АҚШ-тың Нью-Йорк штатында ауыр қылмыс жасаған кейбір сотталғандарды мерзімінен бұрын босатуға мүмкіндік беретін екі жаңа заң жобасы қарастырылып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Жергілікті заң шығарушылар ұсынған бастамалар қабылданса, жасы 55-тен асқан және кемінде 15 жыл түрмеде отырған сотталушылардың істері мерзімінен бұрын босату комиссиясында қайта қаралуы мүмкін. Бұл талаптар қылмыстың ауырлығына қарамастан қолданылуы ықтимал.
Екінші заң жобасы бойынша, сотталғандар «қоғамға тікелей қауіп төндірмейді» деп танылса, оларды шартты түрде босату мүмкіндігі кеңейтіледі. Сонымен қатар босатылған адамдар қоғамдық бақылауда болады, ал өтініштері қабылданбаған жағдайда себептері жазбаша түрде түсіндірілмек.
СҚО-да колония бастығы қылмыскерден пара алды деген күдікпен ұсталды
Сарапшылардың пікірінше, бұл өзгерістер қоғамда үлкен пікірталас тудырып отыр. Кейбір мамандар мұндай қадам қылмыс қайталану қаупін арттыруы мүмкін екенін ескертеді.
Егер заң қабылданса, бұл ереже өмір бойына сотталған кейбір ауыр қылмыскерлерге де әсер етуі мүмкін. Мерзімінен бұрын босап шығуы мүмкін тұлғалардың арасында бүкіл Американы дүр сілкіндірген бірқатар қатыгез қанішерлер бар. Олардың қатарында ең алдымен 1980 жылы 8 желтоқсанда Нью-Йорктегі қонақ үй маңында танымал әнші, композитор Джон Леннонды атып өлтірген Марк Дэвид Чепмен бар. Сонымен қатар 1976-1977 жылдары Нью-Йоркте алты адамды өлтіріп, жеті адамды жаралағаны үшін жазасын өтеп жатқан «Сэмнің ұлы» лақап атымен танымал Дэвид Берковиц пен 1993 жылы Лонг-Айленд теміржолындағы атыс кезінде алты адамның өмірін қиып, 19 адамды жаралаған сериялы қанішер Колин Фергюсон да осы тізімге ілігуі мүмкін
Қазіргі таңда құжаттар Нью-Йорк заң шығарушы органдарында қаралып жатыр, ал шешімнің қашан қабылданатыны әлі белгісіз.