Ұлытау облысында Президент бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Іс-шара Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен республикалық телекөпірмен ұштасты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Аталған телекөпірге Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласының орталығынан тікелей қосылды. Оған Қазақстан халқы Ассамблеясының өңірлік филиалы өкілдері, жастар, мемлекеттік қызметкерлер, еріктілер, кәсіпорын қызметкерлері және қоғам белсенділері қатысты.
Тікелей эфир барысында Мемлекет басшысы бұл бастаманың ұрпақ алдындағы маңызы зор екенін атап өтті. Ол өз сөзінде:
«Біртұтас құндылықтар жүйесін құрайтын «Таза Қазақстан», «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттары қоғамдық өмірде берік орнығуы тиіс. Бұл бастамаларды кеңінен насихаттауға танымал әрі беделді азаматтарды белсенді тарту қажет. Ал осы идеяның негізгі қозғаушы күші – жастар. Экологиялық мәдениетті ерте жастан қалыптастыру аса маңызды. «Таза Қазақстан» халықтың өмір сапасы мен әл-ауқатын арттыруға бағытталған ұлттық идеяға айналуы тиіс», деп атап өтті.
Астанада Тазару күніне орай ауқымды сенбілік өтті
Телекөпір аяқталғаннан кейін қатысушылар ағаш отырғызуға кірісті. Акция аясында Жезқазған қаласындағы саябаққа 275 түп, ал Жошы хан тарихи-мәдени кешенінің аумағына 510 түп жас көшет отырғызылды. Жалпы облыс бойынша бір күнде 1550 түп жасыл желек егілді.
Айта кету керек, Ұлытау облысында елді мекендерді көгалдандыру, аумақтарды абаттандыру және экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Жыл басынан бері жеті рет сенбілік өткізіліп 20 мыңнан астам адам, 1551 ұжым және 416 техника жұмылдырылып, 2749,9 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар 700,7 гектар аумақ тазартылып, 10 894 түп ағаш отырғызылды.
Тоқаев «Таза Қазақстан» акциясына белсенді қатысқан азаматтарды марапаттады
Ұлытау облысы