Үлкен әдебиетте айнымас бір белгі бар. Қас дарынның төлтума шығармашылығынан бір бөлек, мифтік Иппокрена бастауынан шөлін басқан, әлемдік сөз өнерінің жауһар үлгілерінен шабыттану қасиеті құстың қос қанаты тәрізді биікке ұмтылдыратыны айқын. Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ, әлемдік әдебиет Құс Жолы тәрізді біртұтас екенін фон Гете өз хатшысы Эккерманмен әңгімесінде 1827 жылы 31 қаңтарда айтқан болатын.
Ұлттық академиялық кітапханада филология ғылымдарының докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахмановтың «Алып Абай. Конгениальность. Congeniality» атты әдебиеттану еңбегінің таныстырылымы өтті. Көлемді кітап қазақ, орыс, ағылшын тілінде жарық көрді. Автор зерттеу нысанына мұқият зер салғаны айқын көрінеді.
Сауытбек Абдрахманов Абай әлемі арқылы ұлттық аударма жанрының кесек бөлігін егжей-тегжей зерттеп берген кітап осы сала бойынша жол көрсетуші. Әлем әдебиеті жалғыз әрі дара аударма жанры арқылы бірін-бірі таниды, жерасты сулары қосылып кеткеніндей бір-бірін құнарландыра түседі. Автор аударматанудың классигі атаған академик М.Л.Гаспаров М.Горький атындағы Әдебиет институтында 1-ші және 3-ші курстарда антикалық әдебиеттен дәріс оқыған ұстазым болғаны сүйінішті. Курстас студент алған беттен: «Вы, казахи, какой вклад внесли в мировую литературу?», деп сауал қойғаны ешқашан маңызын жоғалтпайтын кесек сауал екенін мойындау керек. Әлем халықтары өзара биік бақталастықта озық үлгілерді, шын дарындарды ғана қастерлеп бағалайды.
Автор Абайтануға түсу үшін Пушкинтану соқпағына түсіп кетеді, өйткені қос классик қалдырған асыл мұра қазақ әдебиеттану ғылымында даңғыл жолға айналып кеткелі қашан. Әдебиет туралы әдебиет қашанда интеллектуалдық биіктікті талап етеді. Мұндағы түйінді ой – Абай асқан ұлы ақындармен бір шоғырда тұруы үшін аударма жанры жанын салуы керек. Ол процесс басталып кеткен, алайда уақыт өткен сайын толыға, зорая түсуді талап етпек: «Айналып келгенде айтпағымыз – аударма мәселесін түбегейлі шешпесек, ауыл арасында осы жүргеніміз жүрген»; «Ал жаңа әдебиеттің бір сипаты, міндетті сипаты – аударма. Аудармасыз ұлттың сөз өнері толық бола алмайды. Сондықтан Абай ұлылығының бір қыры қазақтың кәсіби аударма өнерінің бастауында тұрғандығы, осы істің бастауында-ақ тәржіменің тамаша мектебін қалыптастырып бергендігі дейміз»; «Мұндай ойды М.Әуезов сонау 1951 жылы-ақ айтып қойған екен: «Бұл күнде өзім түсінген Абайды тану ғылымының бір нәтижесі – «Абай» романы деп білемін», деген болатын»; «Дала төсіндегі тіршілікте жігіт пен қыздың хат алысып, хат берісуінің қандай романтикалық сипаты бар екенін дәл сезінген Абайдың Пушкин шығармасынан «эпистолярлық роман» (М.Әуезов) жасауға ұмтылғаны да сондықтан»; «Телтуманы төлтумадан асырып жіберу тек Абайдай құдіретті тұлғаның ғана қолынан келсе керек. Иә, Абай аудармаларында түпнұсқадан да асып түсетін тұстар ұшырасады. Бұл – әлем әдебиетіндегі сирек жайдың бірі»; «Абай перифраздың да шебері. Оған да әсер еткен – аударма. Әсіресе Лермонтовтың аударылған өлеңдерде ақын перифраздың неше түрін көрсетеді. Қараңғы көңіл, көңілдің жүгі, улы сусын, жанға түскен жара, жалтаңдаған жас жүрек, жүйрік уақыт, еркелі қол, асау өмір, тентек өмір, жабырқаңқы сөз, тәтті үн, нәпсінің сынған қайғысы, асау той, тентек жиын... осылай кете береді»; «Қуатты тілдің басты бір белгісі – қабылдампаздығы. Қанатты сөздердің біразын да Абай аударма өлеңдерінде алып келді».
Сауытбек Абдрахманов Абайдың 125 жылдығына арналған межеден бастап шолу жасайды. Абай тұлғасына қатысты Ресей баспасөзінде жарияланған материалдар туралы деректерді қосымша материал етіп кітабына енгізудің де маңызы зор. ЮНЕСКО қағидасы бойынша айтулы тұлғалардың дөңгелек 100, 200... 500, 1000 жылдығы болмаса 150 жылдық тойланбайды екен. БҰҰ-ның бас хатшысы Федерико Майор Абай мерейтойын өткізуді қолдап қана қоймай, шығармашылығымен танысып, «Өзгенің мұңымен өмір сүретін адам» деп бағалауын автор келтірген, шынында бұл мәні өте зор ұғым.
