• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту

Астанада отандық өндірушілердің «ULTTYQ ÓNIM – 2026» атты ірі көрмесі ашылды

EXPO халықаралық көрме орталығында қазақстандық өндірушілердің жыл сайынғы IX «Ulttyq ónim – 2026» көрмесі басталды. Биылғы көрме осы уақытқа дейін өткізілген көрмелердің ең ауқымдысы, деп хабарлайды Egemen.kz

Көрме алаңында Қазақстанның барлық өңірінен келген 600 тауар өндіруші өз өнімін ұсынды. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен екі есе дерлік артық.

Салтанатты ашылу рәсіміне ҚР Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық өкілдері қатысты.

Көрменің ашылуында Серік Жұманғарин Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновтің үндеуін оқыды.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканың өсуіне тың серпін беріп отырған шағын және орта бизнесті дамытуға әрдайым ерекше көңіл бөліп келеді. Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті қолдау мен оған қолайлы жағдай жасауға, іскерлік белсенділікті кеңейтуге және еліміздің экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған кешенді шаралар дәйекті түрде жүзеге асырылуда», - делінген Олжас Бектеновтің үндеуде. 

Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік қолдау шараларының ішінде бизнестің қаржыландыруға және жеңілдетілген несиелеу құралдарына қолжетімділігін кеңейтуге ерекше назар аударылады. 2025 жылы «Даму» қоры арқылы бизнесті қолдауға 560 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған. Осының арқасында 13 мың ШОБ жобасы жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге мемлекеттік қолдау шарасымен қамтылып отыр. Жүзеге асырылған шаралар нәтижесінде 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашылып, өнім шығарудың 27,7 трлн теңгеге және салық түсімінің 2 трлн теңгеге жуық өсуін қамтамасыз етті.

Экономиканың нақты секторын дамытудың негізгі тетігінің бірі «Инвестицияға тапсырыс» бағдарламасы деп аталады. Оның негізгі міндеті – импортқа тәуелділігі жоғары салалардағы жобаларды қолдау және ішкі нарық пен экспортқа бағдарланған жаңа өндірістер құру.

Бағдарламаны жүзеге асыруда «Бәйтерек» холдингінің институттары мен «Даму» қорына басты рөл берілген.

«Кәсіпкерлерді қаржыландыру мен қолдаудың қолжетімділігін арттыру үшін "Даму" қоры кепілдік беру құралдарын едәуір кеңейтті. Өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарының жабдықтарын жаңғырту үшін "Өрлеу" және "Өрлеу-лизинг" жеңілдікпен несиелеу бағдарламалары арқылы қолдаудың нарықтық тетіктерін күшейтті. Сондай-ақ "Іскер аймақ" бағдарламасы жүзеге асып жатқан шағын қалалар мен ауылдарда микро және шағын бизнесті кешенді қолдау бағдарламасын іске қосты. Қордың өңірлік филиалдарының базасында біз "Бәйтерек" холдингінің бизнесті қолдаудың барлық бағдарламалары бойынша бірыңғай фронт-кеңселер құрдық, ал шалғай аудандар үшін мобильді фронт-кеңсе мақсатындағы арнайы шағын автобустар іске қосылады, онда мамандар кәсіпкерлерге кеңес беру үшін шалғай аудандарға баратын болады», - деп атап өтті «Даму» қорының басқарма төрағасы Фархат Сәрсекеев.

2025 жылы «Даму» Қоры арқылы бизнесті дамытуға 560 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Нәтижесінде жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеге 13 мыңға жуық жоба қолдау тапты. Осы шаралардың арқасында 14 мыңнан астам жаңа жұмыс орны құрылып, 143 мыңнан астам жұмыс орны сақталды.

Қиындыққа тап болған кәсіпкерлерді сүйемелдеуге ерекше назар аударылады. Осыған байланысты «Даму» қоры жанынан «оңалту орталықтары» құрылуда. Онда бизнес тұрақтылығын қалпына келтіру үшін қаржылық, консультациялық және ұйымдастырушылық қолдау ала алады.

«Ulttyq ónim – 2026» көрмесі ЭКСПО ХКО-да 24 мамырға дейін жалғасады. Осы күндер бойы ол B2B-кездесулер, панельдік сессиялар, шеберлік сыныптары мен қазақстандық бизнестің жетістіктерін көрсету үшін тиімді алаңға айналады. 

Соңғы жаңалықтар