Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында ересектер арасында бокстан Азия чемпионаты аяқталды. Екі аптаға ұласқан бәсекеде боксшылар құрлық үздігі атануға барын салып, жалпыкомандалық есепте 1-орынға ие болды. Еліміздің ерлер құрамасы Азия чемпионатынан 3 қола, 1 күміс, 4 алтын медаль олжалады.
Әлқисса, бұл Азия чемпионатының өзіндік мәні зор, ерекшелігі де басым. Олай болатыны Дүниежүзілік бокс ұйымы (World Boxing) құрылған үш жылдың ішінде құрлық додасын өзі бас болып алғаш рет ұйымдастырды. Азияның о шеті мен бұ шетіндегі барлық елге сауын айтылған. Ұзын-ырғасы 21 елден боксшы додаға түсті.
Жылқы жылындағы дақпырты басым, даңқы жоғары додалардың бірегейі саналатын құрлық чемпионатына ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Насанов кіл жүйрігін бәйгеге салды. Жаттықтырушылар ұжымы кеңесе келе әр салмақ дәрежесінде тегеурінді саңлақтарға сенім артты. Сенім қаншалықты ақталғанына тоқталсақ.
50 кг салмақ дәрежесінде әлемнің екі дүркін чемпионы Санжар Тәшкенбай күтпеген жерден үндістандық Вишванаш Сурешке есе жіберді. Жеңілгенде де төрешілер қарсыласының айқын басым түскенін бағалап, 0:5 есебі тіркелді. Санжар 2021 жылы Азия чемпионы атанып, 2024 жылы күміс медаль еншілеген еді. Әлі де бір қайнауы кемшін екені көзге ұрып тұрды. Құрлық біріншілігінен Ерасыл Жақпековке (80 кг) де жүлде бұйырмады. Ширек финалдық айқаста Өзбекстан боксшысы әлем чемпионы Фазлиддин Еркинбоевке есе жіберді. 2024 жылы Азия чемпионатының күмісін еншілеген жерлесіміз тегеурінді қарсыласының шеңгелінен шыға алмады.
Моңғолия төрінде кімдерге жүлде бұйырды? Әлемнің екі дүркін чемпионы Махмұд Сабырхан (55 кг) Азия чемпионатының қола медалін еншіледі. Ширек финалда сыралғы қарсыласы өзбекстандық Шахзод Мұзафаровты ығыстырып, жартылай финалға жеткен еді. Моңғолия боксшысы Билгуунсайхан Хархууге есе жіберді. Моңғол боксшысының бұған дейін шыққан биігі – әлем чемпионатының ширек финалы. Ал Махмұд 2024 жылы Азия чемпионы атанды, 2022 жылы финалда сүрініп, күміс жүлде еншіледі. Жерлесіміздің әлемдік додаларды даралана қоймаған қарсыласына есе жіберуі біраз жайтты аңғартса керек. Ертуған Зейнуллинов (65 кг) Азия чемпионатына алғаш рет қатысып, қола жүлде бұйырды. Алдымен тайпейлік Ю.Линді жеңіп, ширек финалда қырғызстандық Мирзохид Имамназаровты сүріндірген. Жартылай финалда таиландтық Бунджонг Синсриге есе жіберді. Қоржынға үшінші қола медальды Сағындық Тоғамбай (90 кг) салды. Ширек финалда қытайлық Хан Хуеженнен басым түскенімен, жартфылай финалдық жекпе-жекте өзбекстандық Халимжон Мамосалиевке есе жіберді. 2024 жылы Азия чемпионы атанған саңлақ сол биігіне екінші рет ат байлауға аттанып еді, бұйырғаны қола медаль болды.
Азия чемпионатының финалдық сынына бес боксшымыз шыққан. Төрехан Сабырхан (70 кг) ересектер арасындағы алғашқы Азия чемпионатының финалдық бәсекесінде сүрініп, күміс медальды місе тұтты. Алтын жүлде жолындағы тартыста алдымен тәжікстандық Шамшиер Саидовты жеңді, жартылай финалда қытайлық Пейченг Уангты ығыстырды. Ал финалдық тартыста иорданиялық Зейад Ишаишті еңсере алмады.