Сауытбек Абдрахманов Абайды өзге тілдерге өз деңгейінде аударудың маңызы мен жауапкершілігін айта отырып, Әлішер Науаиды кеңестік дәуірде-ақ орыс тіліне аударуда ірі шығыстанушы ақындарды іске тартқан өзбек ағайынның көрегендігін мойындайды.
А.С.Пушкин «Мысыр түндері» атты көркем повесінде өзінің бір емес, екі түгілі, үш бейнесін салғанын зерттеу эссемде жаздым. (А.Кемелбаева. Пушкин. «Мысыр түндері», «Абай» журналы. №2.2006). Ұлы ақын және оның қос ипастасы, айналып келгенде гений біреу және ол Александр Сергеевичтың нақ өзі болатын! Классикалық әлем әдебиеті сананың қос жарылуын әжептәуір меңгерген, ал үшем болып шалықтауды шебер ойнатқан ұлы суреткер Пушкин.
Сауытбек Абдрахманов Лермонтовтың «Выхожу один на дорогу...» атты өлеңінің ғарыштық табиғатын талдап берген. Абай аудармасында қылдай мін жоқ болғасын жаңа көргендей қайран қалдыра беретіні ғажап!
Жолға шықтым бір жым-жырт түнде жалғыз,
Тастақ жол жарқырайды буға амалсыз,
Елсіз жер тұрғандай боп хаққа мүлгіп,
Сөйлесіп ымдасқандай көкте жұлдыз.
Бұл кітапта интертекст мол, өйткені зерттеуші ғалым өзге кесек зерттеушілер концепциясын қаз-қатар келтіріп, қапталдасып отырады. Абайтанудың аударма саласында сөйтіп айтылмаған дүние қалдырмайды. Абай аудармаларын метафора ретінде ірі өзенге теңесек, оған жолай құятын тарам-тарам суларды, Абайға еліктеп, «Евгений Онегин» романын қазақша сөйлеткен ақындарды қоса қамтиды. Әдебиеттанудың классикалық үлгілеріне қосылған еңбек екені осыдан көрінеді.
Абайдың ұлылармен рухани үндестігін автор конгениальдық құбылыс деген термин арқылы қарастыруы заңды. «Михай Эминеску. Диуананың ғазалы» атты эссемде: «Әр кезде өзім «Абай және әлем әдебиеті» циклімен жазған Омар ибн Аби Рабиа, Абу-ль-Аля-аль-Маарри, Хакани, Мақтымқұлы, Иоганн Вольфганг фон Гете, Уильям Блейк, Михай Эминеску – баршасы асқан ұлы ақындар болғандықтан, зерттеу үстінде Абаймен рухани үндестігі айқын шыққаны шынымен тылсым құбылыс», деп жазғанымда қылдай асыра сілтеу жоқ. Бұл тақырып маған өте қымбат.
Қазіргі қазақ әдебиетінде аударма мәселесі Димаш әнімен дүниежүзілік кеңістікке шыққаны талас тудырмайды, енді біздің ұлттың руханият қазынасына, соның ішінде әдебиетке әлем назары немесе мәдени радар анық түсті деуге әбден болады. Тереңірек қарасақ, мұндай әлемдік биікке өрлеудің түп қазығын Абай хакім салып берген екен. Бізде саяқ жүріп, жеке-жеке үлкен іс тындырып жатқан тәржімашылар шоғыры бар. Оны қазақ әдебиетінің игілігіне жаралған шоқжұлдыз десек болады. Алматы Гете-Институты білікті аудармашыларды классикалық әдебиетті аудартуға тартты. Абайдың «Ескендір» поэмасын Әділбек Әлжанов, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын жолма-жол неміс тіліне Таңсұлу Рахымбаева, Имангелді Естаев, Шырын Зухай, Салтанат Аширова аударып, редакциялауға бергені сүйінішті. Жас қазақ ақындарын неміс тіліне аударған осы топта «Айбоз» ұлттық сыйлығының лауреаты Рауза Мұсабаева бар. Мемлекет тарапынан осы жанрға айрықша мән берілсе, Аударма институты құрылса, ағылшын, испан, француз, араб, португал, т.б. шет тілдеріне аударуға даяр жастар цунами сияқты лап қояр еді. Максим Горький азамат соғысы өршіп тұрған аласапыран уақытта орыс әдебиетінің күміс ғасыры классиктерін аударма әдебиет арқылы аман сақтап қалған болатын. Бұл айналып келгенде орыс мәдениетіне, елдік рухына бағытталған рухани күш-қуатты байыта түсті. Өте ізгі үлгіге айналды. Мұндай матрица кез келген елдің төл әдебиетін байыта, биіктете беретін мемлекеттік деңгейдегі оң іс саналады.
Айгүл КЕМЕЛБАЕВА,
жазушы