Бақбақ гүлін жұлғаны үшін 13 млн теңгеге жуық айыппұл салынады деген ақпарат тарады. Алайда бұл тыйым бақбақтың барлық түріне емес. Бұл Қызыл кітапқа енген сирек кездесетін өсімдікке ғана қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұркен Шәрбиев заңнамада тек Қызыл кітапқа енген көксағыз бақбағын жоюға қатаң жаза қарастырылғанын айтты.
Оның сөзінше, аталған өсімдік сирек кездесетін әрі жойылып кету қаупі бар түрлер қатарына жатады. Сондықтан оны жұлғаны немесе жойғаны үшін 3000 АЕК көлемінде айыппұл белгіленген. 2026 жылғы есеп бойынша бұл сома 12 975 000 теңгені құрайды.
«Бұл – жойылып кету қаупі жоғары сирек өсімдік. Осындай заңсыз әрекеттердің алдын алу үшін айыппұл мөлшері 2019 жылы депутаттардың бастамасымен 10 есе көбейтілді», деді вице-министр Үкіметтегі брифингте.
«Қызыл кітаптың» бесінші басылымы жарық көреді
Министрлік мәліметінше, көксағыз бақбағы негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде өседі.
Сондай-ақ Қазақстанда Қызыл кітапқа енген жабайы қызғалдақтарды жұлғаны үшін 11 млн теңгеден астам айыппұл қарастырылған.
Сирек кездесетін саңырауқұлақтар табылды