Оразбек Асылқұлов (60 кг) екі жыл бұрын Азия чемпионатының күмісін қанағат тұтып еді. Бұл жолы Ұлан-Батыр рингінде дауыл тұрғызды. Әлем чемпионы Оразбек алдымен Филиппин елінің боксшысы Пол Джулифер Басконды бет қаратпай жеңді. Ширек финалдағы қарсыласы жапон Шунсуке Китамото жарақатын желеу етіп, айқастан бас тартты. Ал жартылай финалдық сайыста өзбекстандық Абдурахман Махмуджановты 3:2 ұпайымен еңсерді. Алтынды қанжығасына бөктерер жекпе-жекте үндістандық Сачин Сачинді сілелетіп жеңісті жұлып алды. Қазақ боксының тарихында Оразбекке дейін 60 кг салмақта Нұржан Кәрімжанов (1999), Айдар Әмірзақов (2011), Берік Әбдірахманов (2013) топ жарған еді.
Қанжығамызға екінші алтын медалды Сабыржан Аққалықов (75 кг) бөктерді. Жастардан ересектер сапына енді ауысып, бой үйретіп алған боксшы тегеурінді қарсыластарын бұйым құрлы көрген жоқ. Тіпті бір-екеуін зілдей соққысымен сұлатып салып, нокдаунға да түсірді. Ширек финалда жапон Тайга Ягиді ығыстырса, жартылай финалда Моңғолия боксшысы Далай Ганзоригті 1-раундтың өзінде екі рет нокдаунға түсірді. 2-раундта рефери жекпе-жекті тоқтатты. Финалдық тартыста өзбекстандық Жавохир Абдурахимовты айқын жеңіп, алтын медаль еншіледі. Сабыржан 2022 жылы жастар арасында Азияның үздігі атанған еді, енді ересектер қатарында да қара үзіп отыр. Бұл салмақта 1994 жылы Аркадий Топаев, 2004 жылы Генадий Головкин, 2013 жылы Жәнібек Әлімханұлы, 2019 жылы Тұрсынбай Құлахмет Азия чемпионатының алтынын олжалады.
Әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбайға бұйырмай келген бәйгенің бірі Азия чемпионатының алтын медалі еді. Кемшін соққан тұсын саңлақ Ұлан-Батырда бүтіндеді. Жеребе оңтайлы түсіп, айқасты бірден жартылай финал кезеңінен бастаған жерлесіміз моңғол боксшысы Бариахаан Доржды сүріндіріп, финалдық тартыста өзбекстандық Жасурбек Юлдошевты жеңді. 85 кг салмақта 2024 жылы Бекзад Нұрдәулетов Азия чемпионы атанған еді.
Нұрбектің сыңары Айбек Оралбай аса ауыр салмақта (+90 кг) Азия құрлығының үш дүркін чемпионы атанды. 2022, 2024 жылдары өзінің теңдессіз екенін көрсеткен оғлан биыл да бабында жүргенін аңдатты. Ұлан-Батыр рингінде Айбек ширек финалда өзбекстандық Арман Махановты, жартылай финалдық тартыста түрікменстандық Довлет Исламовты жеңсе, финалдық сайыста Қытай елінің сенімін арқалаған Данабек Байқоныстан басым түсті. Қазақ боксшыларының арасында Азия чемпионатында үш мәрте топ жарған тек Василий Левит еді, Айбек те сол межеден көрінді. Осы Азия чемпионатында аса ауыр салмақта төрт бірдей қазақ боксшысы тартысқа түсті. Арман мен Данабектен өзге Моңғолия ұлттық құрамасының сапында Бекнұр Қали бағын сынады.
Еліміздің әйелдер құрамасы Азия чемпионатынан 2 алтын, 1 күміс, 2 қола медаль еншілесе, жігіттер 4 алтын, 1 күміс, 3 қоламен жүлдені бөктерді. Жалпы командалық есепте 6 алтын, 2 күміс, 5 қола медальмен көш бастадық. Үндістан боксшылары 5 алтын, 3 күміс, 8 қола жүлде алып екінші сатыға орнықса, Өзбекстан спортшылары 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль еншілеп үштікті түйіндеді.