Астанада бірқатар ел басшыларының қатысуымен өткен Өңірлік экологиялық RES 2026 саммиті аясында жасыл технологиялар көрмесі ұйымдастырылып, онда М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары өздерінің бірегей ғылыми жобаларын ұсынды. Ауқымды жиын экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, табиғи ресурстарды тиімді пайдалану және жасыл энергетиканы дамыту мәселелерін талқылауға арналды, деп жазады Egemen.kz.
Халықаралық саммитке Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан, Армения, Грузия, Әзірбайжан мемлекеттерінің басшылары, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымы мен өзге де халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Жиында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тұрақты болашақ, ортақ – көзқарас» тақырыбында баяндама жасап, экологиялық сын-қатерлердің алдын алуда бірлескен әрекеттің маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев: Біз үшін экологиялық қауіпсіздік ұзақмерзімді даму стратегиясының арқауы
Саммит аясында форумдар, халықаралық кездесулер, сарапшылар пікірталастары және «жасыл» стартаптар байқауы өтті. Жалпы, шараға әлемнің 30 елінен 240-тан астам қатысушы жиналып, 120-дан аса павильонда озық жобалар таныстырылды.
RES 2026 EXPO халықаралық көрмесінде отандық жоғары оқу орындары да өздерінің ғылыми жетістіктерін паш етті. Мемлекет басшысы өзге ел жетекшілерімен бірге павильондарды аралап, ұсынылған жобалармен танысты. Сонымен қатар Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек отандық университеттердің инновациялық әзірлемелеріне жеке тоқталып, олардың әлеуетін жоғары бағалады.
Көрмеде М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің ғалымдары экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған 5 бірдей нақты жобасын ұсынды. Атап айтқанда:
– қалалық ортаны абаттандыру және ауаны тазарту технологиялары; – техногендік қалдықтар негізінде капсулаланған фосфорқұрамды тыңайтқыштар өндіру; – хризотил-асбест өндірісі қалдықтарын кешенді өңдеу; – жер асты суларын тазарту және ауыз сумен қамтамасыз ету; – топырақ ылғалдылығын реттеу арқылы оның құнарлылығын арттыру шешімдері.
Министр Саясат Нұрбек ұсынылған жобалармен егжей-тегжейлі танысып, олардың өндірісте қолдану мүмкіндігі мен экологияны жақсартудағы маңызын ерекше атап өтті. Сондай-ақ ғалымдармен ашық пікір алмасып, ғылыми бастамаларды нақты секторға енгізу мәселелерін талқылады.
Астанада Халықаралық су ұйымын құру бойынша консультациялардың бірінші кезеңі өтеді
Жалпы, EXPO алаңы жасыл технологиялар мен ғылыми жаңалықтардың тоғысқан ортасына айналды. Бұл бастама қоршаған ортаны қорғау мен тұрақты дамуды қамтамасыз етуде ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын айқын көрсетті.