Астанада 28-30 сәуір аралығында еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі 14-ші халықаралық KIOSH 2026 конференциясы мен көрмесі өтіп жатыр. Ауқымды алаңда мемлекеттік органдар, халықаралық ұйымдар мен сарапшылар еңбек қауіпсіздігі мен жұмыскер құқықтарын қорғаудың өзекті мәселелерін талқылап отыр. Биылғы жиынның басты бағыты – еңбекті қорғауды цифрландыру және жасанды интеллектті енгізу арқылы жаңа қауіпсіздік моделін қалыптастыру, деп жазады Egemen.kz.
Конференцияның алғашқы күніндегі негізгі оқиға – «Жасанды интеллект: Қазақстан қауіпсіздіктің жаңа моделін қалыптастыруда» атты стратегиялық пленарлық сессия болды. Онда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ербол Тұяқбаев еліміздегі еңбекті қорғау жүйесін цифрландырудың қазіргі жағдайы мен даму бағыттарын таныстырды. Бағдарламаға жалпы 11 тақырыптық сессия және бизнес-ойындар енгізілген.
Іс-шараны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты және «ITECA» компаниясы ұйымдастырған.
Конференцияға мемлекеттік органдар мен халықаралық ұйымдардың өкілдері, салалық қауымдастық жетекшілері мен сарапшылар қатысып отыр. Олардың қатарында ХЕҰ, ДДҰ мамандары, сондай-ақ өндіріс пен ғылым саласының өкілдері бар.
Стратегиялық сессияда сарапшылар өндірістегі қауіпсіздікті арттыруда жасанды интеллекттің шешуші рөліне тоқталды. Әсіресе тәуекелдерді ерте анықтау, өндірістік жарақаттануды азайту және предиктивті аналитиканы қолдану мәселелері кеңінен қаралды. Сонымен бірге тау-кен және өнеркәсіп салаларында ЖИ алгоритмдерін енгізу тәжірибесі ұсынылды.
Соңғы бес жылдағы оң өзгеріс: Елімізде өндірістік жарақаттану деңгейі 8,3%-ға азайды
Ербол Тұяқбаев өз сөзінде биыл елімізде Цифрландыру және жасанды интеллект жылы жарияланғанын атап өтіп, бұл еңбек қауіпсіздігі саласына жаңа серпін беретінін айтты.
«Жаһандық сын-қатерлер жағдайында цифрлық трансформация қауіпсіз әрі лайықты еңбекке кең мүмкіндік ашады», деді бірінші вице-министр.
Оның айтуынша, соңғы жылдары өндірістік жарақаттану төмендеу үрдісін көрсеткенімен, әр оқиғаның артында адам тағдыры тұрғандықтан, алдын алу шараларын күшейту қажет. Қазақстан Халықаралық еңбек ұйымының 26 конвенциясын ратификациялап, еңбек құқықтарын қорғау бағытында бірқатар реформаны жүзеге асырды.
Вице-министр әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыруға ерекше тоқталды. Қазір елімізде Кәсіпорындардың цифрлық картасы мен Еңбек тәуекелдерінің картасы жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмыс ортасын нақты уақыт режимінде бақылайтын бірыңғай ахуалдық орталық іске қосылады.
«Еңбекті қорғауды цифрландыру – стратегиялық бағыт. Басты мақсат – әрбір азамат үшін қауіпсіз әрі лайықты еңбек жағдайын қамтамасыз ету», деді Ербол Тұяқбаев.
KIOSH 2026 бағдарламасы 29 сәуірде өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерімен жалғасады. Онда тәуекелдерді проактивті басқару, цифрлық құралдарды енгізу және өндірістегі ірі оқиғалардың алдын алу тетіктері талқыланады. Сонымен қатар практикалық тренингтер мен Safety Games форматындағы интерактивті жаттығулар өтеді.
Биылғы көрмеге 9 елден 87 компания қатысып отыр. Олардың ішінде 53 шетелдік және 34 отандық кәсіпорын бар. Көрмеге алғаш рет қатысып отырған 18 компанияның болуы еңбек қауіпсіздігі саласындағы халықаралық қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Орлов шахтасында жұмысшы қаза тапты