Биыл Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Жаңа оқу орны Alem.АІ (ЭКСПО) базасында орналасады. Университет 1500 студентке лайықталған, деп хабарлайды Egemen.kz.
Студенттер ұлттық жасанды интеллект инфрақұрылымына, соның ішінде alem.cloud, AlemLLM және Astana Hub ресурстарына қол жеткізе алады.
«ЖИ университеті 2026 жылдың қыркүйек айынан бастап магистратура бағдарламасы бойынша оқытуды жоспарлап отыр. Бакалавриат және докторантура бағдарламаларын ашу мәселесі қосымша пысықталады», дейді Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік мәліметінше, университет шетелдік студенттерді қабылдауды жоспарлап отыр. Осы бағытта көптілді оқыту жүйесін, шәкіртақымен қолдау бағдарламаларын және шетелдік талапкерлерге арналған кәсіби бағдар беру қызметін қамтиды.
«Кадрларды даярлау жасанды интеллект, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ақпараттық қауіпсіздік, AI+X және басқа да сабақтас бағыттар бойынша жүзеге асырылады. Білім беру бағдарламалары жасанды интеллект технологияларын экономиканың түрлі салаларында қолдануға бағдарланады», делінген министрліктің ақпаратында.
Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы білім беру бағдарламаларының дамуы мен білім алушылар контингентінің ұлғаюын ескере отырып, кезең-кезеңімен қалыптастырылады. Осы мақсатта отандық және шетелдік оқытушыларды, визит-профессорларды, сондай-ақ халықаралық академиялық және кәсіби тәжірибесі бар мамандарды тарту жоспарланып отыр.
ЖИ дәуіріндегі мектеп: Оқушыларға пайдасы мен қаупі қандай?
Министрлік мәліметінше, қазіргі таңда университетке нақты мемлекеттік грант бөлінген жоқ. Тегін оқу тек серіктестік келісімдер мен демеушілік гранттар шеңберінде қарастырылған.
Әлемдік сарапшы Ли Кай Фу Алматыда ЖИ бойынша сабақ өткізді
Айта кетейік, Алматыда әлемдік деңгейдегі Innotech университеті ашылды. Бұл жоба Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары барысында қол жеткізілген келісімдердің нәтижесінде жүзеге асып отыр.