, бүгінде Қазақстанда бала құқықтары заңнамалық және институционалдық деңгейлерде бекітілген. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен, кейінгі бірнеше жылда балаларды қорғау жүйесі мен инфрақұрылымын қалыптастыруға бағытталған маңызды реформалар жүргізіліп, заңдар мен бағдарламалар қабылданды. Д. Зәкиеваның айтуынша, қолданыстағы барлық механизмдер мен алдағы жылдарға арналған іс-қимыл жоспары, жұмысты жетілдіру, жаңа тәсілдерді енгізу, қызметкерлерді оқыту, жалақы арттыру, сондай-ақ қауіпсіздік, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және білім беру салаларындағы өзекті міндеттерді шешу мәселелері жыл басында қабылданған «Қазақстан балалары» ұлттық стратегиясы мен бағдарламасында көрініс тапты.
«Балаларды қорғау саласындағы ең маңызды оқиғалардың бірі – 2024 жылдан бері жүргізілген жұмыс нәтижесінде әр өңірлік әкімдіктер құрылымында Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларының құрылуы. Олардың құрылуы мен қызметтері «Бала құқықтары туралы» заңда бекітілді, барлық қажет рәсімдер өтіп, қаулылар қабылданды, құрылым мен штат қалыптастырылып жатыр. Бұл – балаларды қорғау саласы үшін үлкен жетістік. Бұған дейін жергілікті атқарушы органдар жүйесінде балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын жеке құрылым болған жоқ. Осыған байланысты біз сіздерді өңірлік Балалардың құқықтарын қорғау басқармаларымен таныстырып, пайдалы ақпаратпен бөліскіміз келеді», деп түйіндеді Бала құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева.
Аида Балаева: Бала қауіпсіздігі – мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі