Темiрхан Медетбектiң өлеңдерiнiң уәзiнi де, пiшiмi де бөлек. Ерек. Бiр қарасаң, ежелдегi жаршылардың жар шақыруына да ұқсайтындай. Ендi бiр қарасаң, әдебиетте «ақындық проза» дейтiн бар, осы ақындық прозаға да келiңкiрейтiндей. Әдетте ақындар ұйқас қуады емес пе, Темiрхан Медетбек ұйқасыңа пысқырмайды да.
Айтпақшы, «ұйқас» дегеннен шығады, Т.Медетбектiң өз өлеңдерi туралы өлеңi де бар («Менiң өлеңiм»):
Бiреулер – өлеңнiң –
Ұйқасын кiрпiштей қалап.
Сылағын қаймақтай жалап,
Мұнтаздай етiп,
Майлап жатыр.
Менiң өлеңiм
Өмiрдiң өзiндей боп
Талқаны шығып,
Iшек-қарыны
Ақтарылып
Жайрап жатыр.
Темағаңның өлеңдерi сырттай қарағанда ғана шашырап, шашылып жатқандай болып көрiнедi. Шын мәнiнде, өлеңдерi аса шымыр. Мығым. Нығыз. Ақын өзiнiң кең тынысты, құлашты ойларын ерекше екшеп, екi-ақ сөзбен жеткiзедi. Өзгелер секiлдi көпсiтiп, далитып жатпайды, қара тасты сығып, суын шығарғандай етiп айтатын ойын да айрықша сығымдап айтады. Көңiл күй сезiмдерiнiң тұтас гаммасын бiр ғана тармаққа сыйғызып жiбередi. Өзгелердей оюлап, кестелеп те жатпайды, «бiр-ақ кеседi». Ұлттың қайғысы мен қасiретiн таразылап, мұңы мен мүддесiн түгендегенде де күлбiлтелемейдi. Мәймөңкелемейдi. Майыспайды, ойын iркiп қалмайды: «Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ!» (Бiз бұл пiкiрiмiздi Темiрхан Медетбектiң «Көк түрiктер сарыны» кiтабына қатысты айтып отырмыз).
Темағам мұндай форманы қайдан тапқан, қайдан алған? Көк түрiктерден. Әдетте үйренгiмiз келсе, орыс пен Еуропаны жақаураушы едiк қой, ал ендi Т.Медетбек не үшiн Көк түрiктерге құштар болып отыр? Қазақтың рухын қайта жандандыру үшiн. Қазақ руханиятындағы ежелгi ұлы сарынды: яки ұлтшылдық (жақсы мағынасындағы) сарынды, елдiк-ерлiк-отаншыл сарынды қайта тiрiлту үшiн.
Әлi есiмнен кетпейдi, 1989 жылы Мағжан Жұмабаев ақталғаннан екi айдан кейiн Қазақстан Жазушылар одағында жиын өттi. Мағжан Жұмабаевтың шығармашылығына арналған. Арнайы баяндаманы үлке-е-е-ен ақынымыз жасады. Жиын бiткеннен кейiн:
– Қалай екен? Мағжан Жұмабаев қандай ақын екен? – деп жамырай сұраймыз ғой кiлең жас әдебиетшiлер баяндамашыны қоршап алып.
– Жiгiттер, – дедi баяндамашы баяғы сол «көп бiлетiндiгiне», «бiлiмдiлiгiне» басып. – Сендердi бiлмеймiн, өз басым ешқандай жаңалық көре алмадым. Бәрi белгiлi нәрселер, белгiлi жайлар. Бiз мұны баяғыда игерiп қойғанбыз... Бәлкiм, Мағжан осыдан 20–30 жыл бұрын ақталғанда, сонда... жаңалық болар ма едi, қайтер едi... Әй, оған да күмәнiм бар...
Баяндамашының «жаңалық» дегенiнен шығады, сонда Мағжанның поэзиясындағы iрiлiк қайда қалады? Мiнез iрiлiгi! Ой еркiндiгi! Күрескерлiк рух! Бұлар жаңалық емес пе? Бәрiн қойыңызшы, Мағжанның ақындық азат рухы мен азат болмысы жөнiнде неге ләм-мим демедi баяндамашы? Мағжанның рухы – Алаштың рухы! Бiз мұндай iрiлiкке, биiктiкке, мұндай азат және өршiл рухқа, «күшiгiнде таланбаған» тәуелсiз деңгейге жүз жылда да жете алар ма екенбiз? Көрнектi ақынымыздың осыны көре алмағанына әлi күнге таңданамын...
Жасыратын түк те жоқ, бiз көбiнесе поэзиядағы түрлiк-стилдiк iзденiстерге (суреттеу тәсiлдерiне, көркемдеу құралдарына, өлең техникасына, сөз саптаудағы ерекшелiктер мен өзгешелiктерге және т.т.) мән берiп келдiк. Ал «рух» деген мәселеге, «рух» деген категорияға мән берген жоқпыз. Оны айтасыз, бiз тiптi рухқа әлi күнге дейiн жеткiлiктi түрде мән бермей келемiз.
Бiле бiлсек, рух дегенiмiз – поэзияның екiншi аты. Қазақ поэзиясы дегенiмiз – қазақ рухы. Алаш рухы. Осы тұрғыдан келгенде, Темiрхан Медетбектiң «Көк түрiктер сарыны» – аса құнды, айрықша бағалы.
Архивтiң шаңына көмiле жүрiп Шалкиiздiң мұрасын алғаш тапқан, Шалкиiздiң мұрасымен қазақ жұртшылығын да алғаш таныстырған Мұхтар Мағауин бүй дейдi: «Шалкиiздiң өлеңiн алғаш рет оқығанда... бiр сәтке демiм бiтiп қалғандай болды». М.Мағауиннiң неге демi бiр сәтке бiтiп қалады? Шалкиiз поэзиясындағы кемелдiкке, iрiлiкке! Дегдарлыққа! Құнар мен қуатқа! Өр лепеске! Өрнектi үлгiге! Өршiл рухқа!
Қазақ хандығы дәуiрiндегi әдебиеттi (Шалкиiз, Қазтуған, Доспамбет және т.б.) М.Мағауин «ұлы әдебиет» деп есептейдi және өз пiкiрiн түбейттеп дәлелдейдi де. Сол сияқты, Көк түрiктердiң тасқа қашап жазған жазбалары да – ұлы жазбалар. Ұлы ескерткiштер. Мұның ұлылығы неде? Тектiлiгiнде. Отаншылдығында. Мемлекетшiлдiгiнде. Намысшылдығында. Арлылығында. Асаулығында. Мәрттiгiнде. Өжеттiгi мен өрлiгiнде. Сөз бен сертке, уәде мен уәжге шегедей берiктiгiнде. Мазақ пен қорлықтың, мұқату мен кемсiтудiң қандай түрi болсын, қандай көрiнiсi болсын, көнбеуi мен төзбеуiнде.
Халықтың сөзi де оның өзiне, мiнезiне тартады. Көк түрiктердiң халықтық сипаты мен мiнезiне орай олардың өзiндiк сөз саптауы мен қолданысы қалыптасты. Мiне, Көк түрiктердiң осы айдынды, ханды да, қарашаны да жалт қаратқызатын айбынды сөз саптау үрдiсiн Темiрхан Медетбек бүгiнгi қазақ поэзиясына әкеп ендiрiп, сiңдiрiп жiбердi. Барша қадiр-қасиетiн сақтай отырып.
Көк түрiктер – қазiргi қазақтардың отарлауға да, бұтарлауға да түспеген, құлдық пен күңдiкке ұрынбаған, езгi мен қанаудан азат, ешкiмге тәуелдi, кiрiптар болып көрмеген ата-бабалары. Одан да нақтырақ айтсақ, Көк түрiктер – бүгiнгi қазақтар сияқты ұсақтамаған, шаяланбаған, күйкiленбеген, азбаған, азғындамаған бағзы қазақтар, арғы қазақтар. Бiз отарлау мен құлдыққа түсу арқылы, кеңестiк езгi мен алапат аштыққа ұшырау арқылы талай асыл қасиетiмiзден айырылып қалдық. Бүгiнгi күнi де құл-құтанға тән (көрбалалық, қорғаншақтық, қорқақтық, жасқаншақтық, көнбiстiк және т.т.) мiнезден арыла алмай жүргенiмiз және рас. Сөз түзелсе, тыңдаушысы да түзеле бастайды, осы тұрғыда Темiрхан Медетбектiң еңбегi ұшан-теңiз. Ол қазiргi қазақ поэзиясына Көк түрiктердiң, яғни бiздiң даңқты әрi айбынды ата-бабаларымыздың тәуелсiз рухын, ұлт алдындағы, сөз өнерi алдындағы биiк жауапкершілігін, «Бас кеспек болса да, тiл кеспек жоқ» дейтiн ұлы ұстанымын қайта алып келдi. Т.Медетбектiң «Көк түрiктер сарыны» тек ақынды ғана биiкке көтерiп қойған жоқ, сонымен бiрге қазақ поэзиясын да зау биiкке көтердi. Жаңа өрiске шығарды. Жаңа сатыға, жаңа сапаға көтердi.
Көк түрiктер сарыны – көне сарын, көне түр. Көненi жаңғырту, жаңғыртқанда да уақытқа сай, жаңа заманға, жаңа талапқа сай жаңғырту – қиынның қиыны. Бұл тұрғыда Т.Медетбек көп бейнеттендi, көп тер төктi. Көк түрiктер сарынына жаңа мазмұн дарытып, жаңа мағына үстедi. Жетiлдiрдi. Дамытты. Осылайша, жаңа форма жасады, жаңа «интеллектуалдық конструкция» (термин В.Розановтiкi) жасап шығарды. Т.Медетбектiң осы жаңа интеллектуалдық конструкция бойынша жаратқан, жасаған өлеңдерiн оқығанда, талай рет, Мұхтар Мағауин айтқандай, бiр сәтке демiмiз бiтiп қалғандай күй кештiк те.
«Мықты ақынның әрбiр өлеңi – маңызды оқиғамен парапар» дейдi К.Паустовский. Темiрхан Медетбектiң де әрбiр өлеңi – кiшiгiрiм оқиға iспеттi: жасы бар, жасамысы бар, жырсүйер қауым бiр-бiрiне телефондасып, талқылап, таласып, қызу пiкiр алысып жатады. Өз басым Т.Медетбектiң әрбiр өлеңiне сүйiнемiн. Мықты ақынды меншiктегiң кеп тұрады ғой, өлеңiн оқығаннан кейiн «Менiң Темағам» деймiн ризалықпен. Өлеңдi бағалай һәм тани бiлетiн әдебиетшiлер қауымының арасынан үлкен сүйiспеншiлiкпен, зор құрметпен «Менiң Темiрханым», «Менiң Медетбегiм» дейтiндердiң әлi-ақ көбейе түсетiнiне де кәмiл сенемiн. «Менiң Абайым», «Менiң Пушкинiм», «Менiң Әуезовiм», «Менiң Махамбетiм», «Менiң Мағжаным» деген сияқты. Бұған қазақ поэзиясының сәруары Темiрхан Медетбектiң өтiмдi һәм өмiршең жырлары мен «Көк түрiктер сарыны» атты ұлы еңбегi толық кепiл бола алады.
Әмірхан МЕҢДЕКЕ,
сыншы